Табысты туризмнен тауып, тасын өрге домалатып отырған елдер аз емес. Біздің де бұл салаға түрен саларлық қауқарымыз болғанмен, әзірге қарекетіміз аздық қылып тұр. Мысалы, мұнайдың астанасы деген атағынан ат үркетін Атырауға қонақ болып келген ағайынды «алдарқататын» орындар санаулы-ақ. Олар: Сарайшық кесенесі, Қиғаш өзенінің бойы, Жайықтың жағалауы, Махамбет Өтемісұлының мазары. Әсіресе жазда ем алып, демалып қайтатын жерлерді күндіз шаммен іздесеңіз де, көзіңізге іліктіре алмайсыз. Бұл Атырау топырағында шипалы жерлер жоқ дегенді аңғартпайды. Басқасын былай қойғанда, қойнауында Менделеевтің химиялық кестесіндегі элементтердің түгелге жуығы кездесетін Индер тұзды көлінің өзі керемет демалыс орнын салуға сұранып-ақ тұр. Тек, бір «қызығы», талайдың дертіне дауа болып, науқасынан құлантаза айықтырған, ерекше қасиетке ие көл облыстың туристік картасына енгізілмей қалыпты.
Аптап ыстықта дертіне дауа іздеп Дендер жеріне ат басын тіреген емделушілерден көлдің жағасы бір сәт те босап көрген емес. Ардагер геолог Хасан Қамашев «әсіресе таңертеңгі сағат он бірге дейін және екінді ауғасын, бестен кейін суға түскеннің пайдасы зор» дейді. Тұздыкөлдің суы натрий хлорына қаныққан. Ол – қазір көп белең алған остеохондроз ауруына, түрлі тері ауруларына, салқын тигенге, тыныс алу жолдарының ауруларына бірден-бір ем. Индер аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Анар Досбаева: «Тұздыкөлдің емдік қасиетін саралаған Ресейдің минералды сулар аймағындағы Курортология институты 1980 жылы «Индердің балшығы ферменттер мен дәрумендерге бай» деген қорытынды жасаған.
Бірақ кейін бұл құжаттар жоғалып кеткендіктен, тап қазір біздің қолымызда Тұздыкөл суының қасиеті толық зерттелген дерек жоқ. Солай бола тұрса да, бұл жерге келіп емделушілер және ауруынан айыққандар саны аз емес. Тұздыкөлдің емі, негізінен, буын ауруларынан айығуға зор мүмкіндік береді. Гинекологиялық ауруларды емдеуде де жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бірақ ашық аспан астында болғандықтан, қан қысымы жоғары немесе ауруын асқындырып алған науқастарға мұндай ем ұсынылмайды. Судың құрамындағы күкіртсутегі жүйке жүйесінің ауруларына жақсы көмектеседі», – дейді. А.Досбаева сондай-ақ 2000 жылдардың басында аудандық орталық ауруханада тұз бөлмесінің ашылғанын, бірақ тиісті лицензияның жоқтығынан жұмысын тоқтатып тұрғанын айтады.
ТҰЗДЫКӨЛ ТАҢҒАЖАЙЫБЫ
Дәріханаларда самсап тұрған атаулары да түсініксіз шетелдік дәрі-дәрмектерді тоғыта бергенше, табиғаттың өзі сыйлаған шипалы жерден ем алғанның жөні қашанда бөлек. Біздің бұл тақырыпты қаузап отырғандағы себебіміз де – сол. Іргемізде тұрған қасиетті жердің қадірін білмей, «алыстан арбалап», шетелдің курорт-санаторийлерінің «тұрақты клиентіне» айналып, өзге елдің экономикасына қызмет етіп жатырмыз. Егер осы көлдің жағалауынан жазғы маусымға арналған болса да шипажай үйі бой көтерсе, онсыз да экологиялық ахуалы мүшкіл аймақтың тұрғындарына денсаулықтарын жақсартудың тиімді алғышарты болар ма еді?
КӘСІПКЕР ҚИЯЛЫ ӘЗІРГЕ ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ
Басы ауырып, балтыры сыздап барған жұрттың сырқатынан айығуына себепші болатын Тұздыкөлді емдеу-сауықтыру орнына айналдыру мәселесі өткен ғасырдан бері шешімін таппай келеді. Кеңестік кезең тұсында Тұздыкөлге келушілерге арналған санаторий болады деп салынған ғимарат кейін аудандық ауруханаға айналып кеткен. Ендігісі, міне, ана жер-мына жерде топ-тобымен келіп көлге түсушілер, қоқыс толы жабайы жағажай. Өркениеттің ауылынан алыс жатқан бұл мекенді ғажайып орынға айналдыруды қолға алмақ болғандар көп болғанымен, ақыр соңында «баяғы жартас – бір жартастың» күйі. Енді бұл істі жергілікті кәсіпкер, «Батыс Ел» ЖШС-нің директоры Жамбыл Дәуітәлиев қолға алыпты. «Қасиеті жөнінен Ресейдегі Солецк көлімен тең түсетін Тұздыкөлдің маңынан 50 адамға арналған жазғы емдеу-сауықтыру орнын салуды ойға алып жатырмыз. Қазір емделушілер көлікпен келіп, кетіп жүр. Әдетте олар көлге түскеннен кейін осында шипасын алып, жатулары керек. Бірақ демалатын жер болмағандықтан, солай қылуға мәжбүр», – дейді ол. Әзірге қағаз күйіндегі бизнес-жобасымен таныстырған кәсіпкер барлық қажетті құралдармен жабдықталған кең де әдемі емделу орнын салып, халыққа пайдалануға беруді көксейді. Аудан орталығы Индербор кентінен он бес шақырым қашықтықта жатқан Тұздыкөлдің жағасына электр энергиясын тарту да қыруар шығынды қажет етері даусыз. Кәсіпкер Жамбыл Меңдіғалиұлы бұл мәселеден жел диірменінің көмегімен шығуды ойлапты. Егер бұл бастама оңды шешімін тауып кетер болса, әрине, жақсы.
ТҰЗ ШАХТАСЫНЫҢ АЙНАЛАСЫНДА ШАТАҚ КӨП
Индер өлкесіндегі тағы бір ерекше мәні бар орын – №99 тұз шахтасы. 300 метрден астам тереңдіктегі бұл шахтаға келіп, тыныс алу жолдары ауруларынан өз бетінше емделушілер де аз емес. Шахтадағы тұз шаңдары – қақырып-түшкірген, демікпе мен бронхитке шалдыққан адамдарды айықтыратын айрықша қасиетке ие. Алайда бұл шахтаның да бүгінгі көрген күні – күн емес. Шахта жанында үйілген бірнеше мың тонна тұз үйінділері жаңбыр мен қардың суынан еріп, айналасындағы жерді бүлдіріп жатыр. Ал іші метан газына толған. Алда-жалда от көздерінен не қысымнан шахта жарылып кетер болса, кейінгісін көзге елестетудің өзі ауыр. Кезіндегі дүрілдеген өнеркәсіп орны болған бұл шахта қазір ұстағанның қолында, тістегеннің аузында талан-таражға түсті. Біздің көңілге қорқыныш ұялататыны – дертіме дауа табамын деп келгендердің шахтадағы қауіпсіздігі сақталмағаны.
Тұздыкөл терең зерттеуге сұранып тұр
Последние статьи автора