Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. «Орта Азия мәдениет қорының» қолдауымен шаңырақ көтерген білім ордасы Алматы қаласындағы беделді ЖОО-лардың біріне айналып отыр. Университетті білікті педагог, тарих ғылымының докторы, профессор Сабри Хизметли мырза басқарады. Ол жайлы «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Аслы Осман: «Сабри Хизметли «ата жұртым» деп келген түркі бауырларымның арасында іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізіп отырған, өзі қазақ тілін меңгерген жоғары оқу орындары басшыларының бірегейі деп білемін. Бұл оқу орнының жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі алар орны ерекше», – деп айтқан болатын.
Әрине, заманға лайықты бәсекеге сай болу студенттердің алған білімінің нәтижесі арқылы бағаланатыны белгілі. Сондықтан алғаш ашылғаннан-ақ университет басшылығы білім берудің сапасын арттыру мақсатында ең алдымен жаңа талаптарға сай инновациялы білім беру мазмұнын тереңдетіп оқытатын кәсіби мамандардың білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөлді.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілген «Қазақстанда гуманитарлық-экономикалық ғылымдардың жалпы жағдайы және сапасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында түркітілдес халықтардың ортақ мұрағаттары, еуропалық білім кеңестеріне ену мәселелері сөз болды.
Сабри ХИЗМЕТЛИ, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры:
– Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өткен Қазақстан әлем таныған мемлекетке айналып отыр. Ғылым саласы да мемлекетпен бірге қарыштап дамып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Қазақстан осы бағытта нақты шараларды жүзеге асырып келеді. Таяу үш жылда ғылымға бөлінген қаражаттың мөлшері бірнеше есе өсті. Ғылымның дамуына үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап отырғаны үшін Елбасына алғыс айтамын.
«Ел ертеңінің жарқын болуы ғалымдардың жетістігіне байланысты» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзін ескерген оқу ордасы әкімшілігі маман даярлаудың үш деңгейлі білім жүйесін негізге алып отыр.
Университеттің халықаралық ынтымақтастығы үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар: шетелдік университеттермен екіжақты ынтымақтастық орнату, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы үшін гранттарды беру бойынша ақпараттық қолдау көрсету, елдің елшіліктерімен және тілдік орталықтармен ынтымақтастық көрсету. Университет Франция, АҚШ, Испания, Германия, Ресей, Қытай, биыл Италия тағы басқа елдердің ЖОО-мен әріптестік байланыста. Екіжақты білім беру бағдарламасымен білім беру жұмысын жалғастыруда. Қазіргі кезде шетелдерде өз мамандықтары бойынша қос дипломдық білім туралы шартқа қол қойылып отыр.
З.С.АҚТАМБЕРДИЕВА, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің оқу әдістеме істері жөніндегі проректоры:
– Үкіметаралық және халықаралық екіжақты алмасу келісімшарты бойынша, 50 магистрант және бакалавр шетелдерде білім алуда. Білім деңгейін және біліктілікті арттыру мақсатында биылғы оқу жылында Түркия, Қытай, АҚШ, Египет, Ресейден 15 оқытушы ғалым келді, 20 студент Қытайда, Түркияда білімін шыңдауда. Келісімшарт негізінде жыл сайын студенттеріміз туризм, аударма ісі және экономика мамандықтары бойынша Түркия мемлекетінің есебінен оқу тәжірибесінен өтіп отырады.
Университет ректоры Сабри Хизметли тәлімгерлердің әлеуметтік мәселесіне де жіті көңіл бөліп отыр. Мәселен, Қазақстандағы 149 жоғары оқу орнындағы 2500 студентке грант бөлінсе, оның ішінде 632 студент Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің жеңілдіктерімен оқиды.
Түркия мен Қазақстан арасында білім мен мәдениет көпір болып, сапа, тәртіп, тәрбие жағынан табысты жұмыс істеп, шет тілдерін терең меңгеру үшін көп іс тындырылып келе жатқан жас оқу орны. Осындай жұмыстар нәтижесінің қорытындысы бойынша 2010 жылы «TS-EN-ISO9001: 2001» Түркияның стандарттар институтының халықаралық сапа менеджменті сертификатына ие болды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ең табысты әлеуметтік-экономикалық ЖОО» тізімінде сегізінші орынға ие.
Университет жарғысы бойынша оқу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіліп, студенттер міндетті түрде қазақ-түрік тілдерін меңгеріп шығады.
Биылғы оқу жылында 30-дан астам қазақ тобына грант бөлінді, оқу қазақ, араб, ағылшын, қытай және түрік тілдерінде жүргізілді. Барлық мамандықта шәкірт қалауы бойынша екі шет тілін тегін меңгере алады.
Университет өміріндегі ерекше айтылар жайт – ұлттық құндылықтарға айрықша мән берілетіндігі. «Тіл үйрету орталығында мемлекеттік тілді толығымен меңгеруге арналған сабақтар өткізіліп, алты мамандық бойынша дайындық курстары ұйымдастырылған. Бұл курстарда 200-ге жуық азамат тілді меңгеруде. Толық курсты оқып шыққан студенттерге сертификат беріледі.
Жиналыстарда ісқағаздар түгелдей қазақ тілінде жүргізіледі.
Елбасы білім берудің сапасын арттыру үшін елімізді индустрияландыру және жалпы экономиканың дамуы үшін сапалы, жоғары, білімді, өз мамандығын жете меңгерген кадрларды дайындау қажет деген талап қойды. Қазақстан ЖОО-ның халықаралық рейтингіге кіру мәселесінің маңыздылығын көтерді, бұл дегеніміз – әлемдік білім беру талаптарына сай болу деген сөз. Бүгінгі таңда ШТ және ІКУ-де ЖОО-лардың халықаралық рейтингісіне кіруге барлық шарт жасалған. Бұған Түркия, Қытай, АҚШ, Египет, Ресей университеттерімен жұмыс істеу тәжірибеміз негіз болады. Бұл шетел тәжірибесімен танысуға, жұмыстың жаңа тәсілдерін игеруге көп мүмкіндік береді. Ғаламторға шығу әсіресе білім беру жүйесінде халықаралық теория мен практиканың жетістіктерін қолдануда, мәдениетаралық интеграцияны ұғынуда өте маңызды болып табылады.
Түркі жұртын біріктірер білім ордасы
Последние статьи автора