«ТУҒАН ЖЕР ҚҰШАҒЫНДА» атты республикалық ІІ фестиваль өтеді
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі және «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» ҚБ, «Ханум-қизлар» кеңесі, Алматы қаласы бойынша филиалы, креативті Ұйғыр әйелдерінің «Шәбнәм» РҚБ, «Қазақстанның ұйғыр жастары одағы», ҚҰ РЭМО «Аламат» продюсерлік орталығы бірлесіп, 2023 жылғы 1 маусым күні, сағат 15.00-де Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма мүшесі, белгілі ұйғыр суретшісі және педагог Марис Хитахуновтың шығармашылығына арналған «ТУҒАН ЖЕР ҚҰШАҒЫНДА» атты республикалық ІІ фестиваль – мәдени-білім беру іс-шарасын өткізеді.
Марис Хитахунов (1939-1994 жж.) еңбек жолын Ахтам ауылындағы мектепте сурет және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Кейін Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және А. Островский атындағы Ташкент театр және өнер институттарын бітірді. Ұзақ жылдар бойы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, Алматы сәулет-құрылыс институтында, О. Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет училищелерінде жұмыс істеді. Хитахунов – Қазақстан Суретшілер одағы Басқармасының, Қазақстан Мәдениет министрлігінің бейнелеу өнері жөніндегі сараптамалық комиссиясының, Қазақстан білім министрлігінің «Республикалық эстетикалық тәрбие бағдарламасын» орындау жөніндегі ғылыми-зерттеу комитетінің мүшесі, Қытай мен Қазақстан достық қоғамының мүшесі болды.
Марис Хитахунов - әдебиет әлемінде де өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан тұлға. Ол «Арман әлемі», «Үміт учкунлири», «Қош бол, жаз», «Бейнелеу өнерінің негіздері» қолжазбасы және т.б. әңгімелер жинақтары мен романдарының авторы. Сондай-ақ ұйғыр жазушылары мен балалар кітаптарының иллюстраторы ретінде де танымал. М. Хитахунов-республикалық, бүкілодақтық, Халықаралық көрмелердің қатысушысы, КСРО Өнер академиясының, КСРО Суретшілер Одағының медальдарымен және лауреат атағымен, Республиканың бейнелеу өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Суретшілер Одағының 50 жылдығына орай құрмет грамотасымен марапатталған.
Фестиваль бағдарламасында:
- Алматы қаласы мектептері мен «Аламат» продюсерлік орталығының дарынды балаларының қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама;
- «Менің балалық шағымның әлемі» асфальтта сурет салу байқауы, сондай-ақ кескіндеме бойынша шеберлік сабақтары;
- Іс-шара қатысушыларын марапаттау рәсімі.
Іс-шараға келушілер назарына суретші, педагог Марис Хитахуновтың 15 туындысы ұсынылады.