Туберкулездің де түрі көп
Денсаулық саласындағы маңызды бағыттардың бірі – туберкулезбен күрес мәселесі. Халықты туберкулезден сақтау шаралары Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Туберкулезге қарсы ұлттық бағдарлама да жұмыс істеуде. Нәтижесінде республикада туберкулездің эпидемиологиялық көрсеткіштерінің тұрақталғаны байқалады. Жалпы, халық туберкулез жайлы көп естіп-білгенімен, несіп-жыныс туберкулезі, оның дамуы, қаупі жайлы біле бермейді. Бүгінгі айтпақ ой осы жайлы болмақ.
Несеп-жыныс жүйесі туберкулезі
Қазіргі кезде несеп-жыныс жүйесі туберкулезіне шалдыққан науқастарды емдеу мен алдын алу шараларын жақсарту үшін оларды дер кезінде анықтап, емдеудің тиімділігін арттыру қажет. Өкінішке қарай, туберкулездің осы түріне шалдыққандардың көпшілігі ауру асқынған кезде ғана дәрігерге келеді. Науқастың ауруы асқынғанда ғана емге жүгінуінің басты себептерінің бірі дәрігерлердің дер кезінде туберкулездің бұл түрін анықтай алмауынан да болып жатады. Несеп-жыныс жүйесі туберкулезі анықталғанға дейін бір, бес жыл, кейде одан да көп уақыт өтеді. Өйткені сол аралықта науқастар түрлі дәрігерлерге қаралып, басқа ауруларға байланысты емделеді. Соның салдарынан нефротуберкулез созылмалы бүйрек жетімсіздігімен асқынып, науқастар мүгедектікке ұшырайды. Жалпы, емдеу мекемелеріндегі дәрігерлердің туберкулез жөнінде мұқияттығының жоқтығынан кеш анықталуының себебінен бірінші рет анықталғандарының ішінде оның асқынған түрлерінің үлесі 45-60%-ға жетіп отыр. Несеп-жыныс жүйесі туберкулезі экологиялық қолайсыз аймақтарда жиі кездеседі.
Соңғы зерттеу жылдарында несеп- жыныс жүйесі туберкулезінің аурушаңдық көрсеткіші – (100 мың адамға шаққанда) 1,73-тен 1,21-ге дейін, өлім көрсеткіші 0.03-тен 0.01-ге дейін төмендеген. Ең көп науқас тіркелген облыстар – Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, ал ең аз тіркелген – Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласы.
Несеп-жыныс туберкулезінің бірнеше түрі бар.
Бүйрек туберкулезі
Бүйрек туберкулезімен әйелдерге қарағанда еркектер жиі ауырады және оларда бүйрек туберкулезі жыныс ағзалары туберкулезімен қабаттасып келеді, өкпе және сүйек-буын жүйесі туберкулезімен бірге дамуы да мүмкін.
Бастапқы кезде дененің ыстығы 38 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік байқалып, бел аумағы сыздайды. Үдерістің өршуімен қатар несепке барғанда ашу пайда болып, несепте қан және ірің пайда болады. 10%-12% жағдайда қан кету бүйректегі жаралардың салдарынан болады. Жаңадан басталған бүйрек туберкулезін анықтау қиын. Несептің зерті және жоғарғы несеп жолдарын рентгеноконтрасты тексеру туберкулездің жеңіл өзгерістерін білдіре қоймайды. Мұндай жағдайда бүйректегі туберкулезді өзгерістерді тек қана несептің бактериоскопиялық және бактериологиялық зертінің оң нәтижесі білдіреді. Үдерістің өршуіне байланысты несепке ірің араласады. 15-20% жағдайда бүйрек туберкулезінің салдарынан орын алған уродинамикалық өзгерістердің әсерінен несептің ағуы нашарлап, бүйрек ұстамасы секілді шағымдар орын алады. Оның себебі: зәрағар қан және іріңді тығындармен бітеліп, несептің төмен қарай ағуына кедергі келтіреді.
Зәрағар және қуық туберкулезі
Зәрағар туберкулезінде несептің төмен қарай ағуы нашарлап, бүйректе несеп жиналып, түберкулезді үдеріс одан сайын өрши түседі. Зәрағардың туберкулезді зақымдануында оның сіре қабатында жаралар пайда болады, кейде ол жаралар жазылу арқылы тыртықтанады. Сол тыртықтанудың салдарынан зәрағар жіңішкеріп, несептің өтуі қиындап, бүйрек тұсында тұрақты түрде ауырсыну белгісі пайда болады. Өз кезегінде ол бүйректің тостағанша-түбекше жүйесін кеңейтеді. Оның үстіне қуық туберкулезге шалдықса, бұл үдеріс одан сайын асқынады. Қуық туберкулезінде несепке барғанда ашиды және несептің құрамында қан көп мөлшерде болады. Бұл науқастар әдетте созылмалы циститке байланысты ұзақ емделеді. Қуық ішін цистоскоппен( арнайы құрал) көріп, туберкулезге тән өзгерістерді және несепте туберкулез микобактериясын анықтау арқылы толық диагноз қойылады.
Еркектердің жыныс мүшелерінің туберкулезі
Еркектердің жыныс мүшелері туберкулезге бірінші немесе екінші кезекте шалдығуы мүмкін. Инфекция ағзаға көп жағдайда лимфатикалық жүйе арқылы таралады. Несеп жүйесі туберкулезі көп жағдайда еркектердің жыныс мүшелері туберкулезімен қабаттасып зақымданады. Еркектердің анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты олардың туберкулезге шалдығуы несеп жолдары арқылы да болуы мүмкін немесе бірінші кезекте жыныс мүшелері, содан соң несеп жүйесі шалдығуы мүмкін. Ен безі қосымшасының туберкулезге шалдығуының (туберкулезді эпидидимит) жыныс мүшелерінің басқа кеселдерінің арасындағы үлесі 20%-ды құрайды. Өкініштісі, көбінесе мұндай ауруға 20-40 жас аралығындағы адамдар шалдығып жатады.
Клиникалық ағымы екі түрде, яғни жедел және созылмалы түрде болуы мүмкін. Көбінесе созылмалы түрінде кездеседі. Бастапқы кезде ен безінде аз көлемді ісік пайда болып, бірте-бірте үлкейеді, бірақ ауру сезімі білінбейді. Екінші – жедел түрінде кесел науқастың дене ысытпасын жоғары деңгейге дейін көтеріп, ен қапшығы ауырып, сыздай бастайды. Ен қапшығы терісі қызарып, ісінеді. Содан соң жедел қабыну кезеңі өткен соң, ен безі қосымшасы кішірейіп, тегіс емес түйінге айналады. Созылмалы эпидидимит ұзақ уақыт бойы белсенділіксіз қалыпта болады, бірақ кейде қабыну үдерісі өршіп, ен безіне өтеді. Ен безі мен оның косымшасының туберкулезін анықтау анау айтқандай күрделі емес. Ен безі қосымшасы қатайып, сырты бұдырланады, ұрық түтігі қатайып, бұдырлы пішінденеді және ен безі қапшығында жыланкөзді іріңдік пайда болады. Осы белгілер ер адамдардың сыртқы жыныс мүшелерінің туберкулезге шалдыққанын білдіреді.
Простата безі мен ұрық қауашағының туберкулезі
Бұл кеселдердің жеке кездесуі өте сирек, олар несеп және басқа да жыныс жүйесі ағзаларының туберкулезімен қосарланып кездеседі. Простата безі туберкулезінің алғашқы басталғанында белгісі болмайды, ал асқынып, безде туберкулезді қуыстар пайда болғанда тік ішек аумағы сыздайды, несепке ашып барады және несеппен бірге ірің бөлінеді.
Үрпі туберкулезі простата безі мен қуық туберкулезі асқынуының салдарынан болады. Оның асқынған түрінде үрпі бір немесе бірнеше жерінен жіңішкеріп, несептің ағуына кедергі жасайды. Осы кезеңде хирургиялық ем жасалмаса, онда бүйректің жұмысы бұзылады.
Туберкулез мәселелері ұлттық орталығында (ТМҰО) науқастарды несеп-жыныс жүйесі туберкулезіне тексеруге толық мүмкіндіктер жасалған. Бұрын өкпе, сүйек-буын туберкулезіне шалдыққан науқастарда несеп зерттерінде қабыну өзгерістері тұрақты түрде сақталса, қан қысымы тұрақты түрде көтерілетін болса, фтизиоурологқа қаралғаны дұрыс. Дер кезінде анықталған несеп-жыныс жүйесі туберкулезінің емі де тиімді болмақ.
Темірәлі ЖҰМАШ, ҚР ДСМ Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының аға ғылыми қызметкері, ассоцирлі профессор