Трансплантацияны қажет ететіндер жасарып барады

А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы – дәл бүгінгі күндері күллі жұрттың назарында. Орталық мамандарының еліміздің хирургия саласында тұңғыш жасалғалы отырған отаны қолға алмақ ниеттері – шынымен де, үлкен жаңалық. Мұны отандық медицина тарихындағы елеулі оқиға дер едік.
Көптен күткен алғашқы трансплантация сәтті аяқталыпты. Бұл – Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңындағы жағым­ды жаңалық. «Бірақ, – дейді орталық ма­ман­дары, – донор жоқ». Ағза транс­план­та­циясы – медици­на­ның ең ірі жетістігі. Бір­қатар елдер ағза ал­мас­тыруда Қазақ­станмен са­лыс­тырғанда «ит көйлекті бұрын тоз­дыр­ған». Сондықтан да болар, донор мәселесі оларда дәл біздегідей өзекті емес. Тіпті мұндай оталар медицинасы дамыған ел­дер­де қазір күрделі саналмайды да. Олар­­дың мол тәжірибе жинақтауына адам­­дар­дың сенім­дері де айрықша ықпал еткені түсінікті.
Ал бізде керісінше, халық әлі дүдәмал. Сол себепті де білек сыбана кіріскелі отыр­ған мамандар қолдарынан келетінін дә­лел­дей алмауда.
Білетін боларсыздар, осыдан екі жыл бұ­­рын Қазақстанда «Трансплантация ту­ра­лы» заң күшіне енген болатын. Маман­дар­дың пікірінше, заңда бәрі қамтылған. Заң­ға сәйкес, қайтыс болған адамның ар­тын­да өз қолымен «ағзамды беруге қар­сы­мын» деп жазылған қолхаты болмаса, оның трансплантацияға жарамды ағза­ла­рын соған зәру болып отырған жанға ал­мас­тыруға болады. Бір айта кетерлігі, мұн­дай жағдайда қаза болған адамның ту­ған-туыстарының да келісімдерін бере­тіндігі не бермейтіндігі ескерілмей қой­майды. Міне, бар гәп қайда жатыр!
– Ота сәтті жасалса, көпшіліктің ағза ал­мастыруға көзқарасы бірден болмаса да, бір­тіндеп өзгерер еді. Қазіргі кезде, ең бас­тысы, адамдардың қолдауы қажет болып тұр. Біздің отандық БАҚ арқылы ағза ал­мас­тыру мәселесін жиі көтеріп отыр­­ға­нымыз осыдан. Адамдардың мы­наны түсінгендері жөн: көз жұмған адам­ның жү­рек, бауыр, өкпе, ұйқы безі, бүйрегі сияқ­ты ағзалары алты-жеті адамның өмірін сақ­тап қала алады. Ал елімізде ба­уыр ауру­ла­рына шалдыққан 1200-ден астам адамның өмі­ріне қауіп төніп тұрса, 1300-ге жуық адам – жүрек, 2000-дай науқас бүйрек тран­сплантациясын қажет етуде.
Жүрек-қан тамырлары ауруларына шал­дық­қан­дар саны алаңдатарлық. Атал­мыш ауруға қатысты айтсақ, 100 мың адам­ға шаққанда 325 науқас өмірмен қош ай­т­ы­сып жатады. Тағы бір жанға батар­лығы, тран­сплантацияны қажет ететіндер ара­сын­да жасы әлі 30-ға да толмағандар бар­шылық.
Қысқасы, мамандар дайын болға­ны­мен, қоғам екі ойлы, – дейді А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орта­лы­ғының мүше трансплантациясы бөлі­мінің меңгерушісі Энвер Сұлтанов донор проблемасына қатысты.
Сөз арасында айта кетейік, біз Алматы облысы Қарасай ауданы Ақжар ауылын­дағы мешіттің имамы Байрам Еккермен арнайы хабарласқан едік. Өйткені кей­бі­реу­лер мәйітті мүшелеу дінімізге жат нәрсе деп жатады.
Сонымен, имам не дейді? «Мен барша мұсылман үшін жауап бере алмаймын. Бірақ, менің ойымша, қайтыс болған адам­­ның қандай да бір ағзасын өмірі қыл үс­­тінде тұрған жанға алмастырып, басқа бір өмірді сақтап қалған дұрыс. Сауабы тие­тін іс қой бұл. Жер қойнына енген дене­дегі ағзалардың бүтін, бүтін еместігі ма­ңыз­ды емес. Қазір көпшілік мұсылман ел­дері ағза алмастыруға рұқсат беріп жатыр. Ағ­за ал­мастыру арқылы да өлім-жітімнің са­нын азайтуға болатынын барша аға­йын­ның ескергендері жөн», – деп атап өтті ол. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.
А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылы­ми хи­рургия орталығының бас директоры, ака­­демик, профессор Жеткерген Ар­зы­құ­ловты да әңгімеге тартқан едік:
– А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғы­лы­ми хирургия орталығының жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар бедерінде орталық ша­ма-шарқынша дамып, еліміздің алдыңғы қатарлы мекемелерінің біріне айнала білді. Қазақстан тарихында тұңғыш жасалғалы отырған жүрек, бауыр ал­мас­ты­ру оталары­ның дәл осы орталыққа жүктеліп отырған­дығы кездейсоқтық болмаса керек. Негізі, орталықта іргетасы қаланғаннан бері 600-дей ота жасалған, яғни бүйрек транс­план­тациясы.
Бірінші кезекте біз мамандарды дайын­дауға айрықша көңіл бөлдік. Шамамен ма­мыр айынан бастап Еуропа мен Бе­ло­рус­сияда 50-ге жуық маманымыз білім-біліктерін арттырып, тәжірибе алмасып қайтты. Екінші кезекте соңғы үлгідегі са­па­лы медициналық құрал-жабдықтармен қам­­тамасыз ету мәселесі тұрды. Бүгінде ор­талық мамандарының жүрек, бауыр ал­мас­тыру оталарын жасауға толық мүм­кін­діктері бар. Тәуелсіз Қазақстанның ал­ға қой­ған стратегиялық мақсат-мүд­де­лерінің бі­рі – бәсекеге қабілетті, озық мем­ле­кет­тер­дің қатарына кіру. Ол үшін қар­қынды да­мып келе жатқан жаһандық ғы­лым мен ілім­нің көшінен де қалып қой­ма­уымыз ке­рек. Ал трансплантация – ден­сау­лық сақтау са­ласының даму деңгейінің бір көр­сет­кіші.
Оқырманды трансплантация ақысы да ойландыратыны орынды. Оны Үкіметтің өз мойнына алғандығынан хабардармыз. Тағы бір айта кетерлігі, трансплантация қызметі саласын ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда. Ол неге керек? Отаны Алматыда жасатқан аймақтан келген науқастың ем-домын тұрғылықты жерде жалғастыруына тура келеді. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орта­лы­ғының бұл ұсынысы құптарлық. Естуі­міз­ше, Үкімет қажет құрал-жабдықтар сатып алып, маман дайындауға жеткілікті қаржы бөліп те қойыпты.

P.S.
Өмір мен өлім арасында жатқан науқастың соңғы үміті – ақ халатты абзал жандар. Ал дәрігерлер кей жағдайда донордың жоқтығынан ажалға араша тұра алмай, қиналып қалады. Сол үшін де дәрменсіз күйге түсетіндері айтпаса да белгілі. Хал үстінде жатқан жанды қалайда аман алып қалуға тырысып бағатын олар күнделікті жұмысын донор іздеумен бастайтынға ұқсайды. Қоғам бейқамдық танытпай, түсіністікпен қараса, отандық трансплантация өз дәуірін кеңінен бастап кетер ме еді, кім біледі...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста