Том-том мінездеме әлімжеттікке тосқауыл бола ма?
Мемлекеттің айбыны – Қарулы Күштер қатарындағы сарбаз саны мен оның қаншалықты жарақтанғанымен өлшенеді. Егер ғайыптан тайып, қолға қару алар күн туса, алғаш болып етігімен су кешетін сарбаздар болмақ. Осы орайда еліміздегі әскери міндетін өтеп жатқан сарбаздарымыздың Отан қорғау жолындағы дайындық деңгейі қандай? Сарбаздарымыз әскери сарбаз атына лайық па?!
Сарбаз болдық, мінеки...
Рас, бір кездері есін енді біліп келе жатқан бүлдіршін үшін сарбаз болу да үлкен мақтаныш болатын. Шыбықты ат етіп, әскерден келген ағасының кепкасын қисайтып киіп, шауып жүрген бүлдіршінге кім боласың десе, «солдат боламын» дейтін. Оның қиялындағы «солдаттықтың өлшемі» қорқуды білмейтін, елін қорғау жолында неге де болсын, даяр, сымдай тартылған, темірдей тәртіпті ғана сүйетін әскери жан болатын. Бүлдіршін түгіл, өзіңнің де сондай сарбаз барда ұйқыңның тыныш, ертеңгі күніңнің жарқын болатынына шүбәң қалмайтын. Ал бүгінде әскерге ұмтылмақ түгіл, әскерден қашатын жастар да баршылық. Мәселен бір ғана Алматы қаласының өзінде мыңнан астам жігіт шақыруды елемей, әскерден қашып жүрген көрінеді. Мамандардың айтуына сенсек, уақыт өткізіп, созбақтап, әскерден қашуға ұмтылатын жастар еліміздің қай аймағында болсын, жетерлік көрінеді. Ендеше, бүгінгі жасты Отан алдындағы абыройлы борышы – әскери міндетін өтеуге неге ынтықтыра алмай отырмыз?
Әлімжеттік әскерге тән қасиетке айналды
Шыны керек, сарбаздарымыздың аты олардың әскерде оқу-жаттығу кезіндегі ерекше іс-қимылы немесе Отан қорғау жолындағы қаһармандық әрекетінен (ерлік жасау үшін соғыс болуы міндет емес) гөрі, бір-біріне әлімжеттік жасау арқылы жиі естіліп қалып жатады. Кеңестік әскерден мұраға қалған сарбаздар арасындағы әлімжеттікке тосқауыл қоюға тиісті орындардың шамасы жетпей-ақ келеді. Тіпті күн өткен сайын әскердегі әлімжеттік белең алып бара жатыр десек те болады. Мәселен, соңғы кездері әскери борышын өтеу кезінде қайтыс болған сарбаздардың туған-туыстарына ұялы телефонға «бірлік лақтыру» туралы өтінішінен соң қаза табу фактілері жиілеп кетті. Мәселен, 2010 жылдың көктемінде әскер қатарына Түркістан қаласынан аттанған Ерлан Төребеков әскерге аттанған соң, жиырма күннен кейін табытпен оралған. Туыстары бір күн бұрын ғана жас сарбаздың әлдебір телефон нөміріне бірнеше рет «бірлік салыңыздаршы» деген өтініш білдіргенін айта келіп, сарбаз қазасын «ұлымызға әлімжеттік жасаушылардың әрекеті емес пе» дейді. Себебі жас сарбаз бұған дейін де бірнеше рет белгісіз абонент нөмірлеріне ақша салуды сұрап хабарласқан көрінеді. Телефонға төлем жасау туралы оқиға бұдан кейін де әскердегі әлімжеттік салдарынан қайтыс болған бірнеше сарбазда кездесті. Ата- аналардың «телефонға бірлік салдыру әлімжеттікпен ақша бопсалаудың бір түрі емес пе» деген күдіктері де тексерілмеген күйі қалуда.
Жаңа өзгеріс әлімжеттікке тосқауыл бола ала ма?
Дәл қазір елімізде күзгі әскерге шақыру маусымы жүріп жатыр. Айта кетер жайт, соңғы өзгеріс бойынша сарбаздар медициналық тексерістен бөлек, үш кезеңдік психологиялық сынақтан өтеді. Мамандар бұл өзгерісті «әскердегі өз-өзіне қол салу оқиғаларын азайту үшін жасап отырғандарын» жеткізді.
Мамандардың сөзіне сенсек, енді медициналық тексерістен сүрінбей өткен жастарды үш кезеңнен тұратын психологиялық сынақ күтіп тұр. Мамандар арнайы тестің көмегімен баланың еркелігін, ашуланшақтығын, қызуқандылығын анықтаймыз дейді. Сондай-ақ енді әрбір әскери бөлімше әр ауданға бір-бір маманын жіберіп, «әскерге барам» деген жастардың ата-аналарымен сұхбаттасып, көрші қолаң, мектебінің, сыныптастарының, ұстаздарының мінездемелерін алуға бекініп отыр. Бұған қоса, әскерге шақырушылар өзі тұратын аймақтағы әкімдіктен, полиция бөлімшесінен мінездеме алуы тиіс. Яғни баланың толық болмысын, өткен өмірін тану үшін кешенді тексеріс жүргізілетін көрінеді. Алайда әскердегі әлімжеттікті тыю үшін осынша дүрбелең жасап, осынша сарсаңға түсудің қажеті бар ма? «Мен не деймін, домбырам не дейді» сарбаздың өзімен бірге ала келген «том-том» мінездемесі әлімжеттік кезінде қорған бола ма сонда?! Жылына еліміз бойынша қанша сарбаз әскерге аттанатын болса, сонша маманды ауыл-ауылға таратып, мәлімет жинау қыруар қаржыны қажет етері сөзсіз. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпіріне маман аттандырғаннан гөрі, әскердегі кезекші офицердің орнына кезекпен күндіз-түні сарбаздар арасында әлімжеттік орын алмауын қадағалайтын, әр сарбазға басымен жауап беретін арнайы мамандар тағайындалса, әлдеқайда нәтижелі болмас па еді?!
Айтпақшы, жоғарыдағы Ерлан Төребековтің ісі бойынша әскери мамандар «суицид» деп баға беріп, «ағасы мен жездесінің (!) суицид салдарынан қайтыс болғаны жөнінде құжат толтыру арқылы, «тұқымында суицидтік бар» деген қорытындымен істі жауып тастаған. Осы орайда сарбаздардың өткені жайлы мәлімет жинау арқылы тиісті орындар бұдан былай «бар бәлені» сарбаздың өзінің айналасынан іздеуге бекінген тәрізді. Әскерилердің әлімжеттікті тиімді шешу орнына, өздеріне шыр жуытпай «сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауының алдын аламыз» деп, мәселені жылы жауып қою алдағы уақытта мәселенің тіпті күрделене түсуіне алып келері сөзсіз. Демек, әлімжеттік салдарынан әскери формасымен көшеде қайыр сұрап жүрген сарбазды көрсеңіз немесе сарбаз асылып қалса, ол туралы жиналған мәлімет бойынша балалық шағында суицидтік әрекетке баруға талпынғаны немесе «қайыр сұрау қанында бар қасиет» ретінде танылса, түк те таңғалмаңыз.
Айтпақшы...
ШЫҰ Астанадағы жиынына орай, еліміздің сарбаздары мен Қытай сарбаздары біріккен оқу-жаттығу ойынын өткізіпті. Нәтижесінде, күндізгі нысана көздеу бойынша Қытай сарбаздары 100 пайыз нәтиже көрсетсе, еліміздің сарбаздары 50 пайызға әзер қол жеткізіпті. Нысананы түнгі алыстан көздеу кезінде Қытай сарбаздары тағы 100 пайыз тигізсе, еліміздің сарбаздары 10 пайыздық көрсеткіш көрсеткен. Мұндай оқу-жаттығу ойынына кез келген бөлімнің сарбаздарын апармайтыны белгілі. Сонда сарбаздарымыз әскерде әлімжеттіктен басқа не үйреніп жатыр деуге болады? Осы мәселеге орай аты-жөнін толық айтқысы келмеген, бүгінде Алматы қаласының іргесінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың бірін сөзге тартып көрген едік.
Болат, сарбаз:
– Әскери міндетімді Алматы қаласының іргесіндегі әскери бөлімшелердің бірінде өтеп жатқаныма бір жылдай уақыт болып қалды. Шыны керек, бар уақытымыз әскери бөлімнің айналасындағы қоқыстарды жинау, шөбін жұлумен-ақ өтіп кетті. Әне-міне дегенше, уақытымның көбі кетіп, азы қалды. Бірақ мұндағы өткен уақыттарымды бос өткен уақыт деп есептеймін. Өйткені сарбаз болу мен үшін қоқыс теріп, аула сыпыру емес, шынығып, әскери талапқа сай оқу-жаттығулар өткізу, сарбаздың күш-қуатын қоқыстан да пайдалырақ нәрсеге жұмсау деп ойлайтынмын.
Біз қолқа салған сарбаз осылай дейді. Осы орайда әскерилерге жасалынып жатқан өзгерістерге қатысты әскери мамандардың пікірін де сұрап көрген едік.
Әбді ӘЛІМХАНҰЛЫ, запастағы полковник:
– Әскерге алынатын жастың үрім-бұтағын тексеру әскердегі сарбаздың өз-өзіне қол салу мәселесін шеше алмайды. Сондықтан тиісті орындар мәселеге басқа қырынан келуі керек. Бүгінде сарбаздардың өз-өзіне қол салуы еріккендіктен емес, әлімжеттіктің салдары екені баршаға аян. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, тиісті орындар әскердегі әлімжеттіктің дендеп кеткенін ашық мойындап, оның алдын-алу шараларын жасауға ұмтылулары керек.