Қазіргі таңда жастардың денсаулығы нашарлап, дене бітімі тым ұсақталып бара жатыр. Оған себеп те жоқ емес. Алаңдатарлығы сол, бұл өзгеріске 10-15 жыл болып қалған.
Өскелең ұрпақтың ұсақталуына ең бірінші,тұрмыстық ахуал зиянын тигізіп отыр. Нарық туындатқан күйбең тіршіліктен жастар дұрыс тамақтанбағандықтан, ағзаға қажетті дәрумендер жетіспейді. Мұндай көрініс ауыл жастарының арасында көп. Олардың құнарсыз аспен тамақтануы ағзаға айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Екіншіден, ауылдағы жастардың зат алмасу процесі өз деңгейінде жүрмейді екен. Дәрігер мамандардың айтуынша, ұрпақтың әлсіз болып туылуына әйелдердің бала тууды шектеуі де кері әсерін тигізіп отырған көрінеді.
Баланың әлжуаз болуы тек онымен ғана шектелмейді. Оған экологиялық ортаның ластануы, климаттың өзгеруі де себеп. Онымен қоса, жеті атаға толмай жатып қыз алыспайтын аталарымыздың тамаша дәстүрін кейінгі кезде сақтай алмай жүргеніміз де бар.
Қазір «тұрмыстық неке» деген белең алды. Республиканың бірнеше аймақтарында бір-біріне бөле болған жастарды үйлендіре салу үрдіске айналған. Мұндай көріністі, әсіресе, оңтүстік өңірлерден көптеп кездестіруге болады.
Совет-Хан Ғаббасов, медицина және педагогика ғылымының докторы:
— Біріншіден, бізде ұрпақ тәрбиесін көтеру мәселесі өте әлсіз. Еуропада оқып келген көшірме, еліктегіш ғалымдар ондаған жылдар бойы денсаулық сақтау мен білім саласына жасанды эксперименттер жүргізіп келеді. Жалпы, тіршіліктен, салт-дәстүрімізден күннен-күнге ажырап бара жатқан сайын, халықтың денсаулығы да, рухани дүниесі де әлсіреп барады. Қазір жалпы медицинаның статистикасына қарасаңыз, адам шошитын жағдайда. Балалардың барлығы ауру. Тіпті іштен ауру болып туып жатқандар қаншама? Бір-бір жарым жастағы сәбилерге операция жасаудың көбейіп кеткенін көргенде жаның түршігеді. Осы біз қайда барамыз? Мұның барлығы еліктеп-солықтаудың салдарынан орын алып отыр. Дәл қазіргі ұрпақтың халі өте аянышты жағдайда. Денсаулық сақтау саласындағы жүргізіліп отырған бүкіл реформа ғылыми негізсіз жасалынған. Бұдан ештеңе шықпайды, халықтың басын қатырғаннан басқа. Сондықтан шетелдің көшірмесін Қазақстанға тықпалай беруді тоқтатып, ұлтымыздың бұрынғы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен байланыстыра отырып, мемлекеттік деңгейде халықпен ақылдаса отырып шешу қажет.
Міне, жастардың ұсақталуына осы секілді теріс әрекеттер кері әсерін тигізуде. Бұл мәселе Республикалық әскери дәрігерлік комиссияның жастарды әскерге шақыру мерзімінде қатты әлек қылады. Олардың сөздеріне сенсек, «ұсақтануды» айтпағанның өзінде жастардың көпшілігі түрлі ауруға шалдығып үлгерген екен.
Ауыл балаларының әскерге қалай болса да барғысы келетіні ақиқат. Жалған анықтама алса да, ауруларын жасырып қалғысы келеді. Себебі жастарды ерекше қызықтыратыны — жұмысқа тұруға мүмкіндік беретін әскери билет. «Денсаулығы жарамды» деген билет алғандардың басым көпшілігі көп уақыт өтпей-ақ, әскери госпитальға түсіп жатады» дейді әскери дәрігерлер. Себебі онсыз да әлжуаз балалар әскери өмірдің қиындығы мен ауыртпалығына қайдан төзе қойсын?
Сондықтан осы жағдайды ескерген әскери сала басшылары дәрігерлік тексеру кезінде адамның тек жалпы денсаулығына ғана емес, ағзаның жайсыз факторларына да көңіл бөлу әдісін ұсынып отыр. Олардың хабарлауынша, әскерге шақырылуы тиіс 600 мың баланың әрбір үшіншісі, медицина тілімен айтқанда, дистрофияға шалдыққандар. Ең өкініштісі, аталған дертпен ауырғандар саны жылдан-жылға ұлғаюда.
Кез келген тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіздігін, қауіпсіздігін сақтап тұратын –қуатты әскер. Ал егер де осы жағымсыз құбылыс сақталар болса, біршама жылдан кейін Қарулы Күштер қатарына баратын жан табылмай да қалатын шығар...
Амантай БІРТАНОВ, №2 қалалық емхананың бас дәрігері, қалалық мәслихат депутаты:
— Менің дәрігерлерім Медеу ауданының әскери комиссариатында отырады. Сонда тексерілуге келген балаларға қарап отырып, ұрпақ денсаулығының жылдан-жылға нашарлап бара жатқанын байқайсың. Түрлі ауруға шалдыққан балалар өте көп. Әсіресе, жұмыссыздық белең алған ауылдық жердегі жастар әскерге барғысы-ақ келеді. Бірақ солардың көбісінің салмағы жетпейді, тобан аяқтығы тағы бар, көз ақаулығы асқынған, омыртқалары қисайғандары жиі кездеседі. Қазір ауыл-қалалардағы әскери комиссариаттар әскер қатарына жіберетін жастардың жоспарын орындай алмай отыр. Тіпті әскерге жібергеннің өзінде әскери өмірдің қиыншылығына шыдай алмай, азаматтық борыштарын орындай алмай, әскери госпитальдарға түсіп жатқаны қаншама. Бұл – үлкен мәселе. Сондықтан мұны бір министрлік шеше алмайды. Бізде қызық, елімізде ана мен бала өлімі көп болса, бас салып дәрігерлерді немесе сала министрлігін сынап жатамыз. Сосын олар қорқып, цифрларды, көрсеткіштерді жасыра береді, жалған ақпарат береді. Сондықтан мұны бір министрліктің мойнына артып қоймай, мемлекеттік деңгейде шешу қажет.