Заман ілгері озған сайын медицина, оның ішінде стоматология саласы да жетіліп келеді. Оның өзін бүгінде ортопедия, ортодантия, хирургия, терапия деп бастап, одан әрі жіктеп, жіліктеуге болады, яғни адам ағзасының күрделі бөлігі – тіске қатысты кәсіптің айналасында қаншама маман тер төгеді деген сөз.
Бірі тісті емдеп, қалпына келтіреді, енді бірі қисық біткен тісті түзулеп, қатарға қосумен айналысады. Бір қарағанда, жеңіл-желпі көрінетін тіс маманы – стоматологтың еңбегін ағзаны құтқарушы деп атаса да, жарасады. Өйткені ауру тістің бүкіл ағзаны улайтыны белгілі. Ең алдымен асқазан зардап шегеді. Асқазан ауруға шалдықса, ас қорыту қиындайды. Одан кейінгі кезек – бауырдікі. Тіс бауырға да қатты әсер етеді. Жалпы алғанда, тіс сау болса, ағза да аурудан аман деген сөз. Тіс мамандарының айтуынша, адамның тісін орналасуына қарай прогения, пипрогения және қалыпты прикус деп үшке бөлуге болады екен. Бірі – жақтың үстіңгі бөлігінің шығыңқы, бірі астыңғы бөлігінің шығыңқы орналасуын білдіреді. Дұрысы, тістің қисық болмауы үшін бала жастан күтім жасау керек. Бүгінде 32 тісі түгел адамды кездестіру қиын. Оған түрлі экологиялық жағдайлар, дұрыс тамақтанбаудың да әсері мол. Көбіне әртүрлі аурулардан кейін тісінен зардап шегетіндер аз емес. Бүгінде тіс ауруларының ішінде тіс жегісі, тіс пульпасының қабынуы, парадонтоз және пародантит аурулары жиі кездеседі дейді мамандар. Егер тісте қара дақ пайда болып, термореагендерге сезімтал бола бастаса, тіс дәрігеріне көріну қажет. Егер уақыт оздырып алса, ауру асқынып, тісті емдеу қиынға соғады. Ерте көктемде жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында авитоминоз болады. Сол кезде ағзаға қажетті дәрумендерді қабылдау қажет. Бүгінде қызыл иектің қабынуы жиі кездеседі. Оны емдеу де оңай емес. Бұрын аяғы ауыр аналарға, балаларға жеңілдік жасалатын. Бүгінде ол да көзден бұл-бұл ұшты. Кеңеспен бірге келмеске кетті. Жеке клиникаларда баға ұшып тұр. Тіс дәрігеріне ісің түссе, қалтаң тоқ болуы шарт. Тіс жұлдыру да, тіс салдыру да аз ақша тұрмайды. Стоматологтардың еңбегінің қымбат болуын оған қажетті шикізат пен құрал-жабдықтың шеттен тасылатындығымен байланыстыруға болатын сияқты. Стоматология саласы үшін шикізат, құрылғы дайындауда Германия теңдесі жоқ экспорттаушы ел саналады. Сондай-ақ Чехиядан шығатын өнімдер де сапалылығы жағынан үлкен сұранысқа ие. Бүгінде стоматологиялық орталықтар соңғы озық үлгідегі аппараттармен жұмыс істейді. Жоғарғы сапалы жансыздандыратын дәрі-дәрмектерді пайдаланады. Стоматология бүгінде ғажайыпқа айналып барады десек, артық айтқандық емес. Бұрындары мүмкін болмайтын нәрселер бүгінде қолданысқа ендірілді. Ортопедия саласында металлокерамика, металлопластмасса, алмалы-салмалы бюгельді протездер қолданылады. Ортодонтия саласында брекет жүйесі бар. Хирургияда – имплантология, терапия саласында ЗОМ технологиясымен ағарту әдісі қолданылып жүр. Косметологиялық стоматологияда тістерді түзеп, ағартады. Кезінде алтын тіс салғызу жанып тұрған «мода» болатын. Бүгінде ол дәуір өтті. Қазір көпшілік тарапынан маржан тіске сұраныс артып келеді екен. Маржандай жарқырап тұрған соң, оған көпшілік маржан тіс деп ат қойып та алыпты. Бүгінде баға бағамы да қырдың қызыл түлкісіндей мың құбылып тұрған жоқ па?! Қажетті материалдар да қымбаттап кетті. Негізі, сапалы тіс салу үшін де сапалы шикізат қажет.
Ғалия ӨТЕШОВА, «Абзал» тіс емханасының дәрігері:
– Бүгінде стоматологиялық орталықтардың бәрі де заманауи үлгідегі соңғы технологиямен жұмыс істейді. Бұрынғыдай «миды егейтін» кеңестік аппараттарды таппайсыз. Жоғары сапалы қызмет түрі де қымбат тұрады. Тіске салынатын желімнің өзін шетелден қымбат бағаға сатып аламыз. Сондықтан қызметімізді де жоғары бағаламасқа амалымыз жоқ.
Стоматологияға қажетті материалдар елімізде өндірілмейді. Оның бәрін теңіз асып, тау асып алып келген соң, бағасы да қалтаны қағарлықтай. Осындайда неге осы салаға қажетті материалдар өндіретін өндіріс орындарын ашпасқа деген ой туындайды. Ол үшін шикізат көзін елімізден-ақ табуға болар еді. Мамандар бүгінде ең ақша көп жұмсалатын сала деп осы стоматологияны атайды. Басқа ағза ауырса, дәрі ішіп, сауығуға болар-ау. Ал миыңды тесердей тісің ауырса, стоматолог қызметіне жүгірерің анық. Сондықтан да қайтарымы мол салаға қаржы салсақ, ұтылмасымыз анық. Бүгінде түрлі жобаларға инвестиция тартылып жатыр. Тек осы сала ғана қаржыдан қалыс қалғандай. Ойланатын-ақ мәселе...
Тіс дәрігеріне ісің түспесін...
Последние статьи автора