Тірілер өлгендерді таптап жүр

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Жердегі міндет-миссиясы аяқталған әр пенденің баратын мәң­гілік мекені – мазар. Бақиға аттанған адамға басына тұрғызылған зиратының қандай болатыны маңызды емес, әрине. Десек те, аруақты әрдайым құрметтейтін, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп соңына мәтел қалдырған ата-бабаларымыз бірдеңені біліп айтса керек.
Бейітке барып марқұмға Құран бағыштап, дұға тілеп, фә­ни мен бақидың аражігін ажыратуға ұмтылыс адам­дық­тың өлшемі, рух тазалығының көрінісі емес пе еді? Өкінішке қа­рай, соңғы уақыттары рухымыз әлсіреді ме, әлде бар­лығын жаһандануға жаба саламыз ба, әйтеуір, «мәңгілік ме­кеніміз» жайлы аз ойлайтын болдық. Құл­пы­тас­ты қи­рат­қан вандалға, қорым басына қонған қаңғыбасқа «тө­зім­ді­лікпен» қарауға үйрендік. Етіміз өлді, бетіміз қалыңдады. Қа­зақстанның кез келген өңірінде қоршаусыз, қараусыз жат­қан зират-мазар мың-мыңдап саналады. Бірақ олар­дың тазалығын күйттеп, жағдайын ойлап жүрген көп ешкім жоқ. Ауылдағы бейіттер біркелкі қаралады. Ал қаладағысы ті­рі пендеге керек емес секілді.
250 мың тұрғыны бар Оралдың орталық зиратына 70 мың адам жерленген. Сорақылығы сол: бейіт басына көктем мен күздің лайсаңында бару мүмкін емес. Қатқыл жолды айтпағанда, қарапайым қиыршық тас төселген жол­дың өзі арманға айналған. «Ет жақын адамыңның өмірден озуы – орны толмас қайғы. Марқұмды қайтпас сапарға ат­тан­дырудың қамымен жүргенде тірілердің жауапсыздығы жүй­кеңді одан сайын жұқартады. Биыл көктемде туы­сы­мызды жерлеуге апарғанбыз. Қатты жауын жолды езіп жі­беріп, көлігіміз батпаққа батып қалды. Амалсыз марқұмды бе­йітке қолмен көтеріп апаруға тура келді. Осындай бас­сыз­дыққа жол берген қала әкімдігі мен зират әкімшілігіне деген ашу-ызамыз бойымызға сыймады», – дейді шаһар тұрғыны Самат Ережепов.
Қымбат ҒАЙСИНА, қала тұрғыны:
– «Мұнай базасы» ауданындағы ескі бейіттің маңында тұрамын. Осында бауырларым жатыр. Келген сайын бейіт басындағы күл-қоқысты, антиса­ни­та­рияны көріп, жүрегім ауырады. Соңғы кездері ескі қауымдағы құлпытастар мен мола қоршаулары тоналып жатыр.

Негізі, бұл жерге осыдан 15 жыл бұрын адам жерлеуге тыйым салынған бола­тын. Ресми жабылса да, арагідік басын­да «2008-2009 жылдары жерленген» деген белгісі бар құлпытастар көптеп кездеседі. Яғни ескі зират үстіне жаңа марқұмдар жерленуде. Оған қоса, ескі бейіттің іргесінде тұрғын үйлер де орна­лас­қан. Құлпытасы құлап, қор­шауы жер қойнауына кеткен ескі молалардың үстіне тұрғындар әжетхана салып тастады.
Зират әкімшілігі демекші, аты бар да заты жоқ бұл мекеме тағы бір түсініксіз кәсіп­орынның қарамағында екен. Түсі­нік­сіз болатыны – бұған дейін бюжеттен қар­жы алатын «Ритуал» мемлекеттік кәсіпорны өзін-өзі (!) жаба салған. Енді оның орнына келген «Ритуал-Орал» ЖШС (атауының ұқсастығына қарағанда екеуінің негізі бір болуы кәдік) «бұрынғы «Ритуал­дың» іс-әрекетіне еш қатысымыз жоқ» деп азар да безер. ЖШС директоры Мұра­дым Жәні­беков жауапкершіліктен қанша жалтарса да, қала әкімдігі берген мәлімет басқаша сөйлейді. Яғни «Ритуал-Орал» шаһардағы тоғыз зиратқа жауапты. Жерді иелену меншігі туралы актісі және мар­құм­дарды жерлеуге рұқсаты бар. Олай болса, ЖШС өз міндетін неге орындамайды? Әлде тек өлгендер есебінен ақша тауып отырған мекеме ме? Жәнібековтің жауабы бұған да дайын болып шықты.
– Біз өз міндетімізден қашып отырған жоқпыз. Дегенмен барлық бейіттерді күтіп ұстауға серіктестіктің бір өзінің күші жетпейді. Қалалық жол пайдалану кәсіп­ор­нының техникасымен күл-қоқысты шығар­дық. Өткендегі «Ата-ананы еске алу күні» православ қорымындағы күл-қоқыс­ты екі есеге көбейтті. Мұның бәрі – жеке­ле­ген адамдардың санасының төмендігінің кесірі. Атқарушы органдардан көмек күт­пей, әркім әкелген қоқысын өзімен бірге қапқа салып әкетсе, бұл мәселе болмас еді. Көктем мен күзде жерлеу рәсімін жасау қиын. Оны қала әкімдігі біледі. «Жол­ға қиыршық тас төсеп бері­ңіз­дер» деп жыл сайын сұраймыз. Әзірге нәти­же жоқ. Бейіттерге қаңғыбастар мен ұры-қары­лар қонатыны рас. Вандализм оқи­ғалары кездеседі. Зираттың аумағы үлкен болғандықтан, оны күзетуге біз қауқар­сызбыз, – дейді М.Жәнібеков.
Әрине, кей жағдайда қорым тазалы­ғына жеке азаматтардың да жауапты екені рас. Жарайды, сол қоқысты қалдырмауға да болады. Алайда бір қызығы, зират басынан қоқыс салатын бірде-бір жәшікті таба алмайсың. Ендеше, «зират басын жинамайтын, күзетпейтін, қоршамайтын, бірақ жерлеуге ақша алатын мекеменің онда не қажеті бар» деген де заңды сауал туындайды. Естуімізше, осы шілде айында бейіттерді күтіп-ұстауға қатысты тендер өтеді. Сөйтіп, 8 млн 300 мың теңге мөл­шеріндегі бюджет қаржысы тікелей қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы бөліміне берілмек. Жеке серік­­тестіктен гөрі, мемлекеттік мекеме кіріс­се, зираттардың жай-күйі жаман болмас деген үміт бар.
Вячеслав ДРУЖИНИН, облыстық мәсли­хат депутаты, кәсіпкер:
– Жалпы, облыс, қала аумағындағы бейіттерді күтімге алу үшін арнайы бағ­дар­лама керек. Әйтпесе зират шаруа­шы­лығын жеке серіктестіктерге беріп қойғаннан ештеңе жақсармайды. Олар ақшаны алады да, «анау жоқ», «мынау жоқ» деп қарап отыра береді. Ал арнайы бағдарлама қабылданса, оның нақты орындаушысы, уақыты болады, қар­жы­ны игеруді бақылауға мүмкіндік туады. 9 мамыр күні орталық зиратта сенбі­лік өткізіп, 60 «КамАЗ» қоқыс шығардық. Азаматтардың жауап­кер­ші­лігін арттыратын осындай шараларды жиі өткізу қажет.

Орталық зираттың аянышты жағдайы туралы жариялаған үндеуінде «Зерде-Память» қоғамдық қорының төрағасы Қуаныш­қали Төлебаев жергілікті билік органдарын ойлануға шақырды. «Бұл – тарихи, ұлтаралық және дінаралық маңы­зы бар нысан. Мұнда өлке дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар, мемлекет қайраткерлері, Ұлы Отан соғысының ардагер­лері жерленген. Кешегі сталиндік қуғын-сүргін құрбандары да осында жатыр. Өкінішке қарай, зираттың қазіргі халі жаншошырлық. Аумағы қоршал­маған, жарық пен жол жоқ. Мазарлардың біразы вандалдардың қолымен қира­тыл­ған. Күл-қоқыс тау боп үйіліп жатады. Себебі тазарту жұмысы мүлде жүргі­зіл­мейді. Күзет жоқ. Шетелдерде бейіттер – мемлекеттің айрықша қамқорлығында. Сондықтан баршамыз бірігіп, марқұм болған бауырларымыздың мәңгілік мекенін аялы алақанда ұстауға шақы­ра­мыз» делінген үндеуге мәслихат депу­тат­тары, қоғамдық ұйым өкілдері қол қойған. Енді бұл ұсыныс жетер жеріне жетсе дей­міз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста