Тірілер өлгендерді таптап жүр
Жердегі міндет-миссиясы аяқталған әр пенденің баратын мәңгілік мекені – мазар. Бақиға аттанған адамға басына тұрғызылған зиратының қандай болатыны маңызды емес, әрине. Десек те, аруақты әрдайым құрметтейтін, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп соңына мәтел қалдырған ата-бабаларымыз бірдеңені біліп айтса керек.
Бейітке барып марқұмға Құран бағыштап, дұға тілеп, фәни мен бақидың аражігін ажыратуға ұмтылыс адамдықтың өлшемі, рух тазалығының көрінісі емес пе еді? Өкінішке қарай, соңғы уақыттары рухымыз әлсіреді ме, әлде барлығын жаһандануға жаба саламыз ба, әйтеуір, «мәңгілік мекеніміз» жайлы аз ойлайтын болдық. Құлпытасты қиратқан вандалға, қорым басына қонған қаңғыбасқа «төзімділікпен» қарауға үйрендік. Етіміз өлді, бетіміз қалыңдады. Қазақстанның кез келген өңірінде қоршаусыз, қараусыз жатқан зират-мазар мың-мыңдап саналады. Бірақ олардың тазалығын күйттеп, жағдайын ойлап жүрген көп ешкім жоқ. Ауылдағы бейіттер біркелкі қаралады. Ал қаладағысы тірі пендеге керек емес секілді.
250 мың тұрғыны бар Оралдың орталық зиратына 70 мың адам жерленген. Сорақылығы сол: бейіт басына көктем мен күздің лайсаңында бару мүмкін емес. Қатқыл жолды айтпағанда, қарапайым қиыршық тас төселген жолдың өзі арманға айналған. «Ет жақын адамыңның өмірден озуы – орны толмас қайғы. Марқұмды қайтпас сапарға аттандырудың қамымен жүргенде тірілердің жауапсыздығы жүйкеңді одан сайын жұқартады. Биыл көктемде туысымызды жерлеуге апарғанбыз. Қатты жауын жолды езіп жіберіп, көлігіміз батпаққа батып қалды. Амалсыз марқұмды бейітке қолмен көтеріп апаруға тура келді. Осындай бассыздыққа жол берген қала әкімдігі мен зират әкімшілігіне деген ашу-ызамыз бойымызға сыймады», – дейді шаһар тұрғыны Самат Ережепов.
Қымбат ҒАЙСИНА, қала тұрғыны:
– «Мұнай базасы» ауданындағы ескі бейіттің маңында тұрамын. Осында бауырларым жатыр. Келген сайын бейіт басындағы күл-қоқысты, антисанитарияны көріп, жүрегім ауырады. Соңғы кездері ескі қауымдағы құлпытастар мен мола қоршаулары тоналып жатыр.
Негізі, бұл жерге осыдан 15 жыл бұрын адам жерлеуге тыйым салынған болатын. Ресми жабылса да, арагідік басында «2008-2009 жылдары жерленген» деген белгісі бар құлпытастар көптеп кездеседі. Яғни ескі зират үстіне жаңа марқұмдар жерленуде. Оған қоса, ескі бейіттің іргесінде тұрғын үйлер де орналасқан. Құлпытасы құлап, қоршауы жер қойнауына кеткен ескі молалардың үстіне тұрғындар әжетхана салып тастады.
Зират әкімшілігі демекші, аты бар да заты жоқ бұл мекеме тағы бір түсініксіз кәсіпорынның қарамағында екен. Түсініксіз болатыны – бұған дейін бюжеттен қаржы алатын «Ритуал» мемлекеттік кәсіпорны өзін-өзі (!) жаба салған. Енді оның орнына келген «Ритуал-Орал» ЖШС (атауының ұқсастығына қарағанда екеуінің негізі бір болуы кәдік) «бұрынғы «Ритуалдың» іс-әрекетіне еш қатысымыз жоқ» деп азар да безер. ЖШС директоры Мұрадым Жәнібеков жауапкершіліктен қанша жалтарса да, қала әкімдігі берген мәлімет басқаша сөйлейді. Яғни «Ритуал-Орал» шаһардағы тоғыз зиратқа жауапты. Жерді иелену меншігі туралы актісі және марқұмдарды жерлеуге рұқсаты бар. Олай болса, ЖШС өз міндетін неге орындамайды? Әлде тек өлгендер есебінен ақша тауып отырған мекеме ме? Жәнібековтің жауабы бұған да дайын болып шықты.
– Біз өз міндетімізден қашып отырған жоқпыз. Дегенмен барлық бейіттерді күтіп ұстауға серіктестіктің бір өзінің күші жетпейді. Қалалық жол пайдалану кәсіпорнының техникасымен күл-қоқысты шығардық. Өткендегі «Ата-ананы еске алу күні» православ қорымындағы күл-қоқысты екі есеге көбейтті. Мұның бәрі – жекелеген адамдардың санасының төмендігінің кесірі. Атқарушы органдардан көмек күтпей, әркім әкелген қоқысын өзімен бірге қапқа салып әкетсе, бұл мәселе болмас еді. Көктем мен күзде жерлеу рәсімін жасау қиын. Оны қала әкімдігі біледі. «Жолға қиыршық тас төсеп беріңіздер» деп жыл сайын сұраймыз. Әзірге нәтиже жоқ. Бейіттерге қаңғыбастар мен ұры-қарылар қонатыны рас. Вандализм оқиғалары кездеседі. Зираттың аумағы үлкен болғандықтан, оны күзетуге біз қауқарсызбыз, – дейді М.Жәнібеков.
Әрине, кей жағдайда қорым тазалығына жеке азаматтардың да жауапты екені рас. Жарайды, сол қоқысты қалдырмауға да болады. Алайда бір қызығы, зират басынан қоқыс салатын бірде-бір жәшікті таба алмайсың. Ендеше, «зират басын жинамайтын, күзетпейтін, қоршамайтын, бірақ жерлеуге ақша алатын мекеменің онда не қажеті бар» деген де заңды сауал туындайды. Естуімізше, осы шілде айында бейіттерді күтіп-ұстауға қатысты тендер өтеді. Сөйтіп, 8 млн 300 мың теңге мөлшеріндегі бюджет қаржысы тікелей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне берілмек. Жеке серіктестіктен гөрі, мемлекеттік мекеме кіріссе, зираттардың жай-күйі жаман болмас деген үміт бар.
Вячеслав ДРУЖИНИН, облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер:
– Жалпы, облыс, қала аумағындағы бейіттерді күтімге алу үшін арнайы бағдарлама керек. Әйтпесе зират шаруашылығын жеке серіктестіктерге беріп қойғаннан ештеңе жақсармайды. Олар ақшаны алады да, «анау жоқ», «мынау жоқ» деп қарап отыра береді. Ал арнайы бағдарлама қабылданса, оның нақты орындаушысы, уақыты болады, қаржыны игеруді бақылауға мүмкіндік туады. 9 мамыр күні орталық зиратта сенбілік өткізіп, 60 «КамАЗ» қоқыс шығардық. Азаматтардың жауапкершілігін арттыратын осындай шараларды жиі өткізу қажет.
Орталық зираттың аянышты жағдайы туралы жариялаған үндеуінде «Зерде-Память» қоғамдық қорының төрағасы Қуанышқали Төлебаев жергілікті билік органдарын ойлануға шақырды. «Бұл – тарихи, ұлтаралық және дінаралық маңызы бар нысан. Мұнда өлке дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар, мемлекет қайраткерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері жерленген. Кешегі сталиндік қуғын-сүргін құрбандары да осында жатыр. Өкінішке қарай, зираттың қазіргі халі жаншошырлық. Аумағы қоршалмаған, жарық пен жол жоқ. Мазарлардың біразы вандалдардың қолымен қиратылған. Күл-қоқыс тау боп үйіліп жатады. Себебі тазарту жұмысы мүлде жүргізілмейді. Күзет жоқ. Шетелдерде бейіттер – мемлекеттің айрықша қамқорлығында. Сондықтан баршамыз бірігіп, марқұм болған бауырларымыздың мәңгілік мекенін аялы алақанда ұстауға шақырамыз» делінген үндеуге мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері қол қойған. Енді бұл ұсыныс жетер жеріне жетсе дейміз.