Тергеушілерге сын сәт тақап қалды
Реформалау кезегі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексіне келіп жетті. Рас, Тәуелсіздік алғалы бері аталмыш кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Алайда уақыт талабы түбегейлі жаңартуды қажет етуде. Адам факторы басты рөлде тұрған кез келген құрылымда бұл – заңдылық. Әсіресе құқық саласындағы «сарқыншақтардан» арылып отырмаса болмайды.
Міне, осы мақсатта еліміздің Бас прокуратурасы қылмыстық процесті бүгінгі күн талабына ыңғайлауды ұсынып отыр, яғни «Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасының «бетін ашты».
«Ұсынылып отырған заң жобасын жүзеге асыруда асығыстық танытуға болмайды. Саты-сатысымен көтеріліп, қателіктерге жол беріп алмауымыз керек. Сотқа дейінгі қылмыстық өндірістің жаңа моделін жасау арқылы біз әлемдік стандартқа бет бұрамыз», – дейді бұл тұрғыда ҚР Бас прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Нұрмаханбет Исаев жуырда өткізілген қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру туралы заң жобасы талқыланған дөңгелек үстел кезінде. Айтпақшы, аталған бас қосуға Парламент депутаттары, Президент әкімшілігінің, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, ҰҚК-нің, Әділет министрлігінің, Экономикалық қылмысқа қарсы және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің, адвокаттар қауымдастығының өкілдері және өзге де үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары мен белгілі ғалымдар қатысқан болатын.
Сонымен, сотқа дейінгі тергеудің жаңа үлгісі қандай болмақ? Толығырақ тоқталуды жөн санап отырмыз.
1. Тергеуге дейінгі тексеру толық алынып тасталуы қажет. Оның процессуалдық мерзімдері арызды тіркеуден бастап, қылмыстық істі қозғауға дейін иә болмаса қылмыстық істі қозғаудан бас тартуға дейін үш тәуліктен басталып, бүгінгі күні екі ай мерзіміне (!) жетті. Ал қосымша тергеуді ескерсек, одан да көп уақыт кетеді.
2. Қылмыстық процесте қылмыстық істі қозғау ұғымы толығымен алынып тасталуы қажет. Ал «қылмыстық іс» термині тек сотқа жеткен кезде ғана пайда болуға тиіс. Өйткені іс сотқа жетпей жатып, тергеуші, тіпті қоғам айыбы анықталмаған адамды «қылмыскер» қатарына жатқызып қояды. Міне, осы себептен «сотқа дейінгі тергеудің басталуы» деген ұғым дұрыс болмақ. Сонымен қатар кейбір тергеушілердің сотқа дейінгі аралықта орын алатын қызмет бабын асыра пайдаланушылықтарын жою мақсатында және азаматтардың конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді-ау деген іс-әрекеттер тек прокурордың санкциясы арқылы жүргізілуі тиіс. Жалпы, алдағы уақыттарда осы сынды барлық функцияларды рет-ретімен сотқа беру қажет болады. Бұрындары тергеушінің айырықша құзыретінде болған іс жүргізудің бұлтартпау шаралары, атап айтсақ, ешқайда кетпеу қолхаты, жеке кепілдік және басқалары, сотқа дейінгі өндірісте тек прокурордың санкциясымен қолданылуы тиіс. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе.
3. Сотқа дейінгі тергеу барысында айып тағу сатысы толық алынып тасталуы тиіс. Іс материалдары сотқа жолданғанға дейін өзіне қатысты тергеу жүргізілетін адам сезікті статусын иеленгені дұрыс. Бұл да әлемдік тәжірибеге толығымен сәйкес. Кейінгі шешімді прокурор қабылдайды. Дәлелдемелер жоқ немесе аз болған жағдайда қылмыстық ізге түсуді тоқтатады. Ал егер жеткілікті болса, айып тағылып, істі сотқа жолдайды. Осы сәттен бастап қана сезікті адамды «айыпталушы» деп атау керек.
4. Сотқа дейінгі өндірістің өзі түбегейлі өзгертілуі қажет. Тек бір ғана «сотқа дейінгі тергеу» деген ұғым қалдырылуға тиіс және де сол тергеу амалдарын ықшамдалған мерзімде тергеудің кезі жетті. Ал қазіргі қылмыстық істер жүргізу кодексі бойынша тергеу екі ай жүргізіліп, тіпті бірнеше айға созылып кетеді.
5. Тергеуші, анықтаушы, тергеу бөлімінің бастығы, анықтау бөлімінің бастығы, тергеу органы, анықтау органы т.т. тек тергеуші, тергеу органы және тергеу органының бастығы деп қана аталуы тиіс.
6. Істі қосымша тергеуге қайтару институы мүлде алынып тасталса. Барлық сұрақтар мен мәселелер сот мәжілісінде, сот ішінде прокурор мен айыпталушының қатысумен жүзеге асқаны жөн.
7. Куәгердің қатысуымен жүргізілетін тергеу амалдарын қысқарту керек. Дәлелдемелерді «қолдан жасаған» қызметкерлерге жазаны қатайтпаса болмайды. Мұндай кез келген әрекет ауыр қылмыстар санатына жатқызылуы ұсынылуда.
8. «Ынтымақтастық туралы процессуалдық келісім институтын» енгізу қажет. Ол прокурор мен айыпталушының өзара келісіп, айыпталушы тиісті толық кінәсін мойындап иә болмаса қылмысты ашуға өз еркімен келісім беріп, міндеттеме алуын көздейді.
9. Заң жобасына жәбірленушіге қылмыс туралы өтінішті өзі емес, басқа тұлға берген болса, оны кейін қайтарып алуға құқық беретін норма енгізілді.
Міне, қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізуге ұсынылып отырған тұжырымдық өзгертулер мен толықтырулардың жалпы көрінісі осындай.
Ал біздің айтарымыз, егер заң жобасы ел қалаулыларының көңілдерінен шығып, бірауыздан бекітілсе, қызметіне адал тергеушілердің жұмыстары айтарлықтай жеңілденіп, бірізділенбек, ал керісінше бас пайдасын көбірек ойлайтын және жауапсыз қызметкерлерге шынымен қиындау болмақ. Сонымен қатар сауатсыз тергеушілердің тез арада өз-өзімен жұмыс істеуді қолға алғандары жөн.
Өмірәлі ҚОПАБАЕВ, белгілі заңгер:
– Заң жобасы, сөз жоқ, сотқа дейінгі өндіріске түбегейлі өзгеріс енгізбек. Өз басым қолдаймын. Тек қағаз жүзінде қалып қоймай, дер кезінде жүзеге асырылса игі. Бұрындары Қылмыстық іс жүргізу кодексі эволюциялық жолмен жетілдіріліп келсе, енді революциялық жолмен дамымақ.
Штефан БУХМАЙЕР, ЕҚЫҰ орталығының адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі:
– Қоғамдық талқыға түскен бұл заң жобасының адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылмауына толық кепілдік беретініне сенімдімін.