Теңіз жаяу әскерлері қара жаяу емес
Өткен аптада Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы, Астана қалаларындағы бір топ республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері әскери ұшақпен Ақтау қаласына барып қайтты. Маңғыстау түбегінде тұрған Теңіз жаяу әскерлерінің гвардия бригадасында журналистер қосынын бригаданың штаб бастығы, гвардия майоры Нұрлан Кәрібаев пен Тыл бастығы гвардия полковнигі Армен Хачатурян қарсы алды.
Гвардиялық бригада үшін Ақтау қаласының түбінен жаңа әскери қалашық салынған. Қазақстандық теңіз жаяу әскерлері бригадасында қазір мыңнан астам қатардағы жауынгер қызмет етіп жатыр. Бригададағы теңіз десантшылары соңғы үлгідегі барлық заманауи қарулармен жабдықталған. Жаттығу полигонында әскери маневрлердің барлық түрі жүргізіледі. Бригада республикадағы ең үздік көрсеткіштерге ие болғаны үшін Қарулы Күштердегі бөлімдер арасында бірінші орында тұр. Бүгінде жан-жақты жасақталып, заманауи қару-жарақтар мен техникалармен жабдықталған Теңіз жаяу әскерлері «қара жаяу» емес. Бұған біз осы сапарда анық көз жеткіздік.
Теңіз жаяу әскерлері бригадасының тарихы 1941 жылдың желтоқсанынан басталады. Полк соғыс біткеннен кейін Вена қаласынан Өзбекстандағы Қата Қорған елді мекеніне көшіріледі. 1960 жылы – Самарқандқа, ал 1971 жылы Жамбыл облысындағы Гвардейский елді мекеніне ауыстырылған. Содан бері даңқты полк қазақстандық болып саналады. 2002 жылдың маусымынан бастап 51-гвардиялық мотоатқыштар полкі 2-гвардиялық дербес бригада болып қайта құрылады да, «Батыс» аймақтық қолбасшылықтың құрамына енгізіледі. 2004 жылы тамызда Қазақстан қорғаныс министрінің өкімімен бұл гвардиялық бригада «Батыс» аймақтық қолбасшылықтың 390-жағалауды қорғау бригадасы болып құрылады. Биылғы жылдың 17 наурызында Елбасының жарлығына сәйкес, гвардиялық бригада 390-теңіз жаяу әскерлері бригадасына айналды.
Екі күн әскери-тактикалық жаттығу полигонында болған журналистер қауымы тұңғыш қазақстандық теңіз жаяу әскерлерінің ұрыс даласындағы өнерлерін көріп, отан қорғаушылардың өз міндеттерін адал атқарып жатқандарына сүйсініп қайтты. Күзде теңіз жаяу әскерлерінің гвардиялық бригадасы Ресей теңіз күштерімен бірлескен әскери жаттығулар өткізеді деп жоспарлануда. Олардың соғыс тәсілдерін қалай меңгергеніне сол жаттығулар кезінде шынайы баға беріледі.