Теңіз күзеткен тарландар
18 тамыз күні еліміздің құрыш қамал қорғаны, тәуелсіздігіміздің тұғыры – шекарамыздың бек амандығын қырағы күзеткен Шекара ведомствосының құрылғанына 21 жыл толады. Осы таңға дейін айбынды шекарашыларымыз байтақ жеріміз бен айдын шалқар теңізіміздегі ел шебінің қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етіп келеді.
Тарих беттеріне үңілсек, ел егемендігін алған елең-алаң жылдары Отанымыздың теңіздегі қорғаныс жүйесін қалыптастыру Елбасы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен және көрегенділігімен сипатталатындығы анық. Өйткені Қарулы Күштердің басқа түрлеріне қарағанда, ол кезде жас мемлекеттің аумағында айтарлықтай әскери-теңіз бөлімдері мен бөлімшелері бола қойған жоқ. Егемен елімізге КСРО Әскери-теңіз флоты Каспий флотилиясынан қалған кемелердің жағдайы Әскери-теңіз күштерін құратындай дәрежеде емес еді. Корабльдер мен катерлердің барлығы ескірген, кейбірі істен шыққан болатын, ал теңізші мамандар елімізде жоқтың қасы болды. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, 90-шы жылдары еліміз мамандарды Америка Құрама Штаттары, Түркия және Ресей сынды алыс және таяудағы шет мемлекеттерде оқытуды ұйымдастыра білді, қажетті жауынгерлік және күзет кемелерін сатып алудың амалдарын қарастырып жүзеге асырды. Сол себепті қазақ жерінде Әскери-теңіз күштерін құру тың жерге түрен салумен бірдей болды десек қателеспейміз. Қарт Каспийдің қойнауындағы иен байлық пен шалқар теңіздегі шекарамызды қорғау жолында ҰҚК Шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының теңізші шекарашылары да қажырлы қызмет атқарып келеді. Тарихты парақтасақ, Каспий айдынындағы шекара күзетін қамтамасыз ету Түпқараған ауданының Баутино кентінде ҰҚК Шекара қызметіне қарасты теңіз дивизионын құрудан басталып, алғашқы әскери кемелер суға түсірілді. Сол тұста шекарашы теңізшілер өз міндеттерін Каспийдің физикалық-географиялық жағдайлар мен ерекшеліктерін есепке ала отырып жүзеге асырған. Мысалы, солтүстік учаскедегі таяз жерлерде қайықтар пайдаланылса, теңіздің терең айлықтарындағы шекараны күзету әскери кемелермен жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда Шекара қызметінің теңіз дивизиондары заманауи құрал-жабдықтармен жоғары деңгейде жабдықталып, техникалық күш-қуат әлеуеті жыл сайын артып отыр. Қазір олардың қарамағына Орал қаласындағы отандық кеме жасау зауытынан шыққан ондаған су жаңа әскери кемелер берілген. Бұл шекарашылардың теңіз қойнауындағы табиғат байлығына қолсұғушылармен күресті ұтқыр да ұтымды ұйымдастыра біліп, берік тосқауыл қоюға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, өткен 2012 жылы «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасына қарасты теңіз дивизиондары 4 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтаған. Бекіре балығының уылдырығын пайда табудың нағыз көзіне айналдырған жүздеген браконьер темір тордың арғы жағына тоғытылған. Олардан 500-ден аса қайық пен ұзындығы үш шақырымға жуық ау тәркіленген. Атап өту керек, шекарашы теңізшілердің осы ортақ еңбегіне «Жағалау» өңірлік басқармасының 2201 әскери бөліміне қарасты «Егемен» атты шекара кемесі жеке құрамының қосқан үлесі зор-ақ. Қастерлі тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай жасалып, теңіз ендігін қорғауға берілген бұл кемедегі шекарашылар үстіміздегі жылы шетелдік 12 жүзу құралын, 46 адамды теңіз айдында құрықтап, жеті шақырымға жуық ауды тауып, тәркілеген. Кемені өзі ісінің білгірі, тәжірибелі маман 3-сыныпты старшина Берік Жантілеуов басқарады. Ел қауіпсіздігін бекемдеуге үздік атсалысып, қарт Каспийдің қойнауындағы иен байлығымыздың шашау шықпай қорғалуына бойдағы бар күш-жігерін сарп еткен егемендік шекарашылар 2012 жылы өңірлік басқарманың «Үздік шекара кемесі» мәртебелі атағын жеңіп алды. Мақтанышқа айналған теңіздегі шекара сақшыларын алдағы мерекелерімен құттықтап, айбындарың арта берсін деген тілек білдіреміз.