«Сұлулық құрбандықты талап етеді» десек те, ажал аузына дейін сүйрелейтін сұлулыққа ұмтылу ақымақтық болар. Бүгінгі таңда өзіне көңілі толмайтындарға бас қатырар мәселе жоқ. Қасыңыз ұнамаса түбірімен қырып тастап, орнына қалағаныңызша «сызып» алыңыз, ерніңіздің пішіні ұнамаса, қалағаныңыздай «жиектеп» алыңыз. Бұрын мұны қаламның ұшымен істейтін болса, қазіргі таңда инемен піспектеп отырып, яғни татуаждың көмегімен белгілі бір уақытқа дейін «өңін бермейтін» қалыпқа келтіріп алуға болады. Ал татуировкамен кез келген үлкенді-кішілі, қара және түрлі-түсті суреттерді денеңізге «қондырып» алуға болады. Бірақ...
Осы жерде «артық қылам деп тыртық қылып» алудың мүмкіндігін де естен шығармаған жөн. Олай дейтініміз, жақында ақтөбелік салондардың бірінде татуаждың көмегіне жүгінген бір азамат В және С гепатиттерін жұқтырған. Денеге татуаж және татуировка салдырған кезде дененің инемен піспектеліп, одан тері арқылы адамның қанына сан түрлі жұқпалы дерттердің тасымалданатынын ескерсек, адам өміріне де төнетін қауіптің қаншалықты екенін бағамдай беруге болады. Өкінішке қарай, сәнқой жастардың арасында татуаж бен татуировка салдырғысы келетіндер саны жылдан-жылға артып барады. Бұрын кіндігін ашып немесе мықынын көрсету арқылы айналасындағылардың назарын аударғысы келетіндер енді одан әрмен жұрттың «ықыласына бөленгісі келіп», дәл сол жерге түрлі суреттер де салдыра бастағандай. Әсіресе, жаз айларында мұндай суреттердің неше атасын кездестіруге болады. Алайда мамандар енді 10-20 жылдан соң қазақстандық онкологтардың алдында денесінде түрлі-түсті суреттері бар «татулықтар» қаптайтынына бәс тігіп отыр. Себебі «ине ұшындағы сәннен» қалғысы келмейтіндердің терілері уақыт өте келе онкологиялық аурулардың тууына бейім болып келеді екен. Әсіресе, татуировка кезінде инемен теріні зақымдай отырып, онда түрлі-түсті бояулардың қолданылуы тері арқылы қан тамырларымен адамның ішкі мүшелерінің улануына алып келеді екен. Татуировка түстерінің ішінде бұрыннан қолданыста келе жатқан – қара және көк түстер. Олардың ұғымында сары түс адамның еркіндігін білдірсе, күлгін түс ақылдылықты, қызыл түс үлкен жойқын күш-жігердің иесі екенін білдіретін көрінеді. Осылайша, түстерді қолдан дәріптеу «тату салондарға» жиі бас сұғушылардың қатарын арттырып отырғандай. Көп жағдайда татуировка мен татуаждың зардаптары арада 8-10 жылдан соң белгі бере бастайды екен.
Алматыдағы «тату салондарға» бас сұққанымызда салондағы шеберлер қазіргі күнде лазерлік сәулелердің көмегімен кез келген татуировка мен татуажды өшіріп тастауға болатынын айтты. Алайда дерматолог дәрігер лазердің де өз зияны бар екенін алға тартады.
Қазіргі таңда татуаждың орташа бағасы 18-25 мың теңге аралығында екен. Ал оны лазермен өшірудің біржолғы сеансы 12-15 мың теңге көрінеді. Татуажды өшіруге бір сеанстың аз екенін ескерсек, бұл жұмыстың машақатымен қатар қаражаты да аз емес екенін көруге болады. Тіпті вирусқа қарсы емдеу курстарына да қосымша ақы төлеу керек екен. Алматыдағы салондардың біріндегі дерматокосметолог Әсия БЕРМҰРАТҚЫЗЫ:
– Ерінге жасалған татуаждан соң ерінде бөртпелер пайда болуы мүмкін. Мұндай бөртпелердің асқынуының алдын алу үшін процедура алдында және процедурадан кейін вирусқа қарсы емдеу шараларын өткіземіз. Бес күндік емдеу шарасы 16 мың теңге тұрады, – дейді.
Бұл – татуаждан соң оның тигізер зардаптарына да қалтаңыздан бөлек ақша шығаруға тура келетінінің айғағы.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заңгер:
– Бұл – қазақ қоғамында енді басталып келе жатқан үрдіс. Сондықтан ба, әлі күнге татуаж жасатушылардың сот орындарына шағымданғанын естімеппін. Алайда заңдық тұрғыдан бұл адамдардың денсаулығына зиян келтіргендіктен, қауіпсіздік ережесін сақтамаған кез келген салон иесі заң алдында жауап беруі тиіс.
Көптілеу АМАНТІЛЕУОВ, жұқпалы аурулар дәрігері:
– Ине дертті адам ағзасында енуіне қолайлы жағдай туғызатыны жасырын емес. Мысалы, ғасыр дерті ЖҚБТ ауруының да жұғу себептерінің бірі жыныстық қатынас жолы болса, екіншісі – осы ине арқылы жұғу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан егер иненің мұқият тазаланғанына көз жетпесе, пайдаланудың қажеті жоқ. Себебі сұлулық сатып аламын деп, ауру сатып алуыңыз әбден мүмкін.
Ғазима НҰРБЕКОВА, дерматолог:
– Қыз-келіншектер далаппен немесе қарындашпен мезгіл сайын макияж жасағанымен, ол ұзақ уақыт тұра қоймайды. Ал татуаж оларды әдемі қалыпқа келтіріп қана қоймай, түсін жоғалтпауына септігін тигізеді. Бұл пайдалы жағы болса, зиянды жағы да баршылық. Мәселен, татуировканы терісі сезімтал, сондай-ақ денесінде қалы бар немесе аллергиясы бар адамдарға жасауға болмайды. Айта кетер жайт, татуировка уақыт өте келе өшірілгенімен, оның орнында пайда болатын жасушалар қара қошқыл түске енеді. Рас, татуировканы қазір лазерлік сәулелердің және фототерапиялық құрылғылардың көмегімен өшіруге болады. Бірақ лазерлік сәулелердің де өз зияндылығы бар. Тіпті лазерлік тазартудан соң тері түсінің өзгеруіне де алып келіп жатқан жағдайлар бар. Сондықтан теріні зақымдар алдында алдын ала мұқият ойланып алған жөн.