Тараздағы көші-қон полициясы арқылы құжат рәсімдеген қандастар енді елден қуылуы мүмкін. Өйткені әр елден ата жұртқа қоныс аударған 250 адамға берілген ықтияр хаттың екі жылдан кейін жарамсыз екені анықталған.
Сондықтан бұл кісілердің енді Қазақстанда жүруі заңсыз. Осылайша құзырлы орын өкілдерінің кесірінен тығырыққа тірелген ағайын не істерін білмей, бас қатыруда. Тақырыпты Руслан Әбдіхалық тарқатсын.
Алматыдан арнайы келген бұл төрт азамат төбесінен жай түскендей болды. Өйткені 2015 жылы Қытайдан көшіп келгенде, Қазақстанда жүрулері үшін төлқұжат есебінде берілген ықтияр хат жарамсыз болып қалған. Мұндай сұмдықтың беті тұрғылықты жер бойынша анықтама алу кезінде ашылған.
Қанат Берікбол:
-Біз жина дегенді жинадық. Бер дегенін бердік. Енді беріп алып бір жылдан соң құжат жарамсыз дегендері бізге қажет емес. Мен қазақстанға азаматтық алайын деп келдім, мен Қытайға қайта кетейін деп келгенім жоқ. Азаматтық керек маған.
Ата жұртты аңсап келген ағайын енді екі ортада тентіреп қалды. Қазір азаматтық алмақ түгілі, Қазақстанда аяқ басып жүрудің өзі мұң. Яғни берілген құжат заңсыз деп табылған соң оның күші жойылған. Ал Қытайдан келгендердің жағдайлары тіптен қиын.
Бажигүл Қажыбекқызы:
-Қытайлар қабылдамайды. Олар заң шығарып қойған: өз еркімен біздің рұқсатымызсыз азаматтық алмайсың деп. Бұлар барса төтелей олардың құрбандығы сотталу керек. Құжаттыз бір күнде жүре алмайды. Қытайға бара алмайды да, бұлардың тағдыры босқын немесе, түрме жағалаумен өтеді.
Екі ортада «босқын» күйіне түскендердің айтуынша, қалалық көші-қон полициясы басқармасындағылар бұл мекемені бизнес орталығына айналдырып алған. Жалпы, осы құзырлы орын өкілдерінің кесірінен 250 адамның ықтияр хаты жарамсыз деп табылған. Оның көбі бұл жайында әлі естімепті. Қазір осы былыққа қатысы бар деген күдікпен қалалық көші-қон полициясы басқармасының басшысы бірнеше инспекторымен бірге қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.
Бекзат Досыбаев, Жамбыл облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының инспекторы:
-Нақты қазір ештеме айта алмаймын. Сол қызметтік тексеріс жүргізіледі. Қазіргі таңда сол заңсыз берілгендігі үшін, ішкі істер органдарының қызметкерлері істі болып жатыр ғой. Сондықтан да сол кісілердің кінәсі десек те болады.
Көші-қон полициясының кесірінен енді 250 адамның тағдыры қыл үстінде. Тексеру кезінде төлқұжат есебінде жүретін ықтиярхаттың жалған екендігі расталса, онда заңға сәкес 250 қандас елден шығарылуы тиіс. Ал бейресми мәліметтерге сүйенсек, жалған құжат ел бойынша тек Жамбыл облысында жасалып, азаматтар тек содан соң әр өңірге жіберіліп отырған.