Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектепті прокуратура тексереді
Прокуратура Талғардағы мектеп құрылысының сапасын тексеруге кірісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Алматы облысының прокуратурасы Талғар қаласында 1 200 орындық мектеп құрылысының сапасын бақылауға алды. Құны 3,1 миллиард теңге болатын мектептің құрылысы 2021 жылдың соңында аяқталған. Қазіргі уақытта шатырдың сапасы, ішкі әрлеу жұмыстары және аумақты абаттандыру бойынша ақаулар анықталды. Тиісті шаралар қабылдау үшін тексеруге уәкілетті органдардың мамандары тартылды", - делінген Алматы облысы прокуратурасының хабарламасында.
Прокуратура тексеру қорытындысы бойынша қабылданған шаралармен халықты хабардар етуге уәде берді.
Еске салайық, Алматы облысы Талғар қаласының тұрғындары 1200 орындық жаңа мектептің сапасына наразы болатын.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мектеп дәретханасы далада орналасқан. Мектептің қабырғалары жарылып, сыз тартып, төбесі опырылып жатыр. Ал мектептің бюджетіне үш миллиард теңге жұмсалған.