Ел ішінде такси тасымалына деген сұраныс жоғары. Алайда шоқтығы биік саналатын қоғамдық қызметтің бұл түрінде әлі күнге дейін біржүйелілік қалыптаспай келеді: көліктеріміз «ала-құла», жүргізушілері дөрекі, мәдениеттен мақұрым. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, такси мемлекеттің ажырамас атрибуты іспеттес. Мәселен, құдай айдап АҚШ-тың бір штатына бара қалсаңыз, сары түсті таксиден аттап баса алмайсыз. Сондай-ақ әйгілі Лондонда жүрсеңіз қара түсті такси, Берлинде mercedes маркалы такси қол астыңызда дей беріңіз, кез келген уақытта қызмет көрсетуге дайын. Ал біздегі такси қызметінің сапасы қандай? Ауыз толтырып айтпасақ та, қазір ірі қалаларда, облыс орталықтарында таксиді бір стандартқа келтіру науқаны жүріп жатыр. Әзірше тасымал көлігін «шаршы белдеумен» буып, бірыңғай таксометр орнату міндеттелуде. Алайда «піспеген астың күйігі жаман» демекші, бұл істің де шала тұстары баршылық екен.
Кемшіліктің бір тұсы таксиді басқару ісінің жүйесіздігінде жатыр. Саусағыңызды бүгіп, санай беріңіз – Көлік және коммуникация министрлігі, Қаржы министрлігі, Кедендік бақылау комитеті, Жол полициясы және ең соңғысы жергілікті әкімшілік бар, бақандай бес мемлекеттік орган бес жақтан билік айтқанда, таксистің не жаны қалады десеңізші. Бұған қоса, сала мамандары әр облыста такси қызметін реттеп отыратын жергілікті әкімдік пен мәслихаттың бекіткен ережесі болуы керектігін айтады. Әзірге ондай ереже тек Астана қаласында ғана бар.
Тағы ескеретін жайт, таксиді жүргізуші де, оны тұтынушы да – қарапайым халық. Дерек-дәйектермен зерделесек, жергілікті халықтың 70-тен астам пайызы автомобиль тасымалдаушылардың қызметіне жүгінеді екен. Әйткенмен адам өмірін қауіпке тігетін қатердің бір көзі де осы автокөліктерден келетін апаттар екенін тағы жоққа шығара алмаймыз. Аузымызды құр шөппен сүртуден аулақпыз. Ресми мәліметтерді келтірсек, осы жылдың соңғы 10 айы көлемінде республика бойынша 11 149 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қайғылы оқиғалардың салдарынан 3000-ға жуық адам ажал құшып, 13 мыңы ауыр жарақат алған (мұның ішінде такси қызметінің үлесі басым). Такси туралы толғауымыздың «төркіні» содан шығып отыр.
Рашид АМАНЖОЛОВ, Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:
– Елімізде заңсыз жолмен ақша тапқысы келетін таксистерге тосқауыл қою үшін арнайы рейдтер жүргізіліп тұрады. Тексеріс нәтижесінде көлік жүргізушілерінің басым бөлігінде жолаушы тасуға рұқсаты болмай шығады. Көліктері де талапқа сай емес. Ең сорақысы, олардың көбі өз істерінің заңсыз екендігінен бейхабар. Сол себепті де заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін такси қызметін сұрыптап, бір жүйеге келтіретін уақыт келген сияқты. Осыған орай, Астана қаласы бойынша қабылданған «Жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесіне» сәйкес, астаналық такси автомобильдеріне шанақ периметрі бойынша шаршылы белдеумен және көлік төбесіне орналастырылған, 500 метр қашықтықтан анық ажыратылатын айырымдық белгімен жабдықталуы міндеттелінуде.
Таяқтың екінші ұшы тағы бар. Таразының екінші жағында такси кәсібінен нәпақа тауып жүрген мыңдаған, миллиондаған адамдардың тағдыры тартылған. Таксистерімізді мезі еткен, 10-15 жылға жуық жырланып, иі қанбай, иленуі кем түсіп жатқан стандарт төңірегіндегі мәселелердің гәбі неде сонда? Аталған саланың жілігін шағып, майын ішкен бесаспап мамандар такси қызметін бір стандартқа келтіру үшін ең алдыңғы кезекте таксистердің тағдырын тәлкекке салмайтын, кәсіптерін қайраңға батырмайтын ортақ ереже қажет деседі. Ал әр өңірде такси тасымалын атқаратын кәсіпорындар, диспетчерлік қызмет орталықтары, такси жүргізушілері «бір стандартқа келтіру» талаптарына кезігіп қалып жүргенімен, елде заңды түрде бекітілген мемлекеттік стандарт атымен жоқ. Содан болар, заңды күші жоқ талаптарға тап болған таксистер «шу» ете қалған алғашқыда. Мұның өз пайдасы тиді. Министрлік төрінде шіренген шенеуніктер елең етіп, «Таксимен тасымал қызметі» деп айдарланған мемлекеттік стандарттың жобасын даярлауға кіріскен. Онда таксистерге қойылар талаптар ашық айтылған.
Селім ҚУАНЫШҰЛЫ, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль көлігін және нормативтерді дамыту басқармасының бастығы:
– Бұл мәселе төңірегінде көптеген талқылаулар, пікірлер айтылды. Осы уақытқа дейін жергілікті әкімшілік такси қызметін реттеп, өз талаптарын қойып келген еді. Ендігі кезекте такси қызметін бір ретке келтіру ісі мемлекеттік деңгейде, дәлірек айтқанда, министрліктің қолына өтеді. Қазір заңға арнайы тармақ енгіздік. Заң күшіне енген соң, ресми таксистер сап түзейтін болады. Әзірше таксиге жұмылдыратын көліктердің түстері әртүрлі болмақ. Тек олардың барлығында ортақ белгі болады: шаршы белдеу мен айырымдық белгі тағып, таксометр орнатылады. Бұған қоса, көліктің артқы есіктерінде қызмет көрсететін диспетчерлік қызметтің нөмірлері жазылуы міндеттелінеді.
Селім Қуанышұлының айтуынша, такси тасымалына қатысты мемлекеттік стандарттың талаптарын міндеттейтін норма «Автомобиль көлігі туралы» Заңға тармақ ретінде енгізілген. Алдағы күндері жоба Парламенттің қарауына жіберілмек. Демек, жаңа жобаның айы оңынан туып, 2013 жылдың соңына дейін депутаттардың қолдауына ие болып жатса, көлігі талапқа сақадай сай келмеген таксистер лезде-ақ өз нәпақасынан оп-оңай қол үзеді деген сөз. Мамандар солай дейді. Себебі мемлекет жобаны әзірлегенімен, бір стандартты қалыптастыру механизмдері мен шығындарын таксистердің «арына» тапсырған.
Таксистердің бүйрегіне шаншудай қадалған бұл мәселе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әкімқаралардың қала, кент көшелеріндегі «ала-құла» дүңгіршіктерге қырғидай тиген сәтін көз алдымызға әкеледі.«Я бәрін бір түске бояймыз, я болмаса көзін жоямыз» деп жаппай науқан жүргізген еді сол кезде. Нәтижесінде қарапайым халық талғажаулық нәпақа көріп отырған дүңгіршіктердің бәрі жойылып кеткен. Бақсаңыз, әр дүңгіршектің артында адам тағдыры тұр. Әр адамның артында бір-бір отбасы бар. Осылайша, ұсақ кәсіпкерлердің басым бөлігін жойып жібергенімізді байқамай қалған едік. Дәл осындай дәурен ендігі таксистердің басына көшпесіне кім кепіл?
Талғат ДОСКЕНОВ, Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының президенті:
– Жалпы, таксиді бір стандартқа келтірген жөн бе? Қазақ таксистері бұған дайын ба? Бұл сұраққа бас қатырған билік өкілін көрмедім. Жауаптары әлгіндей: халықаралық стандарттың талаптарына сай, шетелдің сары түсті таксилеріне қарап бой түзеуіміз керек. Шетелдіктер бұл күнге бірден келген жоқ. Ай-күні жетіп, дамуы пісіп, қоғамдық сана ықпалының нәтижесінде бір стандарттағы таксилер дүниеге келді. Ал біздегі таксистердің қызмет сапасын шетелдіктермен салыстыруға мүлдем келмейді. Елдегі таксист деп жүргендеріміз кімдер өзі? Бұлар тұрақты жұмысы жоқ азаматтар, зейнеткерлер, осы кәсібі арқылы бүтін отбасын асырап жүрген ұсақ кәсіпкерлер. Бұлардың көбісі кәсібін заңдастырып алған. Жергілікті билік «көлігіңді сары түске боя, бірыңғай костюм ки» деп қалай талап қояды? Ең әуелі, біз талап қоймас бұрын, такси қызметін реттейтін ортақ ереже, ұтымды жолдарын ойлап табуымыз керек.
Тобықтай түйін
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, Қазақстанға келген шетелдіктердің ең алдымен елдегі такси қызметіне жүгінетіні сөзсіз. Ал отандық таксистердің қызмет сапасы сын көтермейтінін ұғыну аса қиын емес. Бұдан шығатын қисын: кез келген елдің мәдениетін сол елдің таксистері арқылы бағалауға болады. Мәселен, тура бес жылдан соң Қазақстанда EXPO-2017 халықаралық көрмесін дүркіретіп өткіземіз деп отырмыз. Сонда дейміз-ау, көрме өткіземіз деп шабылып жатқанда, шетелдіктерді отандық taxi қызметінен шошытып алып жүрмейміз бе?