Сандарға көз жүгіртсек, соңғы бес жылда атыраулық табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғауға 260 миллиард теңге жұмсап, 1240 жобаны жүзеге асырыпты. Бір қарағанда, әжептәуір мөлшер болып көрінеді. Бірақ бұдан Атыраудың аспаны ашылып, ауасы таза, суы мөлдір бола қалды деу де негізсіз. Экологиялық ахуалы мүшкіл шаһарда өндірісін өркендетіп, экономикаға үлес қосып жатқан кәсіпорындардың барлығы бірдей Табиғат-Ана алдындағы жауапкершілікті жете сезініп отырған жоқ. Жыл аяғында облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукеновтің басшылығымен өткен арнайы мәжілісте белгілі болған жайттар да бұған мысал бола алады.
Облыстық табиғи қорлар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол Қуанов баян еткендей, өткен жылы мұнайлы аймақтағы табиғат пайдаланушылар құны 33 млрд теңгеге бағаланған 344 шараны жоспарлаған екен. Бірақ «тәп-тәуір әннің» орындаушысы осал болды ма, сол жоспардағы істің 80 пайызы ғана орындалыпты. Жасыратыны жоқ, табиғат қорғау шараларына арналып бөлінген қаражатты толық игермеу – жыл сайын қайталанып келе жатқан үрдіс. Мысалдарды сөйлетсек, «Ембімұнайгаз» өндірістік басқармасының бөлімшесі 2009 жылы геоғарыштық мониторинг жүргізуді бастау қажеттігін ескеріп, жоспарларына енгізіп еді. Алайда бұл мәселе әзірге қағаз күйінде қатқан қалыптан ауытқымай тұр. Аса маңызды тағы бір жоба – су астында қалған мұнай ұңғымаларына мониторинг жүргізу ісі де мандыған жоқ, тіпті бұл мақсатта өткізілуі тиіс тендерге де әлі «түрен түспеген». Ал бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындау 2008 жылы жоспарға енгізілгенімен, екі жыл бойы «әрі итеріп, бері жығып» келген жоба ақыры түбірімен сызылып тасталды. Ербол Қуановтың айтуынша, бүлінген топырақты қайта өңдеу үшін қажетті «Стримлайн», «Таза жер» қондырғылары жарамсыз болып қалған. Мекеме өкілдері жаңа қондырғының алынғанын айтқанымен, әзірге «өзгергенді көз көрмей тұрғаны»...
Ауаны таза ұстағаннан айыппұл төлегенді оңай көретінімен аты шыққан тағы бір мекеме – «Теңізшевройл» компаниясы. Лас шығарындыларымен ауаны бір, қара жерді екі бүлдіретін ТШО қаншама миллиардын айыппұлға төлегенімен, айылын жияр сыңай танытар емес. Айталық, ТШО-ның өткен жылғы табиғат қорғауға арналған 13 шарасының тек екеуі ғана орындалыпты. «Күкіртті баламалы басқару жүйесі» жобасы 2008 жылдан бері созылып келе жатыр. Ал өткен жылдың 11 айында қалдықтарды пайдаға асыру жөніндегі жобаның 47 пайызы ғана жүзеге асырылған. Тағы бір баса айтарлық жайт, аталған компания өндіріс көлемін жылдан-жылға арттырып келе жатса да, соңғы төрт жылда табиғат қорғау шараларын қаржыландыру мөлшерін екі есеге азайтқан.
Бұл тізімнен NCOC пен «Аджип ҚКО» компаниялары да сыртқары қала алмайды. Олардың тәп-тәуір жоспарлары бола тұрса да, қағазда көрсетілген іс нақты өмірден көрініс таппаған. Орындалған шаралардың өзі аяғына дейін толық жеткізілмеген. Жылма-жыл жыр болып келе жатқан «Самал» вахталық қалашығының жанына жасыл желектерді орнату мәселесінің шешілер күні де көрінер емес.
Әрине, мұның бәрін санамалап отырғандағы мақсат «отқа май құйып», барды жоқ деп көрсету емес. Дегенмен табиғат пайдаланушылардың о баста жап-жақсы ниетпен тәп-тәуір шараларды жоспарларына енгізгендегі басты мұратының түп-төркінін де бағамдайтын секілдіміз. Қызметтерін жүзеге асыруға құзырлы органдардан эмиссия алу үшін әлгіндей табиғат қорғау шараларының жоспары талап етілетінінен хабардар бірқатар мекеме елдегі экологиялық заңнамаларды белден басып отырғандарын сезінбей жүрсе керек-ті. Әйтпесе табиғат қорғау шараларының көпшілігі технологиялық модернизацияның бұлжымас бөлігі болып табылады, сондықтан да олар қағазда қатталып тұрмай, міндетті түрде жүзеге асырылуы тиіс.
Айтқандай, сол мәжіліс барысында облыстық табиғи қорлар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жоспарланған шараларын толық көлемде орындамаған мекемелердің қызметін тоқтату не бұрын алынған рұқсаттарының күшін жою туралы ұсыныс тастаған болатын. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукенов те бұл жайтты жасырып қалмай, болашақта экология министрімен бірге жергілікті атқарушы билікті, экологтарды, аймақтағы мұнай өндіруші мекемелердің басшыларын жинап, келелі кеңес құру қажеттігін айтып өткен-ді. Қалай болған күнде де қоршаған ортаның ахуалы жайлы мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Өйткені әуелден «адамдардың табиғатсыз күні жоқ». Ал табиғаттың мұны айтарға тілі жоқ...