Тыңдап көрелік: «Сырдарияның суын ауыл шаруашылығы үшін де, балық шаруашылығы үшін де пайдалануға, тұтынуға мүлдем жарамайды!». Бұл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Үйлесбек Бестерековтің үзілді-кесілді шешімі. Ғалымның мәлімдеуінше, су құрамында адам өміріне өте қауіпті хром, қорғасын, сынап, цинк, никель, молибден сияқты ауыр металдар шамадан тыс артық. Қазақстанның тәуелсіз қолданбалы экология агенттінің Бас директоры Мәлік Бүрлібаев 2009 жылдың өзінде-ақ Сырдария суының «сұмдығын» әшкерелеп қойған.
Бұлақтың таза болмағы – бастауынан. Сырдың суы сонау Тәжікстаннан бастап бүлінеді екен. Тәжік ағайындар қалдық және ыза суларды Сырдарияға төгеді деседі. Одан қала берді Ферғана мұнай өңдеу зауытынан шыққан қалдық су Сырдарияға құйылатын көрінеді. Дарияны бүлдіруге келгенде өзбек ағайындар да қарап қалмаса керек. Еритін, ерімейтін түрлі қоспалар, минералдық, органикалық, бактериалдық, биологиялық лас сулар қосылған соң оңа ма, кезінде «Үлкен маржан» атанған дария бүгінде «үлкен тажал» атанған. Шымкенттік ғалымдар өзеннің ластануын Өзбекстанмен шекарада анықтаған. Бірақ тек қана өзбек елі өзенді ластап отырмағаны анық. Өзеннің жоғары сағасында үш бірдей мемлекет бар. Олардағы кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығынан қаншама лас су дарияға құйылатынын есептеп жатқан ешкім көрінбейді.
Профессор Үйлесбек Бестереков халықаралық грантқа қатысатын Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттеріндегі Сырдария суының ластануы жайлы толық ақпарат жиналған соң ғана қай елдің қанша «үлесі» бары анықталатынын алға тартады. Егер суды ластап отырғандарды анықтап, оларды тоқтатып, өзен суын тазартуға жаппай жұмылғанның өзінде дария он жылда ғана аздап тазара бастайды екен. Демек, әлі ондаған жылдар бойы Сыр жағалағандар улы суды тұтына бермек.
Сонымен, өзенді ластап отырған қай ел? Мұны ғалымдар тап басып айта алмайды. Алдағы уақыттардың бірінде мемлекетаралық кеңес өтеді деп күтілуде. Міне, сонда трансшекаралық су мәселесі кеңінен талқыланбақ.
– Мақтаарал ауданында 137 мың гектар, Шардарада 55 мың гектар, Арыс, Отырар, Түркістанда 30 мың гектардан, барлығы 230-250 мың гектар алқап осы өзеннен суарылады. Мақтаның, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын тексеру керек. Олардың бүлінуі судан болып отыр ма, әлде басқа удан болып отыр ма, анықтаған жөн. Бүгін көңіл бөлмесек, ертең кеш қаламыз, – дейді Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Убайдулла Үмбетов.
Сырдың суының күмәнді екені туралы талайдан айтылып жүр. Өзеннің басында отырған елдердің дарияға өндірістік қалдықтарға дейін тастайтынын айтып, ғалымдар бұдан бұрын да дабыл қаққан. Таң қаларлығы сол, шымкенттік ғалымдар халықаралық ұйымның бөлген грантынан соң ғана Сырдың суы сұмдық екен деп дабыл қақты. Осы дабылды бұрын қақса қолдарын кім байлады, ауыздарын кім жапты? Әлде халықаралық ұйым араласпаса, ащы шындық ашылмайтын ба еді? Тұщы суға жарымағандардың жанайқайын кім тыңдайды? Сонда жергілікті мекемелер, құзырлы органдар, су саласын тексеріп, мемлекеттің қаржысымен нәпақасын айырып отырғандар осы күнге дейін Ай қарап отырған ба?
Әй, дегенмен, қорқынышты қорытынды елді бір дүр сілкіндірді. Енді осы жанайқайдан, халықаралық зерттеуден бір нәтиже шықса жарады.
Айтпақшы, көктем сайын Сыр өзенінің арнасынан тасып, жағалаудағы елді мекендерді шуылдатып кететін бір «ерке мінезі» бар. Сірә, Сырдың суы елді састыруын әзірге тия қоймас-ау...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Оңтүстік Қазақстан облысы
jasqazaq.kz
(Түпнұсқадағы тақырып:
Су маңындағы шу)