Шымкентте зілзаладан бірнеше көпқабатты үйдің қабырғасы қақыраған
Шымкентте жер сілкінісінен кейін бірнеше көпқабатты үйдің қабырғасына сызат түскен. Шымсити деп аталатын шағын аудандағы тоғыз қабатты баспана бір апта бұрын болған зілзаладан бүлінген. Тұрғындар бар-жоғы төрт жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үйде тұруға қорқып отыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.
Тіпті көпшілігі туыстарының үйін паналап кеткен. Ал үйді салған құрылыс компаниясы мен оны қабылдап алған шенеуніктер даурығатын дәнеңе жоқ дейді.
Төрт жыл бұрын ғана берілген 96 пәтерлік бұл үй апта бұрынғы жер сілкінісіне шыдамапты. Үш балдық дүмпу кезінде қабырғалары қақырап, әу баста пайда болған сызаттар үлкейіп кеткен.
Тұрғындар тіпті сапасыз үйдің қабырғасы қалай қарс айырылғаны құлаққа анық естілді деп отыр.
- Бірдеме шытырлаған, балашағамды алып далаға шығарып үлгердім. Келсем, осындай боп жатыр. Қалай жарылғанын көрмедім. Бірақ шытырлаған дауыс естілді. Тұрғындар сызаттан жел гулегесін, жарықтың бетіне скотч жабыстырып тастаған. Жер сілкінісі болғалы тұрғындар әбден қорқып қалған.
Құралай Сағындықова, Шымкент тұрғыны:
- Жер сілкінген күні жаман қорықтық. Мына үйдің бәрі сықырлап, шынын айтқанда, балашағаны алып қалай далаға шыққанымызды білмейміз. Қазір мына үйге кіруге қорқамыз. Мына жерде жүргендердің бәрі тек баратын жері жоқтар. Әйтпесе, барлығы қашып кетіп қалған. Не істерімізді білмейміз, бәрі сықырлап жарылып жатыр.
Пәтерлерін 15 жылға ипотекаға алған жұрт қарызды төлеп біткенше, үй құлап қала ма деп қорқады. Үйді салған мердігер бес жылға дейін кем-кетігін жасап беруге кепіл берген. Ол мерзім биыл жыл соңында аяқталады.
Шолпан Құртанова, Шымкент тұрғыны:
- Төрт жылда мынау қартадан тұрғызылғандай құлап жатыр, мына үйге адам тұрады деп айта алмаймын. Мынау үй құлайды, Үш баллға құлап жатқан. 4 балл болса, Түркиядан бетер боламыз. Балашағамызға кім жауап береді?! Басында қатырмаған, енді қатырады деп ойламаймын. Бұл үйге біздің талабымыз – сарапшы шақырып, ішін, бәрін көрсін.
Баспана салған құрылыс компаниясы мен оны қабылдап алған шенеуніктер үй 8 балл дүмпуге шыдас береді деп отыр. Ал қабырғалардың жарылуын «заңдылық» дейді. Сондықтан ақауын анықтап, бүлінген пәтерлерді жөндеп бермекші.
Ердәулет Әжібаев, Шымкент құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Қирап қалмайды, себебі, айтып жатырмын ғой, өзі қаңқасы монолит, сегіз баллға есептелген. Енді, Құдай сақтасын, ондай жер сілкінісі болса, жалғыз бұл емес, сызат болмауды ешкім неғыла алмайды ғой, кепілдік бере алмайды ғой. Өйткені қабырғаның өзі ДСП панель, төбесінде монолит түйіскен жерінен саңылау болады. Ол арнайы құрылыс көбігі, жер сілкінсе ойнап тұрады, құламау үшін.
Үйдің сапалы екені туралы техникалық сараптама қортындысы да бар екен. Бірақ шенеуніктердің сөзінен гөрі, өз көзіне сенген тұрғындар тәуелсіз сарапшы шақырып, қаншалықты қауіпсіз екенін тексертіп алмақшы.