Шымкентте қарақұрт қаптай бастады. Өткен жылмен салыстырғанда улы өрмекшіден жапа шеккен тұрғындар биыл 3 есе көп. Бір айда 30-дан астам адам ауруханаға түскен. Тіпті, жансақтау бөлімінде жатқандары бар. Ал, күн ысыған сайын көбейетін улы жәндіктің тартқызар азабы әлі алда дейді мамандар.
Ең үлкені екі сантиметрден де аспайтын қарақұрт Қазақстандағы ең улы жәндіктер қатарында. Әдеттегідей мамыр айында улы өрмекшіден зардап шеккендер түсе бастағанда дәрігерлер мән бермеген екен. Тек, бір ай ішінде шаһарда 30-дан астам адамды қарақұрт шаққанда дабыл қаға бастады.
Бақыт Аманжолов:
-Құрылыста істеп жүргем. Сол объектінің басында мен қарауыл болып қалдым материалдарға. Сол кезде түнгі 1-лер шамасында шақты. Қатты ауырдым.
Бұл бір мезетте аяғының екі жерінен қарақұрт шаққан Бақыт Аманжолов. Дәрігерлер науқастың тірі қалғанын ғажапқа балап отыр. Ал, көрші палатада жатқан 33 жастағы Өскенбек Сүлейменов 5 күннен бері ем қабылдауда. Оны да улы өрмекші түнгі мезгілде шаққан.
Өскенбек Сүлейменов:
-Былай шыдап жата алмайсың.Сандырақтайсың кәдімгідей. Денелерің қақсап, ішің қатып қалады. Кейін аузыңнан запыран шығып, өртеп жіберген сияқты.
Шымкенттік токсикологтар 3 жылдан бері у қайтаратын дәрілерден бас тартыпты. Оның орнына жапа шеккендердің иммунитетін күшейту арқылы емдеуді жөн санайды. 40 жылын токсикология саласына арнаған Икрам Төлеев қарақұрттан сақтанудың бірден-бір жолы тұрған орныңды таза ұстау дейді.
Икрам Төлеев, Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
-Адамдардың мынау қарақұрт шағуына, басқа жәндіктердің шағуына немқұрайлылық танытқаны ма, сақтық шараларын қарастырмағандықтан болса керек деп ойлаймын. Аулаларын жақсы жинамайды, шөптерін тазаламайды.
Ауруханаға түсіп жатқандардың басым көпшілігі қала маңынан құрылыс салып жатқандар.
Қарақұрт құрылыс орындары, арық маңы мен тақырда бірдей кездеседі. Шымкентте мұның бәрі жеткілікті. Әрі күн ысыған сайын қарақұрттың шағуы да көбейеді екен. Шіліңгір ыстықтың әлі алда екенін және улы өрмекші бір салғанда мыңнан астам жұмыртқа салатынын ескерсек қарақұрт азабы оңтүстік жұртын әлі біраз уақыт қинайтын сияқты.
ktk.kz