Соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы суицид дертінің асқынуы көптеген елдерді алаңдатып отыр. Өз-өзіне үкім кескен жасөспірімдер қатары бізде де аз емес. Статистика бойынша елімізде әр 100 мың адамның 27-сі өзіне қол жұмсайды екен. Өткен жылы елімізде 3 мыңға жуық адамның суицидке ұшырау фактісі тіркелсе, оның елеулі бөлігінің жасөспірімдер екені де анықталған. Бесіктен белі шықпай жатып, өмірімен есеп айырысуға тырысқан жасөспірімдердің әрекеті кімді де болсын, ойлантпай қоймайды.
Көргенінен көрмегені көп, бар қызығы алда саналатын жасөспірімдерді өмірімен оңай қоштасуға итермелейтін не нәрсе?.. Осы сауалға бас қатырған Ресей мамандары бір жіптің ұшын ұстағандай болды. «Собачий кайф»... немесе жасөспірімдер арасында «космосқа саяхат», «жеті қат көкке самғау» деген атаулармен белгілі атының өзі еліктіріп әкетердей бұл «қатерлі ойын» жасөспірімдерді мойын орағыш көмегімен-ақ о дүниеге шығарып салуға себепші бола алады екен. Бар болғаны бес-алты рет терең дем алып, мойын тұсынан қысып қалса болғаны, ұйықтап кете баратын жасөспірімнің бұдан кейін тіпті мәңгілік ұйқыға аттанып кете баруы да ғажап емес. Жасөспірімдерді ынтықтырып, беймәлім қызық іздеуге мәжбүрлейтін мезет – қысқа уақыт ішінде миға кислород жетіспеуі салдарынан ес жоғалту кезеңінен кейін миға біртіндеп қан жүгіретін қас-қағым сәт. Осындай жолмен иттің әрекетінен ләззат іздеген жасөспірімдер қатары бүгінде күн санап артып бара жатқан көрінеді. Ресей мамандарының айтуынша, балалардың осы ойынға құныққаны соншалық, алғашында топ болып «иттің кәйпінен» дәм татқандар уақыт өте нашақор іспеттес, жалғыз отырған кезде өз-өзіне істеп көруге тырысады екен. Ал жалғыз отырып өзін-өзі тұншықтыру кезінде естен тану салдарынан дер кезінде қолындағы жіпті шешіп үлгермеген жасөспірімдер әрекетінің соңы суицидке әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Ресейде суицидке ұрынған кейбір жасөспірімдер әрекетінің дәл осы қатерлі ойын салдарынан болғаны анықталып отыр.
Ал қатерлі ойынның қызығушылары көбінесе 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдер көрінеді. Бір ғана Мәскеу қаласының өзінде мыңдаған жасөспірімнің мұны өздеріне қолданып көргені де анықталған. Және күн санап оны өз-өздеріне қолданып көрушілер саны өскен үстіне өсе түсуде екен. Сондықтан көрші елдің құқық қорғау органдары жасөспірімдер арасындағы дәл осы қатерлі ойынның салдарынан жасөспірімдер суицидінің күрт артып отырғанын айтып, дабыл қағуда. Сондықтан ата-аналардың балаларына көп уақыт бөліп, олардың компьютер арқылы қандай сайттарды қолданатынын тексерулерін және бұл ойынның олардың өмірі үшін өте қатерлі екені жайлы әңгіме жүргізулері керектігі жайлы бүгінде кеңінен айтуда. Зерттеп көргеніміздей, бұл ойын біздің жасөспірімдерімізге де бейтаныс емес екен. Бірақ әзірге мамандарымыз үн-түнсіз. Статистика көрсетіп отырғандай, елімізде кісі қолынан қаза тапқандардан гөрі өзін-өзі өлтіргендер саны әлдеқайда көп болса да, мамандар мұның сырына үңілуге тырысар емес.
Ал интернетте бұл ойынға тіпті тұтастай форумдар да арналады. Онда жасөспірімдер форум арқылы өзара тәжірибе алмасып, беймәлім қызық сәтті ұзартудың жолдарын да ойласып, оның ережелерімен өзара бөлісетін көрінеді. Бүгінде шекарасыз әлем саналатын интернеттің біздің балаларымыз үшін қолжетімді дүние екенін ескерсек, жастарымыздың қатерлі ойынның шырмауына түсіп кетпеуінің алдын алуға ұмтылуымыз қажет-ақ. Бұған интернет ақтарып отырып, өзіміздің де көзіміз жетті. Мәселен, мына сайттарда: https://clipsonline.org.ua/clip/483885.html, https://www.vesti.ru/videosvid=266705 қатерлі ойын видео түрінде өріп жүр. Бір баланы айнала қоршап алып, қолдан тұншықтырып, есінен танған жасөспірімнің әрекетіне қызыға қараған жастардың әрекеті кез келген адамды еліктірердей. Арты өлімге әкеліп соқтырар әрекетті сайттан тамашалап көруге еш тыйым да жоқ.
Өзін-өзі тұншықтырумен тек ресейлік жасөспірімдер ғана емес, 2007 жылы АҚШ жасөспірімдері де «ойнаған». Олар сол кездің өзінде-ақ мұның интернет арқылы жасөспірімдер арасында тарап кету қаупінің зор екенін айтқан. Айтқандай-ақ, жасөспірімдер арасындағы бұл қатерлі ойын 2009-2010 жылдары Ресей елін дүр сілкіндіріп отыр. Ал алдағы уақытта, бәлкім бүгінгі күннің өзінде біздің елімізді қан-қақсатпасына кепілдік жоқ. АҚШ-та бір жылдың өзінде-ақ 40-қа жуық бала осы ойынның кесірінен о дүниеге аттанған.
Айта кетер жайт, бүгінгі күннің өзінде көрші Ресей елінің мамандары қатерлі ойын салдарының соңы суицидке алып келген бірнеше жағдайды кездестіріп отыр. Бір қалада қайтыс болған қос бірдей 7 сынып оқушыларының әрекеті, яғни «иттің кәйпінің» соңы ит өлімге әкеліп соқтырғаны анықталған. Алдыңғы оқиғаларды айтпағанда, осы айдың басында ғана Алматы қаласындағы №152 мектепте 7 сынып оқушысының асылып өлу фактісі тіркелді. Бұл – соңғы екі айда дәл осы білім ошағында болған екінші қайғылы оқиға. Бірақ әзірге мамандарымыз да, психологтар да үнсіз. Баяғы сол «7 сыныптағы баланы алып бара жатқан ненің қайғысы?» деп қоя салдық. Ал олардың осы қатерлі ойынның құрбаны болмағанына кім кепіл?! Тағы бір мысал... Жақында Қарағанды қаласында 10 жастағы бала есік тұтқасына асылып, қайтыс болды. Баланы өмірден бездірген не жағдай болуы мүмкін?! Жасөспірімді о дүниелік етердей есік тұтқасының да қауіпті, қатерлі құрал емес екені белгілі. Атап айта кетерлігі, мұндай суицидтердің ешқайсысында қатерлі ойын құрбаны туралы айтылған емес. Себебі суицидтің астарына үңіліп жатқан ешкім жоқ! Тіпті мамандардың айтуынша, еліміздегі суицид оқиғаларының нақты статистикасы да жүргізілмейтін көрінеді.
Өкінішке қарай, осылайша, еліміздегі өрімдей жеткіншектерді өлімге не итермелейтіні әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр. Шыны керек, елімізде оны зерттеп жатқан мамандар да жоқ. Еліміздегі психологтар да жасөспірімдер суицидінің себеп-салдарын үңіліп көрген емес. Тек жасөспірім өлімінен кейін оның өмірді сүйгені, әрқашан көңілді жүргені, тіпті күйзелістің ешқандай белгісі байқалмағаны жарыса айтылып жатады. Ендеше өмірді сүйе отырып, жасөспірімдердің өмірмен қош айтысуға итермелейтін не жағдай?! Балаларымыз қатерлі ойынның қармағына ілініп кетіп жатқан жоқ па?
Белгібай ШАХМЕТОВ, психотерапевт:
– «Собачий кайф» сияқты жасөспірімдер арасында кең тараған қатерлі ойындардан біздің жасөспірімдерімізге де қауіп жоқ дей алмаймын. Оның үстіне, жасөспірімдер арасында мұндай нәрсе тез тарайды. Бүгінде интернетті білмейтін бала кемде-кем. Ал алып-ұшып тұрған өтпелі кезеңдегі жастың бұған тез еліктейтіні жасырын емес. Оның үстіне көршімізде кеше пайда болған нәрсенің бүгін бізде орын алып жататынын ескерсек, тіпті бүгінгі күннің өзінде бұл қатерлі ойын елесінің біздің жасөспірімдеріміздің ішінде де кезіп жүруі әбден мүмкін. Сондықтан арнайы психологиялық қызмет көрсететін орындар құрылып, ата-аналар, ұстаздар және жасөспірімдер арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Бұл – бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болатын нәрсе.
Суицидтің бір сыры
Последние статьи автора