Созақтықтар неге қартайып барады?
Оңтүстіктегі Созақ ауданы әу бастан-ақ экологиялық аймаққа жатады. Уран кеніші ашылмай тұрып-ақ мұнда халық денсаулығына кері әсер ететін жайттар жетіп-артылатын-ды. Таза ауызсу мәселесі де басты ауыртар басты мәселелердің бірі болатын. Облыс бойынша шаққанда да тұрғындарының денсаулығы төмендігі жөнінен алдыңғы орындардан көрініп жүр. Биыл ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi тұрғындардың денсаулығын экологиялық жағынан ғылыми тұрғыда зерттеу туралы шешім шығарып, аймақтарға мамандарын аттандырған болатын. Құрамы медицина қызметкерлерi, химиктер мен экологтер, гигиена саласының мамандарынан жасақталған топ ең алдымен Созақ ауданына бет бұрып, жергiлiктi тұрғындардың денсаулығын жіті тексеруден өткізді.
Басты мақсат уран өндiрiсiне байланысты болуы мүмкiн экологиялық зардаптарға талдау жасау болатын. Сол арқылы елiмiздiң экологиясы ушыққан аймақтарындағы тұрғындардың денсаулығын терең зерттеп, оларды емдеудiң жаңа тетiктерiн ойластыру болатын. Мұндай іс-шара бұрын-соңды қолға алынбаған. Тың бастама еліміздің барлық аймақтарында жүргізілетін болады. Ең алғашқы зерттеу жұмыстары Созақ ауданынан басталды. Таңдаудың неге басқа емес, теріскейге түскенін уран өндірісімен байланыстыруға болатын сықылды.
Зұлхия Намазбаева, медициналық экология зертханасының меңгерушiсi, медицина ғылымының докторы:
– Басты байлыққа, ең алдымен, қоршаған ортаның зор әсер ететіні сөзсіз. Бүгінгі таңда экологиясы ушыққан аймақтарға Семей полигоны, «Азғыр» полигоны, Созақ ауданындағы уран өндiрісі кіреді. Әсiресе уран кенiн өндiру – радионуклидтердiң топырақтың жоғары қабатына шығып, айналадағы өсiмдiктер дүниесiмен араласып кету қаупiн жоққа шығармайды. Олардың таралу аймағы шектеулі өлшеммен өлшенбейдi. Оның адамдардың созылмалы қорғасындық интоксикациясына алып келерi даусыз.
Мамандардың айтуынша, соңғы әлетте табиғат ананың қатты ластануынан, техногендiк және химиялық өзгерiстердiң әсерiнен осы өңірлерде тұратын халықтың денсаулығы тіптен төмендеп кеткен. Созақтағы экологиялық зардаптардың адам денсаулығына зиянды әсерiн зерттеген топ тексерудiң қорытындысын ресми түрде жариялаған жоқ. Дегенмен алдын ала алынған сараптамалар бiрнеше кем-кетіктің бар екенін жоққа шығарған жоқ.
Бұл жөнiнде «Гигиеналық еңбек пен кәсiби сырқаттар ұлттық орталығы» ОҚО филиалының директоры Гүлжан Досыбаева: «Созақ ауданының тұрғындарының ағзасында улы элемент – кадмийдiң мөлшерi көп екендiгi белгілі болды. Аймақ халқының шашынан, қанынан, ауыз қуысының iшкi бетiндегi тiннiң сiлекейi мен мұрын сөлiнен алынған анализдер адам ағзасында йодтың, цинк пен мыстың төмен екендiгiн байқатты. Аудан халқының арасында жүрек-қан тамырлары аурулары көбейіп кеткен. Оның негізгі себебі қан құрамында холестериннiң көбеюі болып отыр. Жасы ұлғайған 40-50 жас аралығындағылардың мұндай кеселге көбiрек шалдығуы майлы мал етін көп тұтынатындығымен байланысты болса керек. Иммунитет тапшылығы, ауыр металдардың зардабы қытайдың арзан тағамдарын, ыдыс-аяқтарын пайдаланудан туындауы мүмкін деп қорытынды жасауға болады», – дейді. Мамандар аудан тұрғындарына мал етінен гөрі көкөніс, жеміс-жидекті көбірек тұтынуға кеңес беріп кетті. Алайда бұл сөз қу тақыр, еккеніңнің өнуі қиын, ағын суы мен ауызсуы тапшы өңірге «аспандағы айға» қол созғанмен бірдей болды. Расында, көкөністі көзге сүртіп жейтін аймақта мұның күлкілі естілері сөзсіз. Аудан орталығында ғана көкөніс көрінсе, Шу, Жуантөбе сықылды шалғай ауылдарда шөлге шыдамды қарағаштан басқа ештеңе өнбейді. Ауылдағы ағайын жеміс ағаштарын суғармақ түгіл, ішуге суды әзер тауып отыр. Құдықтан шығатын ащы су ағаш түгіл, малды суғаруға жарамайды. Уран кеніші де аудан тұрғындарына бір бүйірден тиген соққыдай болып тұр. Онда жұмыс істейтін өрімдей жастардың шаштары ағарып, тістері түсіп, жасына жетпей қартайып кеткен. Мұның бәрі де негізгі қорытынды шыққан соң белгілі болар. Ағаш түгіл, бүгінде бұл маңайда құс екеш құс та құрып кетті. Әсіресе қарлығаштың көрінбей кеткеніне көп болды. Әр үйдің босағасына ұя салып құрқылдап жүретін құстың бұл аймаққа «ат ізін» салмай кеткенін ауылдықтар уранмен байланыстырып отыр. Ауданды алдыңғы қатарға сүйреп шығарған уран кенішінің пайдасынан гөрі зияны молырақ екені даусыз. Созақтықтардың денсаулығын жіті тексерген дәрiгерлер жұмыс нәтижесiн тиiстi орындарға мәлімдеген соң, зиянды зардаптардың алдын алуға байланысты кешендi iс-шаралар жоспарын әзiрлемек. Одан соң аудан халқын емдеудiң жаңа тәсiлдерi қолға алынатын болады.