Қазақстанның байлығы болып есептелетін өзен-көлдеріміз құрғап барады. Бұған ауа райының қуаңшылығы, адамның табиғатқа жасаған аяусыздығы және басқа да көптеген фактор себепші екені түсінікті. Су азайғасын экология нашарлайды, балық қоры кемиді. Содан келіп адам баласының күнкөрісі қиындайды. Әсіресе бар тіршілігі балыққа байланған халыққа оңай емес. Балық болмағасын оның бағасы да күн өткен сайын шарықтап барады. Тез арада мемлекеттік деңгейде шара қолға алынбаса, келешек ұрпаққа балық атаулы тек Қызыл кітап арқылы жетуі ғажап емес.
Оралдың бір мақтанышы Жайық өзені болса, екіншісі – Шалқар көлі. Аумағы 21 мың гектарды құраған, шортаны шоршып, сазаны тулаған Шалқардың дәурені жүріп тұрған кезеңде жыл сайын 1400 тонна балық ауланатын. Қазіргі көрсеткіш 100 тоннаға да жетпейді. Себебі көлдің көлемі едәуір тартылды. Жығылғанға жұдырық болғандай 2008 жылы жазық далада жер сілкінді. «Қарашығанақтың қоры азайған сайын жер қыртысының тектоникалық қозғалысы жиілей береді», – дейді экологтер. Тіпті болашақта «мұнайдан босаған қуыстарға көл суы түгелдей жұтылып кетуі мүмкін» деген де қорқынышты болжамдар бар. Әрине, Құдай оның бетін аулақ қылсын дейміз.
Айдынның ажарынан айырылуына әсер еткен тағы бір фактор – оған құятын Шолақаңқаты мен Есенаңқаты өзендерінің кеуіп қалуы. Бір кездері қарт Жайықтан Шалқарға арна салу туралы жоба-жоспар болған екен. Бірақ күні бүгін Жайықтың да жағдайының жетісіп тұрғаны шамалы. Өзі там-тұм суды көлге бұратын болса бір емес, екі бірдей экологиялық апат ошағы орнамасына кім кепіл? Шалқардағы су деңгейін бақылап отыратын гидробекет кеңестік өкіметпен бірге келмеске кетіпті.
1990-шы жылдардан бері ешқандай бақылау жоқ. Оны қайта ашайын десе, қаржы бөлінбейді. Мәселе ушыға берсе, көлден өзек жалғаған елге де, пайда тапқысы келген кәсіпкерге де қып-қызыл зиян келгелі тұр. Ашығын айтсақ, келіп те жатыр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім бастығы Марат Мәшекеновтің айтуынша, Шалқардан балық аулауға рұқсат алған кәсіпкер Олег Лазаренко бұл шаруадан бас тартыпты. Судың азаюынан көл жағасындағы Сарыөмір ауылының халқы да зардап шегуде. Сары сазаннан басқа балықты менсінбеген тұрғындар торға түскен шабаққа да шүкіршілік айтатын болды.
Төреш МЫРЗАШЕВ, «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС БҚО филиалының директоры:
– Айдынды мекен қылған шортан, сазан, көксерке, жайын, ақмарқа секілді бағалы балық жойылуға жақындап, қызылқанат, алабұға, мөңке, оңғақ секілді құны төмендеу балық түрі көбейді. Су азайғасын құрамындағы оттегі кемиді. Органикалық қосылыстар артады. Оның үстіне, Шалқар – айрықша тұзды көл. Бұл да – балық қорының жұтаңдануына ықпал ететін фактор. Менің ұсынысым әуелі көлдің гидрологиялық режимін толық зерттеу қажет. Сосын су тарту көздерін іздестіруге жол ашылады. Сонымен қатар табиғатты пайдаланушылар да табиғи қорды үздіксіз пайдалана бермей, балықты өсіріп, көбейтумен айналысулары тиіс. Ғалымдар «балықтың өсіп-өнуіне кем дегенде үш-төрт жыл қажет, осы мерзімде балық жыныстық жағынан жетіледі және өнім береді» деп есептейді.
2008 жылғы тектоникалық жер сілкінісінен кейін көлдің солтүстік-шығыс бөлігі жағалауындағы қамыс-қоға біткен судан шығып, тақырда қалды. Ал қоға бұрын балық уылдырық шашатын субстрат болатын. Субстраты болмаған соң, балық уылдырығын шаша алмай жүргенге ұқсайды. Шалқардың шығыс жағынан құятын Шолақаңқаты, Есенаңқаты өзендері шағын әрі қар суына тәуелді болып қалды. Айдынды мекен ететін балық түрлері көктемде уылдырық шашуға суы тұщы осы өзендерге шығып, ұрпақ өрбітетін. Кейін шабақтар өзен ағысымен ағып келіп, Шалқардың қойнауында жайылып, өсетін.
«Осы екі өзеннің суы тартылып қалған жағдайда Шалқар суының тұздылығы шамадан тыс артып, онда тірі жәндік қалмасы анық. Көктемде екі өзеннің сағасын тазалап, мелиорациялық жұмыстарды жүргізу қажет. Онсыз көлдегі балықтың өзендерге шығуына мүмкіндік жоқ», – дейді биология ғылымының кандидаты Төреш Мырзашев.
Мұндай шараларға облыстық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. Сол өзекті мәселе шешілмейінше, облыстың маңдайына біткен ғажайып көлдің табиғатын сақтап қалу, ондағы балық түрлерін молайту жайында әңгіме қозғау қисынсыз.
Сапарғали КӨПБОЛСЫНҰЛЫ, БҚО бойынша балық инспекциясының бастығы:
– Жалғыз Шалқарда ғана емес, облыс аумағындағы 300-ге жуық суқоймасында, 40 шақты өзен-көлде балық атаулы азайып кетті. Балықты көбейту үшін кемі үш-бес жылға балық аулауға мораторий жариялау керек. Сол уақыт аралығында шабақтар өсіп, ұрпақ жалғастыруға жарап қалады. Шалқарға және өзге де су көздеріне биологиялық негіздеме жасалса құба-құп. Балықты сақтау, қорғау және оның өсіп-өнуіне бақылау жасайтын облыстық балық инспекциясында штатта 23 инспектор жұмыс істейді, маман тапшы. Дегенмен бір инспектор Шалқар көліне бекітілген. Су көздерін 10 жылға жалға алған кейбір табиғат пайдаланушылардың балықты көбейту жұмыстарына салғырт қарап, тек пайда көзіне айналдырғандары жасырын емес. Сондықтан біз жоспарлы тексеріс өткізіп, соның нәтижесі бойынша балықты өсіру, молайту жолында тер төккен кәсіпкерлерді іріктеп алмақшымыз. Ал «қурайдың басын сындырмай» келгендерді көлге жолатпауға күш саламыз.
Сарыөмірлік Мүтиғолла Жанбозов – «Жанбозов» жеке кәсіпкерлігі басшысының орынбасары. Балықшы отбасында туып-өскен. Шалқар көлінің солтүстік-шығыс акваториясын 2006 жылдан бері ұзақ мерзімге жалға алып, пайдаланып келеді. Кәсіпкер 2011 жылы – 88 тонна, 2012 жылы 83 тонна балық аулап, өткізуі тиіс болатын.
– «Балық аулау квотасы кеш бөлінеді. Биыл 16 қаңтарда бөлінді, оны жергілікті атқарушы орган қаулы шығарып бекіткенше, бір ай уақыт өтті. Квота бекітілгеннен кейін Атырауға сапар шегіп, Жайық - Каспий бассейндік инспекциясымен келісімшарт жасаймыз. Сөйтіп, нағыз балық аулайтын үш айды текке өткізіп аламыз. Биылғы жоспарым бір пайыз да орындалған жоқ. Өзім Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аквамәдени орталығымен байланысып, балық көбейтумен шұғылданып көргенмін. Онда су тұщы, көлде ащы, шаруа үйлеспеді. Келешекте инкубациялық цех ашып, балық көбейтумен айналысқым келеді. Шолақаңқатының Шалқарға келіп құятын сағасында жайылма бар. Көктемде балық соған шығады. Сол жайылманың жағалауын көтеріп, 100 гектарлық тоған салуға өз есебімнен жоба жасатсам деймін. Тоған салып, балығымызды көбейтіп жатсақ, ауылымыз көркейе түсер еді. Балықшыларымызға да жұмыс болар еді», – дейді кәсіпкер.
Шортаны шоршыған Шалқар шабаққа ғана мекен болды
Последние статьи автора