Сиқырлы сусынның сыры неде?
Қазір Қазақстан нарығында «Дизи», «Редбул», «Монстер» секілді энергетикалық сусындар ашықтан-ашық сатылып отыр. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ. Ол ұйқыны ашып, күш беріп, сергек жүруге көмектеседі-міс. Алайда дәрігер мамандар оның адам денсаулығына орасан зор зиян келтіріп, тіпті белсіздікке ұшырататынын айтуда. Сонымен, бұл сусын бізге керек пе, әлде мұның таралуына мүлдем тыйым салғанымыз жөн бе?
Бір өкініштісі, бұл сусындардың адам денсаулығына кері әсері бар екеніне нақты дәлелдер келтіріп шырылдаған дәрігер мамандардың жанайқайы да, осы мәселе жөніндегі халық қалаулыларының депутаттық сауалы да сөз жүзінде қалып отыр. Осы тұста «адам денсаулығына зиянды сусындардың сатылуына тыйым салынбауының сыры неде?» деген сауалдың туындауы заңды. Бұл сыр әлі күнге құпия күйінде қалып отыр. Қалай десек те, энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зияны шаш етектен. Мұны біз емес, мамандар айтып отыр.
Сәуле ДИҚАНБАЕВА, медицина ғылымының докторы, профессор:
–Энергетикалық сусындар адам ағзасына өте қауіпті. Оны күнделікті пайдалануға болмайды. Егер адам оны жиі қолданса, оның жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келтіреді. Тіпті оны сырамен бірге ішсе, адамды бірден мас қылады. Бұл сусындар бастапқыда спортпен шұғылданатын адамдарға белгілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдануға ұсынылған болатын. Алайда қазір мұны жастар да, мектеп оқушылары да жиі пайдаланып отыр.
Қадырбек ЕСІМОВ, дәрігер-педиатр:
–Энергетикалық сусындарды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балаларды тексеріп көретін болсақ, олардың бауыры 35 жастағы маскүнемнің бауырымен бірдей болып тұрады. Бұл улағыш сұйықтықты балалар көп ішсе, жастайынан түрлі ауруларға шалдыққыш болады. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады. Сондықтан мұндай сусындарды аяғы ауыр келіншектерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды. Тіпті оны жастардың өзі көп ішсе, оның арты белсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан ұрпақ болашағын, ұлт келешегін ойласақ, мұндай сусындардың таралуына мүлдем тыйым салуымыз керек.
Мамандардың басым көпшілігінің пікірі осындай. Бұл пікірді Қазақ тағамтану академиясының қызметкерлері де құптайды. Олардың айтуынша, бұл сусын адамды алкоголь мен есірткі секілді өзіне тәуелді етеді. Тіпті бұл ғылыми түрде дәлелденген. Оның құрамында кофеин, эфедрин, адреналин мен никотин қышқылы, басқа да синтетикалық қоспалар асқазанда жара пайда болуына, жүрек-қан тамырларының тарылып, жүйкенің жансыздануына, бүйрек жұмысының бұзылып, мидың әлсіреуіне әкеліп соғады екен.
Ағзадағы өмір бойына жететін энергия мен күш-қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын адамның күш-қуатын сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады. Сондықтан Қазақ тағамтану академиясының мамандары энергетикалық сусындардың бір бөлігін дәріханаларда және керек болған жағдайда ғана белгілі бір мөлшермен сату керек деп есептейді.
Қарап тұрсаңыз, Австралия, Дания, Норвегия, Жаңа Зеландия т.б. мемлекеттер энергетикалық сусындарды өз нарығында сатуға да, ішуге де тыйым салған. Тіпті энергетикалық сусындарды пайдалануға байланысты шетелде бірнеше сот үдерістері болған. Ирландиялық бір спортшы үш бәнкі энергетикалық сусын ішкеннен кейін дәл баскетбол алаңында жан тапсырады. Ал Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольді араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған. Тіпті ресейлік мамандар да энергетикалық сусындар жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Осылайша олар да бұл сусыннан бас тартып отыр. Енді бізге қайтпек керек? Энергетикалық сусындардың қауіпті екенін біле тұра, оған неге тыйым сала алмай отырмыз?
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, саясаткер, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Біз шетелдіктердің эксперимент жасайтын орталығына айналып кеткен жоқпыз ба деген ой тұрды. Энергетикалық сусындар, түрлі жеңіл есірткілер, алкоголь, темекі, қару-жарақ, интернет, еліктіретін құмар ойындардың қаптауы – барлығы солардың жасаған әрекеті тәрізді. Олар мұны әдейі жасай ма деген де күдік жоқ емес. Олар адамдардың саясатпен айналыспауы үшін, тек күнкөріс қамымен жүргізіп, түрлі ауруларды қолдан таратады. Әлгі СПИД, құс, шошқа тұмауы деген секілді ауруларды, сонымен қатар энергетикалық сусындар, жеңіл есірткілер сол шетелдің зертханаларында шығады. Оның үстіне, мұнда сол сусындардан үлкен пайда тауып отырған магнаттар бар. Оларға улы сусындарды таратуға шектеу қою тиімді емес. Сондықтан бұған тыйым салу үшін жан-жақты кешенді шаралар ұйымдастыруымыз керек.
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, әлемнің 70 елінде энергетикалық сусындардың жылына 1 миллиард қалбыры сатылады екен. Мұның қаншасы Қазақстан нарығының үлесінде екенін тап басып айту қиын. Қалай десек те, бұл сусындардың қауіпті екендігін жоғарыда сөз алған мамандар баса айтып отыр. Ендеше, Денсаулық сақтау министрлігі неге осыдан қорытынды шығармайды? Әлде, біздегі тиісті орган басшыларын ұрпақ болашағы, ұлт келешегі қызықтырмай ма? Қалай дегенмен де бұдан бір қорытынды шығаратын кез жетті.