Шипалы шұбаттың пайдасын қашан көреміз?
Шипалық қасиеті мол, дәмі тіл үйірер шұбат сусынына бүгінде шетелдіктер аса қызығушылық танытып отырғаны белгілі. Өйткені көптеген Азия елдері әрі тағам, әрі киімге шикізат, дертке дауа ретінде пайдаланатын түйе сүтінің емдік қасиеттері күннен-күнге ғалымдарды таңғалдыруда. Бүгінгі таңда түйе сүтінің өндірісі Африка елдерінде ілгері дамып келеді. Мәселен, Араб әмірлігінде және Мароккода түйе сүтінен ірімшік дайындалып, өңделген сүт тұрақты түрде саудаға шығарылады. Әзірге Еуропа елдері мен Америка нарығында аталмыш өнімнің көлемі аздау. Өйткені бұл елдерде шұбат саудасы заңсыз болып табылады. Жақын болашақта америкалықтар мен еуропалықтар осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып бағуда.
Азияның дәстүрлі сусынының емдік құндылығына көз жеткізе түскен америкалықтар өз елдерінде шұбаттың заңды түрде нарыққа шығарылуына әрекет етпек. Таяуда АҚШ-тағы ірі түйе фермасының иелері – ерлі-зайыпты Джил және Нэнси Риглерлер отбасы шұбаттың өте дәмді, құнарлы, пайдалы сусын екендігін айтып, жерлестеріне насихат жасауда. Сиырдың сүтіне қарағанда, құрамында С дәрумені көп және бактериялар мен түрлі вирустарды жою қасиетіне ие түйе сүтін Америкада сату әзірге заңсыз болып табылады. Алайда ерлі-зайыптылар осы кедергіге қарамастан, түйе сүтінен жасалған сабын сатып, кейде тіпті өздерінің 22 түйесін жолаушылар көп жүретін жолға шығарып, фермаларға саяхат жасап, шөл даланың кемесіне баланатын түйенің қасиеттері туралы жолаушыларға әңгімелеп береді екен. Риглерлер отбасы бірнеше жылдан кейін азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылаушы басқарма түйе сүтін тестен өткізіп, оны сатуға рұқсат береді деп үміттеніп отыр. Егер де дәл қазір АҚШ-та түйе сүтін сатуға рұқсат болса, онда олар шұбаттың әр литрінен 40-60 доллар пайда табатынын айтады. Шұбат бағасының мұндай жоғары болу себебі АҚШ-та бар-жоғы бірнеше мың түйе ғана бар және бұл жануарлардың көбі хайуанаттар бағы мен ұлттық парктерде екен. АҚШ-та бір үлкен түйенің құны 15 мың доллар тұрса, ботасы 5 мың долларға бағаланады.
БҰҰ-ның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін бақылаушы мекемесінің қызметкері Энтони Бенетти келтірген деректерге сүйенер болсақ, әлем бойынша көптеген елдерде түйе сүті заңсыз саудаланады екен. Жақын болашақта осы өнімнің нарықтағы көлемі 10 миллиард долларға өседі деп болжам жасалып отыр. Бүгінде Қазақстанда, Ресейде, Үндістанда дәрігерлер науқастарға шұбатты дәрі ретінде пайдалануға кеңес береді. Ал Африкада СПИД дертіне шалдыққандарға шұбат ішкізеді екен. Сондай-ақ ғалымдар шұбаттың сусамыр, жүрек талмасы секілді ауруларға шипа екенін ғылыми түрде дәлелдемек. Штаттарда шұбат сатуға рұқсаттың жоқтығына қарамастан, арабтардың белгілі компаниясы шұбаттан шоколад жасап сатуда. Шоколадтың 75 грамы 12 доллар тұрса да, тез өтіп кететін көрінеді.
Дертке дауа сусын туралы білесіз бе?
Бiр литр шұбат ересек адамның В1, В12 және С витаминдерiне деген тәулiктiк қажетiн қанағаттандыра алады екен. Дәстүрлi сусын сонымен қатар iшек, бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Айран мен сүтке қарағанда, тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары болады екен. Қымыз және сиыр сүтiнен жасалатын өнiмдерге қарағанда, шұбаттың құнарлы заттары көп. Мәселен, бiр литр түйе сүтiнде 911 ккал болса, бие сүтiнiкi — 528, сиырдiкi 660 ккалорияны құрайды. Халықаралық биржада 1 тонна шұбат 12 мың доллар тұрады.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигi, Денсаулық сақтау министрлiгiне қарасты Тағамтану академиясының директоры Төрегелді Шарманов шұбатпен өкпе құрты, бауыр ауруларын, холециститтi, өт жолдарының бiтелiп қалуын емдеуге болады дейді. Осыған орай шұбатты әлемдiк нарыққа шығару үшiн ғалымдар өнiмдi кептiру, құрғақ сүт ұнтағы және таблетка түрiн жасау технологиясымен де айналысуда. Алайда шұбаттан жасалған өнімдерді әлемдік нарыққа шығарып, ұлттық брендімізге айналдыру үшін қыруар қаржы, көлемді инвестиция қажет екені анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сауықтыратын медициналық сусын деп бағалап отырған шұбаттың пайдасын ертеден-ақ білген дана халқымыз қазіргі нарықтық заманда да дәстүрлі сусынымыздың қаржылық пайдасынан қағылмаса екен дейміз. Өзгеден бұрын өз кәсіпкерлеріміз бен фермерлеріміз түйе шаруашылығына ден қойса, халқымыздың денсаулығы да жақсарып, экономикамыз да ілгерілей түсер еді...