"Сепаратист" деп айыпталған Мәжіліс депутаты өз ісіне жауап берді
Әлеуметтік желіде ол басқарған түрлі ұйымдардың сепаратизмді қолдап, Украинадағы соғыста Ресей тарапын қолдайды деген жазбалар пайда болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Экспресс К-ға сілтеме жасап.
Жақында ғана Мәжіліс депутаты болып жұмысқа кіріскен Константин Авершиннің басы дауға қалды.
Туындаған мәселенің мән-жайына депутаттың өзі жан-жақты жауап берді.
"Мен шынымен 62156 әскери бөлімінде қызмет еттім, ол туралы ашық айтамын әрі жасырмаймын. Тәуелсіз Қазақстанға әскери ант бердім және антыма адалмын. Желіде тарап жатқан фотолар 2015 жылы Алматыдағы сел кезінде түсірілген. Ол кезде бізге көмектесуге көптеген ұйымдар мен қарапайым адамдар келген еді. Олардың арасында Ольга Аксенкина болды. Менің ол тұста саяси сауатым қазіргідей емес еді, сондықтан кімнің кім екенін байқамадым. Сөйтіп үйінділерді тазартуға белсенді көмектескен "Честь имею" ұйымы "Мен Алматылықпын" қоғамдық қорына қабылданды", — деп жазады депутат.
Константин Авершиннің айтуынша, Ольга Аксенкина көршілес мемлекеттің аннексиясын қолдайтын агрессивті мәлімдемелерінен кейін "Мен Алматылықпын" қоғамдық ұйымынан шығарылған.
"Ал "Альфа" антитеррор тобының ардагерлері Қазақстан үшін жастық шағын, кейде тіпті өмірін қиған нағыз патриоттар. Олардың кейбірі "Арыстан" қызметінде жүрген лайықты жігіттер. Олардың сепартаизмге қатысы болған емес, болмайды да. Мұндай кісілердің Қазақстанның егемендігін қорғауға алдыңғы қатардан табылатынына сенімдімін", — деді Константин Авершин.
Біз бұған дейін Қазақстанның жерін Ленин мен Кеңес үкіметінің арқасында алдық деген депутат туралы да жазған едік.