Семейдің экологиялық ахуалы нашар
«Қоршаған ортаның қазіргі жағдайы. Оның мәселелері мен шешу жолдары» атты семинарда қоршаған ортаның, ауаның және су ресурстарының ластануы, қоқыс қалдықтарын жою мәселелері, қарағайлы орман мен аймақтағы өсімдік және жануарлар әлемінің бүгінгі ахуалы тілге тиек болды.
Семей өңіріндегі 92 кәсіпорын мемлекеттік экологиялық тексеру барысында 74 заңбұзушылық анықталып, 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Олардың төртеуі соттың қарауына жіберілген. 53 миллион теңгеге жуық шығынды өтеуге қатысты 26 талап қойылды. Бүгінде барлық айыппұлдар төленген. Семей қалалық гидрометеорологиялық орталықтың мәліметіне қарағанда, қаланың ауа қабатын ластайтын заттардың мөлшері 35 мың тоннаны құрайды. Қалдықтардың басым көпшілігі шаһарымыздағы 200-ге жуық жылу қазандықтары мен құрылыс кәсіпорындарынан түседі.
Борис ШУШЕНЬКОВ, «Силикат» ЖШС техникалық директоры:
– Бүгінде кокс көмірін келісімшарт бойынша Алтай өңірінен сатып аламыз. Бірақ оның бағасы жылдан-жылға өсіп барады. Сондықтан қазір коксты басқа жерден алу мәселесімен айналысудамыз. Бірақ жоспарымыз іске аспай жатыр. Себебі таза кесек көмірді шығаратын өндірістер санаулы.
Людмила МИХАЙЛОВА, «Исток» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Тұтынушылар мен табиғатты пайдаланушылардың өз талаптары мен міндеттері болады. Себебі кез келген іс қойылған талаптар бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, өндіріс ошағы халыққа қызмет етсе, екінші жағынан, қоршаған ортаға зардабын тигізіп жатады. Сондықтан кейбір кәсіпорындардың залалсыз өндірісті жолға қоюға қауқары жоқ.