Семей полигоны аумағында туған қазақстандық азаматтар қай жерге көшсе де жеңілдік алуға құқылы. Ал жәрдемақы төлеп, қосымша он күн демалыс беруден бас тартатын жұмыс берушілер заңды белден басып отыр дейді адвокаттар. Мұны Шығыс Қазақстаннан Астанаға қоныс аударып, үш жылдан кейін ғана жеңілдікке қол жеткізген тұрғын да дәлелдеп шықты.
Әнуарбек Ысқақов Шығыс Қазақстанның тумасы. Радиациялық қауіпті аймақта ержеткен ол Семейдегі жұмысынан жәрдемақы, он күн қосымша демалыс та алып келіпті. Тек үш жыл бұрын Астанаға қоныс аударғанда елордалық шенеуніктер жалақысына артық бір тиын да қоспайтынын айтқан. Экологиялық куәлігі бола тұра қосымша он күн демалыс беруден де бас тартыпты.
Тек үш жыл құжат жинап, табан тоздырған соң ғана Әнуарбек сот арқылы жеңілдікке қол жеткізіпті. Ал бастығының әрекетін адвокат Жандос Тұяқов таза заң бұзушылық дейді. Себебі 1,5 - 2 АЕК тең жәрдемақы мен қосымша демалыс полигон аумағында туып-өскендердің барлығына тиесілі. Жеңілдік Қазақстанның кез келген өңірінде, өмір бойыға беріледі.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, заңгер:
- Жеке куәлік беріледі. Ол куәлікте нақты жазылады бұл жеңілдіктер күллі Қазақстан аумағында пайдалануға құқығы бар. Егер куәлігі болатын болса, ол азамат өзіне тиесілі қаражат, тиесілі жеңілдіктерді сұрайтын болса ол міндетті түрде жүзеге асырылуы тиіс.
"Шенеуніктер заңды өздерінше талдап үйренген, сондықтан заңды белден басып жатады" дейді ол. Жалпы заң бойынша 4 мыңнан астам жәрдемақы мен қосымша экологиялық демалыс радиация аймағында туғандар, тұрғандар мен онда әскери қызметте болғандарға беріледі. Заңда арнайы аудандар да белгіленген.
Ал өз құқығын қорғай білген Әнуарбек тамызда демалыс алып, отыз күнге қосымша тағы он күн тынықпақшы. Енді ай сайын оның жалақысына 4242 теңге қосылады.