Тамылжыған тамыз айы да бел ортасынан ауды. Ендігі жерде ала жазды алақайлап өткізген балалар кезекті оқу жылына жаппай дайындыққа кіріседі. Кірісіп те кетті. Өткен оқу жылы аяқталар тұста білім саласының құлағын ұстағандар «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп оқушыларды жазғы демалыспен қамтамасыз ету мәселесінде біраз уәде берген болатын. Ендеше, «Алланың сөзі» қаншалықты орындалды? Өткен жылы ғой, кесел таратушы кененің кесірінен балаларға лагерь дегенді ұмытуға тура келді.
Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың жаз мезгілінде «жұмыс істейді» делінген 22 сауықтыру лагеріне 15589 бала қамтылады деп жоспарланған болатын. Алайда шын мәнінде, 16 ғана лагерь 7825 баланы қабылдапты. Облыстағы 1027 жалпы білім беретін мектептерде 525 937 шәкірттің білім алатынын ескерсек, олардың 98,5 пайызының лагерьлерде демалуы арман күйінде қалғанын көруге болады. Сонда демалыс лагерьлерімен қамтылған оқушылардың қатары жалпы балалардың 1,5 пайызын ғана құрағаны ма? Демек, жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы Үкімет басшысының өкімі тиісті деңгейде орындалмады деген сөз ғой. Ол аз десеңіз, шенеуніктер тарапынан заңнама талаптарын бұзу фактілері де орын алған.
– Мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырылуындағы ырду-дырдудың салдарынан «Компания Шынар Жолы» ЖШС өзіне қарасты «Салют» жазғы лагеріне аудан көлеміндегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан 200 балаға демалыс ұйымдастыру үшін алған 4,5 миллион теңге мемлекет қаражатына бүгінге дейін бар болғаны 59 бала ғана жолданған. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» сауықтыру лагерінің корпусына 4 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттеме алған «УниверсалПромТехКомпания» ЖШС заңбұзушылықтарға жол берген. Ал «Өгем» қоғамдық бірлестігімен Төлеби ауданы, Төңкеріс ауылы, Балдыберек өзенінің бойында «Авиатор» оқу-сауықтыру шатыржайы ұйымдастырылған. Мұның қызметі «Бота» қоғамдық қорымен жетім және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына 3 625 000 теңгеге қаржыландырылып, осыған орай Ленгір қалалық тіл кемістігі бар балалар мектебінен 15 бала – бірінші ауысымда, 16 бала екінші ауысымда демалған. Алайда «Авиатор» оқу сауықтыру шатыр жайы жазғы лагерінің қызметіне мемлекеттік лицензия алынбай, Үкімет қаулысының тармағы бұзылған, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Жения Әліханова.
Лагерьлерде санитарлық тазалықтың талапқа сай болуы – бірінші кезектегі мәселе. Тазалық денсаулық кепілі екенін қайталаудың қажеті шамалы. Алайда ең басты мәселенің өзіне немқұрайды қараған тоғыз бірдей жазғы сауықтыру лагерьлерінің алаңсыз жұмыс істегені заңбұзушылық екені өз алдына, баланың өмірімен ашық ойнау емес пе? Мысал керек пе? Айтайық. Оңтүстік Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының «Бәйшешек» спорттық-сауықтыру кешені мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында санитарлық ережелер сақталмаған. Нақтырақ айтар болсақ, отрядта жинақталған балалардың саны мөлшерден жоғары болған, жергілікті кәріз жүйесін тиісті мемлекеттік органдардың рұқсатынсыз таңдап, құрған. Ең сорақысы, лагерь медициналық пункт изоляторымен, ыстық сумен, тоңазытқышпен қамтамасыз етілмеген. Сонда шіліңгір шілденің ыстығында тез бұзылатын тағамдарды қалай сақтады екен? Олимпиадаға жолдама алған жұдырығы алтын жігіттер әлемдік додаға дайындық жасаған бұл атақты спорт кешенінде санитарлық жағдай жасалмаған болса, өзгелерінен не күтуге болады?
Бәйдібек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасымен «Болашақ» балалар лагері уақытша тоқтатылса, Ордабасы ауданындағы «Қараспан» сауықтыру лагерінің санитарлық жағдайы талапқа сай болмағандықтан, жұмысы тоқтатылған. Тізімді әрі қарай жалғастырар болсақ, Түлкібас ауданындағы «Самал», «Ерке» сауықтыру лагерьлері мен «Арман» шипалы лагеріне, Төлеби ауданындағы «Авиатор» оқу сауықтыру шатыржайына, «Тау самалы» облыстық оқу-сауықтыру орталығына, Қазығұрт ауданындағы «Атбұлақ» жалпы орта мектебі жанындағы лагерьге, Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» сауықтыру лагерьлеріне жүргізілген тексеру барысында анықталған құқықбұзушылықтарға байланысты іс жүргізу қозғалып, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармаларға жолданды. Ал осындай заң бұзушылықтарға жол берген лауазым иелерінің қатаң тәртіптік жауапкершілігін шешу мақсатында тиісті орындарға ұсыныс енгізілді.
Сауықтыру лагерьлерінің көпшілігінде санитарлық жағдайдың сын көтермейтіні аздай, өрт қауіпсіздігіне де немқұрайды қарағаны анықталды. Бұлардың көшбасында тағы да облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Бәйшешек» спорттық-сауықтыру кешені тұр. Кешеннің бір корпусында алғашқы өрт сөндіру құралы мүлдем жоқ болып шықты. Ол аз десеңіз, кешен аумағын өрттің шығу қаупін күшейтетін құрғақ, қураған шөптерден тазартуды да керек қылмапты. Жалпы алғанда, облыс аумағындағы тоғыз сауықтыру лагерінде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған.
Заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган тарапынан сауықтыру лагерьлеріне жүргізілген тексеру барысында анықтаған кемшіліктер мен заңбұзушылықтарға байланысты 15 лауазымды тұлғаларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс жүргізу қозғалып, бір ұйғарым мен бес ұсыныс түріндегі прокурорлық қадағалау актілері енгізілді.
Міне, біздің шенеуніктердің болашағымыздың тағдырына осындай немқұрайдылықпен қарайтыны әрі таңқалдырады, әрі жанға батады.
Сауықтыру лагерьлерінде санитарлық талап сақталмаған
Последние статьи автора