Сарыптан сақ болыңыз!

Республика бойынша жылына 1,5-2 мыңдай адам сарып ауруын жұқтырады екен. Ал сарып ауруының адамға малдан жұғатынын ескерсек, індеттің көп тарауына халықтың сарып туралы білмеуі себеп болып отырған секілді. Сондықтан да мамандардың «халыққа сарып ауруынан сақтану туралы мағлұмат берсеңіздер екен» деген ұсынысын қанағаттандыруды біз де жөн деп таптық.
Сарып немесе сал ауруы (бруцеллез) – адамдарға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Статистикалық деректерге жүгінсек, ел аумағында 2012 жылы 1509 адам сарып ауруын жұқтырса, 2013 жылдың тоғыз айында 1179 адам сарып­тан зардап шеккен. Сондай-ақ жеке­мен­шік мал шаруашылығы дамыған облыс­тарда малды бағып, оларға күтім жасау үшін балалар мен жасөспірімдердің еңбегін пайдалану балалар арасында са­рып ауруының көбеюіне әкеліп соғуда. Нақты айтар болсақ, бүгінгі таңда сарып дертіне шалдыққандардың 12,5 пайызын 14 жасқа толмаған жеткіншектер құрап отыр. Төрт түлік мал сарып ауруын жұқ­ты­ру­дың негізгі көзі болып табылады. Оның ішінде: уақ малдың үлесі 61,5% болса, ірі қара мал үлесі 18,4% болып отыр.
Сарып ауруы қатерінің бірі – ауру қоз­дыр­ғышының (бруцелла микробы) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды болуы. Қоздырғыштар сүт өнімдерінде 25 күнге дейін, мал терісінде үш-төрт ай, суда бес ай, топырақта екі-үш ай тіршілік етеді. Ал салқын жерде белсенділігін одан ұзақ мерзімде сақтайды. Ауру малдың ішіндегі ең қауіптісі уақ мал (қой мен ешкі), өткен жылы ауырған адамдардың 66,7%-ы ауруды уақ малды бағып-күту кезінде жұқтырған. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауыр­ған малдың тезегі, қиы, зәрі, шуы тағы басқалар арқылы бөлініп, тарайды. Мал­дың ақсап жүруі, аяқ буындарының ісінуі, көбінесе саулық малдың желініне ісік пайда болуы, іш тастуы, еркек малдың (бұқа, қошқар, теке т.б.) енінің ұлғаюы сияқты өзгерістер сарып ауруының белгісі болып табылады. Мұндай жағдай байқалғанда мал иесі уақыт оздырмай мал дәрігеріне хабарлауы тиіс.
Аурудың негізгі белгілері
Ауру қоздырғыштары адам денесіне әсіресе мал төлдету, оны бағып-күту, ауру малды сою, жіліктеу, немесе жүнін қырқу кезінде тері арқылы енеді. Ал күнделікті тұрмыста: ауырған малдың қайнатылмаған сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қай­мақ, сарымай, ірімшік, шала пісірілген ет тағам­дарын пайдаланғанда жұғады. Сол сияқты ауылды жерлерде отын ретінде мал тезегін дайындау кезінде жұғуы мүм­кін.
Сарып ауруының негізгі белгілері ауру жұқтырғаннан кейін 7-30 күн өткен соң біліне бастайды: адам өзінің тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, дел-сал болып бойының ауыр тартқанын сезеді. Емделмеген жағдайда ауру күшейіп, нау­қастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай суға малшынғандай терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты мен шабының бездері ісіп ауырады. Дәрігерлерге көрінбей, өзінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгіледі. Буын-буындарға сарсу толып, буындардың қалыпты түрі өзгереді. Ауру екі-үш жылдан көп жылға дейін созылып, кей жағдайда адам жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы ықтимал.
Сарып ауруынан сақтану жолдары
Сарыптың тек ауру малдан немесе мал өнімдерінен жұғатынын ескерсек, бірінші кезекте сақтану шараларын аурудың көзі болып табылатын себептерді жоюдан баста­ған жөн. Ол үшін жекеменшік мал иелері мен шағын шаруашылық бас­шы­лары, жергілікті әкімдер мен мал дәрі­гер­лері бірлесіп, қожалықтағы немесе жеке­мен­шіктегі барлық мал басын түгелдей есепке алып, уақтылы ауру-сауын тексе­ріп, сарыпқа және де басқа қауіпті ауруларға қарсы екпе жасатып отыруы тиіс. Ауруы анықталған малды көп ұзатпай сойып, ет өңдейтін арнайы орындарға тап­сыруы қажет. Сонымен қатар ауру малды өзге малдан бөлектеп, іш тастаған малдың төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып, мал төлдеген жердің сабан-шөбін, топырағымен қоса алып, қорадан аулақ жерге апарып, иттер қазып ала алмайтындай етіп 1-1,5 метр­дей тереңдікке көміп тастау керек. Ауру малды бағып-күтушілер үстінде ар­найы санитарлық киімдер: халат, резеңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтін алжапқыш бай­лап, жұмыс істеуі шарт. Қолды жиі сабын­дап жуып жүрудің де маңызы өте зор. Мал сатып алғанда малдың саулығы туралы анықтаманы талап ету керек.
Ауру мал бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға, демалыс жасауға болмайды. Жаңа туған төлді үйге кіргізу де қауіпті. Себебі үйдегі сәбиге, балаларға, отбасы мүшелеріне ауру жуғуы мүмкін. Мал немесе малдың еті мен сүтін сатып алғанда, сатушылардан малдың саулығы туралы мал дәрігердің анықтамасын талап ету қажет.
Егер әрбіріміз жоғарыда айтылған қара­пайым ережелерді мұқият сақтасақ, тек сарып емес, малдан жұғатын көптеген басқа да аса қауіпті аурулардан аман бола­ры­мыз анық.
Ақылбек МЫРЗАБЕКОВ, Республикалық «Сан-эпидсараптама және мониторинг» ҒТО-ның жоғары санатты дәрігер-эпидемиологі, денсаулық сақтау ісінің үздігі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста