Сары әулиенің сыры
90-шы жылдары "Сары әулие" деген атпен танымал болған әйгілі емші Марат Есенбаев "Замана" басылымына сұхбат беріп, өзінің жас қызға үйлену себебін түсіндірді.
Ол суреттегі жас қызды өзінің ақ некелі әйелі екенін айтты."Суреттегі қыз менің ақ некелі әйелім. Есімі - Гүлияр. Бес ай болды, шариғат жолымен некемізді қидырдық. Бірге өмір сүріп жатырмыз. Бүгінде ислам жолын ұстанып, оның парыздарын орындауға, яғни нағыз мұсылман әйелі болуға тырысып жүр. Бәрін өзім үйретіп жатырмын", - дейді Сары әулие. Ол қызға құда түсіп, әке-шешесі мен бауырларының рұқсатын алғанын да жеткізді. Гүлияр оған ем қабылдауға келген екен. Емші қыздың жасы өзінен әлдеқайда кіші екенін де жасырмады. "Бізді ақтөбелік Альбина есімді қарындасым таныстырған. Ата-анасы да мені жақсы таниды. Қыздарының мен секілді діни сауатты, мұсылман азаматтың етегінен ұстағанына қуанып жүр. Арамызда 34 жыл жас айырмашылығы бар. Қазір жасы 18-де. Алла бұйыртса, келесі жылдың оразасы біткен соң үйлену тойын жасаймыз", - дейді емші.
Сары әулие өзінің жас қызға үйленуіне бәйбішесінің мүлде қарсы еместігін, тіпті куәгер болғанын айтап мақтанды. Сондай-ақ, ол өзінің емдеу сеансына неліктен 4 мың доллар алатынын да түсіндірді.
"Менің екі түрлі емім бар. Біреуі - тегін. Ол көпшілік жамағат болған уақытта жасалатын ем. Ал кейбір адамдар оны қанағат тұтпай, жеке емге жазылатын болса, оның құны 4 мың доллардан жоғары болады. Ең төменгі баға - 4 мың доллар", - дейді ол.
Сары әулие бұл бағадан шошынбау керектігін айтты. Себебі, оның дәрежесіндегі адамдар 15-20 мың долларға да сөйлеспейді екен. Өйткені, 200-300 мың доллардан миллион долларға дейін күрделі ем жасап үйренген.
Сөз соңында емші қазіргі жары Гүлиярды пәк күйінде алғандықтан, оған өз тегін бергенін айтқан. Сондай-ақ, өзінің көп әйел алуын қазақ санын көбейту үшін деп түсіндіреді. Алайда, Гүлиярдан бала сүюге асықпайды. "Енді үйленбеймін, осымен тоқтаймын. Менің көп әйел алудағы мақсатым - алтын асықты азаматтардың санын көбейту. Шүкір дейін, 9 ұл, 7 қыз тәрбиелеп отырмын. Енді Гүлиярдан ұрпақ сүйсем деген ниетім бар. Бірақ бұл жағынан қазірше асығып отырған жоқпыз. Біраз уақыт қасымда еліктің лағындай үлпілдеп, еркелеп жүре тұрғанын қалаймын", - дейді емші.
Айтпақшы, Сары әулие өзімен үй мәселесі бойынша дауласып жүрген қызы Бақытгүлден Алла алдында бас тартқан екен. Еске сала кетейік, Сары әулие жас қызбен түскен фотоларын әлеуметтік желіге жариялап, елді таң қалдырған болатын.
aikyn.kz