Сақтансаң, мұз сүңгіден сақтан!
Күн сәл жылынса, көктем келді деп қуанамыз. Бірақ қылышын сүйретіп келген қыстың сүңгісін үй шатырларына іліп кететіні тағы бар. Сондықтан көктемде сүңгіден зардап шегетіндер аз емес. Құласа, адам түгіл, көлікті де жайрататын сүңгілер нысандардың төбесінен сойдақ-сойдақ болып салбырап тұрады. Бұндай мұздар адам өміріне өте қауіпті.
Төтеншелік мамандар адамдарды сақтыққа шақыруда. Әсіресе үйлердің жанынан, көшедегі түрлі нысандардың қасынан өткенде абай болу керек. Бұған қоса төбеге жиналып қалған қалың қар да жаяу жүргіншілерге қатерлі жағдай туғызары сөзсіз. Өкініштісі сол – қауіпті бұл құбылысты қалалықтардың барлығы бірдей аңғара бермейді.
Мамандардың айтуынша, бұндай жағдайлардың алдын алуға тұрғындар мен мекеме басшылары салғырттық танытып келеді. Олар жекеменшік үйлер мен өз қарамағындағы нысандардың шатыры мен аумағын дер кезінде қардан аршымайды. Бір ғана мысал, қаладағы бір мектеп әкімшілігі шатырдағы «тау» боп жатқан қарды тазартқанның орнына «Абайлаңыз, шатырдан қар құлауы мүмкін» деген ескерту жазып қойыпты.
Семей қалалық ТЖБ тұрғындарды оқыту және даярлауға насихаттау бөлімінің аға офицері Александр Алябьевтің айтуынша, былтыр көктем шыға берер тұста қаладағы автотұрақтардың бірінде төтенше жағдай болған. Автотұрақ шатырындағы қар дер кезінде тазартылмай, күн көбесі сөгілгенде төбедегі жұқа металл ауыр қарға төтеп бере алмай опырылып түседі. Салдарынан астында тұрған көлік түгі қалмай қирайды.
Төтеншеліктер тұрғындар мен мекеме басшыларын және ПИК-ті өз айналасы мен шатырлардағы қарды жеделдетіп тазартуға шақырады. Соған қоса көлік иелерінен автокөліктерді үйдің маңындағы қауіпті жерлерге қалдырмауды сұрайды. «Сақтансаң, сақтаймын» дегенді ұмытпағанымыз абзал.