Шынымызды айтайық (төмендегі суреттерден көргендей) шалағай аудармадан шаршадық. Көзіміз де талды, көңіліміз де қалды. «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші бұл мәселе бүгінге дейін сан рет қозғалған болар. Бірақ нәтижесі нөл немесе жоқ. Бір ғана Алматыны (бәлкім, еліміздің өзге де өңірлерін) бір шарлап шықсаңыз, қалай болса солай сауатсыз аударылған дүниелердің талайын табасыз, тіпті көз сүрінеді. Сонда бұған қарсы күрестің жолы жоқ па? Сайып келгенде, сауатсыз аудармаға кім жауапты?
Аталған тақырыпты назарға алмас бұрын біз алып қаланы бір аралап шыққан болатынбыз. Мұндағы мақсатымыз «көше-көшенің бұрыш – бұрышында тұрған жарнама билбордтарында қателіктер жоқ па, түрлі компаниялар өз жарнамасын қалай орналастырыпты?» деген сауалға жауап алу еді. Қаланың Қарасай батыр және Мұхтар Әуезов көшесін кесіп өтіп бара жатқанда, бір келеңсіз көрініс көзге қораш көрінді. Кім және қалай жасағаны белгісіз, әйтеуір әлгі көшенің қиылысында тұрған жатаған үйдің жапсырмасында «М.Әуэзов көшесі» деген атау тұр. Апырау, бұл қалай болды? Әуэзов емес, қазақшасы Әуезов емес пе еді? Жалпы, Алматыны аралап жүрсең көше атауынан бір емес, ондаған, тіпті жүздеген қате табуға болады.
Ал қазақша жарнаманың жағдайы тым мүшкіл. Бірақ ол туралы кейін айтатын боламыз. Әзір, мемлекеттік басқару құрылымындағы орысша-қазақша аудармалардың ақсап тұрған тұстарын айта кетсек артық емес шығар. Бұл тарапта Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылдың мынадай бір пікірін алға тартқымыз келіп отыр. Бұдан біраз жыл бұрынғы «Тіл мен әдебиетті оқытудың теориясы мен әдістемесіндегі инновациялық технологиялар: мәселелер және даму жолдары» деп аталатын тақырыпты талқыға салған үлкен жиынға қатысқанымыз бар еді. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған осынау іс-шарада халық қалаулысы аударма саласындағы «қаны сорғалап» тұрған мәселелерді былайша тарқатып айтқан тұғын:
Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты:
– Қазіргі кезде мемлекеттік басқару органдары іс қағаздарын сауатсыз аударады. Заңдар да солай, жаңылтпаш оқып отырғандай боласың, қатты қиналасың. Мұның себебі – аудармашылардың арнайы дайындықтарының жоқтығы. Ғылыми-рухани, экономикалық-әлеуметтік және басқа да салаларда терминдер мен өзгермейтін ұғымдық тіркестер әрқилы аударылады. Терминком өз бетінше, аудармашылар өз алдына. Ал көркем әдебиетті аудару арқылы қазақ әдебиетінің інжу-маржанын шетелдерге сол күйінде жеткізу күні бүгінге дейін арман болып келеді. Бұл қиындықтардан шығудың жалғыз жолы – еліміздегі Еуразия ұлттық университеті сияқты беделді жоғары оқу орындарында арнайы «Аударма» факультетін ашу. Мұның еш артығы жоқ. Сосын оның ашылуы бар да, жұмыс істеуі бар. Бұл факультетке шет тілдерде аударма жасай алатын дарынды жастар қабылдануы керек. Себебі көркем әдебиетті дарынды ақын-жазушылар ғана көркем тәржімалай алады. Іс-қағаздарын аудару үшін де осы салаға бейім жастар іріктелуі тиіс. Біз бұл мәселені дүркін-дүркін көтеріп келеміз. Бірақ нақты шешім жоқ. Аталған ұсыныс бүгінде Үкіметтің қарауында…
Шыны керек, депутат көтерген бұл мәселе аяғына дейін жетті ме, әлде жетпеді ме, ол жағы бізге белгісіз болып тұр. Алайда халық қалаулысының ақиқатты айтқаны әрі өзекті мәселені көтергені анық. Көп жағдайда сауатсыз билбордты іліп қойған жарнама беруші компаниялар «мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарайды» дегенімізбен, іс жүзінде олар да, белгілі бір мәтінді орысшадан қазақшаға аудару үшін ең алдымен аудармашының көмегіне жүгінері анық қой. Ендеше, ең алдымен аудармашылардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі ешқандай дау туғызбас деп ойлаймыз. Себебі, қалай болғанда да орысшадан- қазақшаға немесе қазақшадан-орысшаға аударылған мәтін сауатты әрі түсінікті тілде аударылуы керек.
Қорқақтар еркек…
Иә, қорқақтар еркек. Сіз бірнәрсе түсіндіңіз бе? Әй, қайдам… Біз де. Түк ұқсақ бұйырмасын. Бұлардың мұнымен не дегісі келіп тұр? Еркектердің бәрін шетінен қорқақ дей ме? Бірақ, қорқақтық пен іш киімнің арасында қандай байланыс бар? Білгіңіз келсе айтайық. Сөйтсек, Алматыдағы киім сататын дүкендердің бірі «Трусы мужские» деген сөзді тура мағынасында түсініп «Қорқақтар еркек» деп аударған екен. Және бұл бір ғана өнімге емес, ондаған, жүздеген өнімге жапсырылған анық. Сонда дейміз де, әлгі компанияда екі ауыз қазақша білетін бір адамның болмағаны ма? Тіпті, қорқақтар деген сөзді білген екен, ендеше соны ғаламтор желісіндегі сөздіктен қарауға болады ғой! Айтайық дегеніміз «трусы мужские» деген сөздің қазақша аудармасы «ерлердің іш киімі» деген сөз. Біз, мұны осындай сорақы қателікке жол берген компанияға ғана емес, жалпы бұл салада жұмыс істейтін барлық кәсіпорындарға құлаққағыс ретінде айтып отырмыз.
Маман не дейді?
Жоғарыда халық қалаулысы Алдан Смайылдың «еліміздегі аударма ісіндегі кемшіліктер аудармашылардың кәсіби біліктілігінің төмендегінен» деген ой-пікірін бердік. Және онымен келісетінімізді де жасырған жоқпыз. Дегенмен, бұл тарапта кәсіби аудармашылар не деп ойлайды екен. 7-8 жыл бойына аударма ісінде жүрген білікті маман Қанат Асқардың бұл тараптағы ойы, көзқарасы мынадай:
Қанат Асқар, аудармашы:
– Елімізде аударма саласы кенже дамып отыр дегенмен келіспеймін. Бір ғана Алматының өзінде аударма ісімен айналысатын 30-дан астам агенттік бар. Алайда олар қандай аудармашылармен жұмыс істейді? Міне, мәселе сонда. Олармен келісімшартқа отырған аудармашылардың біліктілігі қандай? Сосын мұндай агенттіктерде жұмыс істейтін азаматтардың көпшілігі қазақшаға шорқақ. Сондықтан аудармашы тәржімалап жіберген дүниені түсіне алмайды. Түсіне алмағасын түзей алмайды. Екінші мәселе, менің бүгінге дейінгі көз жеткізген тәжірибем: орысшадан қазақшаға аударғанда біз сөздің міндетті түрде орыс тілімен мағыналас болуын ойламау керекпіз. Қазақ тіліне өз алдына тәуелсіз тұруы керек. Яғни, белгілі бір жарнама билбордындағы келушілерді қызықтыратын лозунгтер екі тілде де өз мағынасын ашып тұруы қажет. Сонда дәл бүгінгідей ұятты жағдайлар болмайды.
Erkindik.kz сайтынан алынған