Елімізде халықаралық «Саябақтар шеруі–2009» шарасы басталды. Мақсаты - ұлттық табиғат бақтарын қорғау, орман және аң шаруашылығының дамуына қолдау көрсету.
Шара аясында арнайы мамандар мектеп оқушыларымен және студенттермен бірге ұлттық бақтарды күл-қоқыстан тазалап, жасыл желек отырғызады. Оқу орындары мен мектептерде табиғатты қорғау мәселесі бойынша дәрістер оқылады. Сонымен қатар балалар шығармашылығы көрмесі де ұйымдастырылады. Былтыр дәл осындай шараға 15 мыңнан астам адам қатысқан болса, биыл олардың санын едәуір арттыру көзделіп отыр.
Экологиялық шара жария етілген баспасөз мәслихатында «Іле Алатауы» табиғат бағының қазіргі жай-күйі жайлы айтылды. Мемлекеттік мекеменің бас директоры Мәрлен Айнабековтің сөзіне қарағанда, мұнда келуші туристер саны артып келеді. Былтыр саябақ аумағында 200 мыңға жуық адам тынығыпты. Қазір ұлттық бақта атпен серуендеуді ұйымдастыру қолға алынды. Табиғатты сызат түсірмей тамашалаудың бұл тиімді тәсілі үшін Баум тоғайы таңдалып алынған. Бұл бақ «Іле Алатауының» қарамағына былтыр берілген болатын. Қазір оның аумағы ұзартылып, спорттық алаңдармен жабдықталып жатыр. Мәуелі орындарда тынығу бар да, оны барлық қауіптен көздің қарашығындай сақтау бар. «Саябақтар шеруі–2009» шарасы осы екі мақсатты да көздеп отыр.
Саябақтарды сақтайық!
Последние статьи автора