Алтынай ЖҮНІСОВА, «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының Сібір аймақтық орталығы кеңесінің төрайымы:
Ресейдің Омбы облысындағы аз санды ұлттардың арасында ең бірінші боп ашылған «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының Сібір аймақтық орталығының құрылғанына биыл ақпанның 12-і күні 25 жыл толады. «Алаш айнасы» осыған орай орталық кеңесінің төрайымы Алтынай Жүнісованы аймақта ұлты орыс халықтан кейінгі екінші ұлт саналатын қазақтардың қазіргі хал-жағдайы туралы сұхбатқа тартқан едік.
– Ресейдің соңғы халық санағында Омбы облысындағы қазақтар орыстардан кейінгі ең көп санды ұлт болған еді. Қазір оның жағдайы қалай?
– Ресей Федерациясындағы 143 миллион халықтың 1 миллион 200 мыңы қазақтар. Қазақтар сандық үлесі жағынан ондағы түрлі ұлт пен ұлыстардың арасында 10-орында тұр. Жалпы Ресейдегі қазақтар негізінен Астрахан (150 мың), Орынбор (125 мың), Омбы (100 мың) және Саратов (80 мың) облыстарында шоғырланған. Ал алғашқы үштікке кіретін Омбы облысында қазіргі таңда да орыстардан кейінгі саны ең көп ұлт саналатын қазақтардың үлесі мұндағы жалпы халықтың 4 пайызын құрайды.
– Олардың қазіргі таңдағы көкейкесті мәселесі не?
– Біздің басты проблемамыз бұрын да, қазір де ана тілімізді сақтау болып келе жатыр. Мұнда бүгінгі таңда қазақтар көп шоғырланған ауылдардағы 16 мектепте ғана қазақ тілі пән ретінде аптасына 1-2 сағат оқытылады. Осыған қарамастан балалардың туған тілге деген қызығушылығы өте жоғары. Оны облыстық және Қазақстандағы «Дарын» орталығы ұйымдастырған халықаралық олимпиадаларға жыл сайын бізден 10-12 баланың қатысуы дәлелдей алады. Мектептердегі қазақ тілін оқытатын мамандардың бәрі түгелдей өзіміздің мұғалімдеріміз. Ал қажетті оқулықтар мен әдістемелік материалдарды Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінен мүмкіндігіне қарай алып отырамыз.
– Он екінші ақпан күні «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының құрылғанына 25 жыл болады екен. Ширек ғасыр уақыт бұрынғы жағдай қазір есіңізде ме?
– Ол Омбы қазақтарының өміріндегі ерекше бір оқиға болды деп айта алам. Өз мәдениетіне әбден шөліркеп жүрген олардың бұл оқиға ұлттық рухын оятқанын мына бір жағдайдан айқын аңғаруға болады. Біздің алғашқы концертіміз өткен кезде 500 орындық залға 700 адам жиналды, сондай-ақ тағы 500 адам кіре алмай сыртта ентелеп тұрды. Оны көрген соң концерт өтетін мекеменің директоры әбден сасып, милициядан көмек сұрауға мәжбүр болды. Тіпті оны естіген соң жергілікті билік органдары бірінен кейін бірі үздіксіз қоңырау шалып, «қазақтар не істеп жатырсыңдар» деп бізді қыспаққа ала бастады.
–«Мөлдірдің» құрылуына «Жас тұлпар» ұйымының қатысы болды ма?
– Жоқ. Біз Мәскеудегі қазақтармен байланысты тек ресми түрде тіркелген соң 1992 жылы ғана орнаттық. «Мөлдірдің» негізін жерлестерім Зиябек Кабульдинов, Қалиакпар Құлахметов, Роза Буланбаева, Майра Әлжанова, Раушан Мұқанова, Әлібек Қалабаев, Закир Абибуллаев, Әділбек Нысанбаев пен Нұрлан Қожақовтармен бірге қалағанымды әлі күнге зор мақтаныш тұтам. Ол кезде мұнда Қазақ елінен білім іздеген жастар көп келетін. Туған жерін сағынған кезде еріксіз бір-бірімізді іздеп тауып ап, жиналып ән айтып, би билеп сағынышымызды басатынбыз.
– «Мөлдірдің» бірден елге әйгілі болуына ықпал еткен не нәрсе болды?
– Бастапқы кезде тек студенттер ғана жиналып, көңілді кештерді бірге
өткізіп жүргеміз. Өйткені одақтың күйреуінен кейін Қазақ елінен Омбыға оқуға келушілер тоқтап қалды. Сондықтан кейін олар оқуын бітіріп, елге қайтқан соң бұл істі біржола өз қолымызға алдық. Біздің мәдени орталығымызды билік органдары тек Кеңес одағы тараған соң 1992 жылы ғана ресми түрде тіркеуге алды. Оған дейін қорқып, бізді тіркемей жүрген. Жалпы «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы ең бірінші боп құрылып, кейін ең бірінші боп тіркелген Омбы облысындағы тұңғыш ұлттық мәдени орталық ретінде тарихқа кіріп отыр. Татарлар өз орталығын бір айдан соң, ал украин, еврей сияқты ұлт өкілдері оны тек кейінгі жылдары ғана ашты.
Біздің жұмысымыздың елге тез тарауына мына бір жағдай да өз әсерін тигізді. Бірде көшеде келе жатып, «Сібір зауыты» мәдениет сарайына қаладағы барлық ұлт пен ұлыстың өкілдерін өз өнерін дамытуға шақырған бір хабарламасын оқыған соң, көп уақыт өткізбей біз де сол ортадан табылдық. Бұл жерден жаңа достар тауып, өзімізге деген сенімімізді бекітіп, өзге ұлт өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс жасай бастадық. Сол мекеменің директоры болған Владимир Малцев деген кісі әлі тірі. Құдай бұйырса мерейтойымызға құрметті қонақ боп келмек.
Жалпы өткен күндерге көз жіберсек домбыра тарту, қазақша ән-билерді үйрену алғашқы кезде бізге қиын болған еді. Ән арқылы, оның мәтінінің мағынасын келушілерге түсіндіру арқылы және табандылықтың нәтижесінде бұл қиындықтарды да еңсердік. Қазір орталығымызда домбыра, ән, би үйірмелері бар. Сондай-ақ бүкіл аудандардағы қазақ мәдени орталықтарында да осындай үйірмелер ашып жатырмыз. Жыл сайын ондағы үйренушілер үшін түрлі фестивалдер мен байқаулар өтіп тұрады.
– Ұлтты ұйыстыратын тіректің бірі сарапшылардың айтуынша,
діни бірлік. Бұл жағынан Омбы қазақтары өз сеніміне қаншалықты берік?
– Жаһандану үдерістері қарқын алған кезде діннің елдегі тұрақтылық пен дамуға тигізетін әсері өте жоғары болып отыр. Өкінішке орай оны өзінің теріс мақсатына қол жеткізу үшін қару ретінде қолданушылар ондағы түрлі ағымдардың қалыптасуына жол ашуда. Соның әсерінен қазір қай жерде болмасын сахнаға щығуға, ән салуға болмайды деп жұртты адастырушылар төбе көрсетіп жүр. Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі, әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек», - деген сөзі бар екен. Егер білімге деген құштарлығы жоғары болса, олардың жетегіне ергендер өзінің адасқанын ерте ме кеш пе әйтеуір бір күні түсінері хақ. Соңғы 10 жыл көлемінде біздегі асыл дінімізге біржола бет бұрып, намазын қаза жібермей, мешітке баратын жамағаттың қатары күн санап өсіп келе жатқаны көңіл қуантады. Өз басым 1992 жылы Мәскеуде араб елдерінен келген ғалымдардан Ресей қазақтарының арасында алғашқылардың бірі болып 1 ай бойы діни білім алып, дін негіздерін үйретуге болады деген диплом алуға қол жеткізген едім. Тіпті мәдениет училищесінен игерген мамандығым мен алған жаңа білімімді қалай қолдансам екен деп біршама уақыт ой үстінде жүрген кезім де болды. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының: «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінде емес» деген сөзі осы арада еріксіз есіме түсіп отыр. Қазір осы таңдауыма еш өкінбеймін. Өйткені мен мәдениет училищесін бітірген соң тәжірибені ауылдан бастап, кейін оны Омбыда жалғастырған кезде ұлтқа қызмет етудің бойға қаншалықты күш-қуат беретінін жалынды жастық шағымнан сезінуге қол жеткіздім.
– Қазақтың белгілі қайраткер, публицисті Сағат Әшімбаевтың:
«Сүйікті ақыны жоқ адам рухани жанашыры жоқ адам», - деген сөзі бар екен. Кімдердің шығармаларын оқып жүрсіз?
–Мұқағали Мақатаевтың жырларын қатты жақсы көрем. «Мен қазақпын» деп жырлайтын, оның қуанышы мен мұңын шығармасына арқау еткен Абай Құнанбайұлынан бастап, Мағжан Жұмабайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жұбан Молдағалиев сияқты ақындардың, Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұршайықов секілді жазушылардың бәрінің шығармасын жата-жастана оқимын. Мәселен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» тек 21 жасымда оқыдым. Онда да алдымен орысша, сосын қазақшасын қайталап оқып шықтым.
Қай қалада жүрсем де бос уақытым болып жатса, сондай-ақ театрға баруға тырысам. Қазақ драматургтерінен Сұлтанәлі Балғабаев ағамыздың қойылымдары жаныма ерекше жақын. Әйелдің жан-дүниесін өз пьессаларында өте жақсы ашады.
– Қазақстандық өнер шеберлері сіздерге қаншалықты жиі келіп тұрады?
– Бір мың орындық концерт залымыз бар. Қазақстаннан кейде бзге ақша табамыз деп келетіндер бар. Мен оларға сіздер мұнда ақша табамыз деп емес, қазақтың өнерін насихаттаймын деп келсеңіздер екен деп айтам. Былтыр бізге Алматыдан «Досмұқасан» ансамблі мен Көкшетаудан Олжас Сәбижан деген әнші және Павлодардан «Жеңеше-ай» деген дуэт кетті. Алдыңғы жылы Алматыдан Бауыржан Ибрагимовтың «Бауыржан шоу» театры және Қарағандыдан Тәттімбет атындағы оркестрдің артистері келген. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бізге келіп кеткеніне 11 жыл толып отыр. Әйгілі өнер ордасы тағы де келсе деген тілегіміз бар. Өйткені Омбыда әзірге бірде-бір қазақ театры жоқ.
– Ширек ғасырлық мерейтойларыңызды қалай атап өтпексіздер?
– Омбыда 12-ақпанда «Мәдениет ғарыш сияқты. Киіз үй – көшпенділер ғарышы» деп аталатын көрме ашылады. Оны Ресей ғылым академиясы Археология және этнография институтының Омбы филиалымен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Маусым айына дейін жұмыс істейтін бұл көрмеге өзімңздің мәдени орталықтағы және қала мен облыстың түкпір-түкпірінен жиналған халқымыздың қолөнер бұйымдары қойылады. Бұл шара кезінде білім беру мекемелерімен жұмыс істеп, ұлтына қарамастан барлық оқушыларды әкеп көрсетеміз.
12-13 ақпан күндері Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Амангелді Шәкеновтің «Туып-өскен кеңістік» деген тақырыптағы көрмесі мен қазақтың зияткерлік ойыны тоғызқұмалақтан турнир өткізілетін болады. Сондай-ақ 25 жыл бұрынғыдай концерт тыңдау үшін келіп, адамдардың далада қалып қоймасы үшін 2 күн бойы «Мөлдір саз» деп аталатын концерт қоямыз. Онда Омбы облысындағы қазақтың ең үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсететін болады.
– Ресейдегі қазақтар арасында Қазақстанға келгісі келетіндер бар ма?
– Біз өз жерімізде тұрмыз, диаспора емеспіз. Біз бұл жерде кейбір зерттеушілердің айтуынша, 11 ғасырдан бері мекен етіп келе жатырмыз. Мұнда әлі күнге дейін Жарағаш, Қарағаш, Байдалдин деген сияқты көптеген жер-су атаулары қазақ тілінде аталады. Егер автомобильмен келсеңіз қаланың аты жазылған көрсеткіштер бірінші Омбы деп қазақша жазылғанын, содан кейін ғана орысша жазылғанын көрер едіңіз. Осында жоғары білім алып, сосын Қазақстанға келіп жұмыс жасағысы келетін жастар бар. Дегенмен көпшілік халық ата-бабамыздың сүйегі жатқан туған жерді тастап ешқайда кетпейміз деген ұстанымды ұстанып отыр.
– Аралас некеге тұрушылар көп пе?
– Өзге облыстарға қарағанда бізде ондайлар өте сирек кездеседі. Барының өзі тек махаббатпен отбасын құрғандар. Омбы қазақтары тек өз ұлтының өкілімен шаңырақ құруға ерекше мән береді.
– Омбы қазақтарының қандай арманы бар?
–Қазақстан тыныш болса екен, ешқашан соғыс болмай өсіп-өркендей берсе, Жаңаөзендегі жағдай енді қайталанбаса екен деп тілейді. Қазақстан Мәңгілік Елге айналса, оларда одан басқа қандай арман болмақ. Біз қазірдің өзінде артымызда Қазақстан деген еліміз бар екенін жақсы білеміз және оны әрдайым арқа тұтып, зор үміт артамыз. Қазақстан барда тіліміз, әдебиетіміз, мәдениет пен өнеріміз, музыкамыз, спортымыз өлмейтінін білеміз. Қазір бізге Ресейде тұрып жатқан көптеген түркі тілдес бауырлас халықтар қызығады. Сендердің арттарыңды Қазақстан сияқты қуатты да қарқын дамып келе жатқан өз елдерің бар деп сүйсінеді. Менің Қазақстаным бар деген деген мақтаныш сезімі біздің бойымызға әрдайым үлкен күш-қуат кіргізіп, ойымызға еркіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.