Сәуірдің 30-ында басталған дәстүрлі Іле-Балқаш регатасы жарысы мамырдың 29-ында Қапшағайдың солтүстік жағалауында мәреге жетті. Желкенді және ескекті су көліктерімен сынға түскен 70-ке жуық команда арасынан нағыз мықтылар іріктелді.
Іле-Балқаш регатасы биыл 11-жыл өткізіліп отыр. Шараны ұйымдастырушы «Табиғат» экологиялық одағы Іле мен Балқаштағы қайық жарыстарына көпшілікті қатыстыра отырып, осы табиғи суқоймалар қорын сақтау және молайту мәселесіне қоғам назарын аударып келеді. Биыл рафт, катамаран, байдарка, ескекті қайық, қаңқалы сал, үрлемелі сал, каноэ, альбатрос сияқты су көліктерімен спринтерлік-марафондық және көпкүндік супермарафон бәйгелеріне қатысушылар жылдағыдан көп болды. Жарыстың әр түрі бойынша жеңімпаздарды жеке-жеке марапаттау тура бір сағатқа созылды. Командалар арасынан «Меншік құқығын қорғау одағы» қоғамдық бірлестігі атынан сынға түскен қыз-жігіттер көп жүлдеге ие болды. Мұның алдында мамырдың 2-9 аралығында Балқашта VI халықаралық желкенді регата ұйымдастырылған еді. Бірнеше елден шақырылған желкеншілердің 20-дан астам командасы Саяқ кенішінен Балқашқа дейін жарыса жүзіп өткен. Әдетте осындай экологиялық шаралардан соң кісі көп жиналған жерлерге қоқыс үйіліп қалып жатады. Бірақ «Табиғат» экологиялық одағы регатадан соң жағажайды мұнтаздай етіп тазартуды дәстүрге енгізген. Одақ жетекшісінің қатысушыларға қатысты титтей қағаз да қалдырмай тазалап кету туралы бұйрығы да бар.
Владислав ПОКУСОВ, «Меншік құқығын қорғау одағы» қоғамдық бірлестігі командасының мүшесі:
– Біздің команда барлық сын бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Командамыз негізінен 18-24 жас аралығындағы жастардан тұрады, бірақ жарысқа қатысушылар арасында ересектер де, үш-бес жастағы балалар да болды. Командалар жарыстың барлық түрі бойынша қатысты.
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
– Біз 11 жыл бұрын Балқашты сақтау мәселелеріне арналған үлкен форум өткізгенбіз. Қытай Іленің суын көбірек пайдаланатын, сондықтан Іле суын молайту мәселесін біз регата арқылы халыққа кең насихаттауды мақсат еттік. Бұл жарыс кейін үлкен туристік шараға айналды. Дүниежүзін ғаламдық жылыну құбылысы алаңдатып отырған қазіргі мезгілде Алатаудың басындағы мұздықтарды сақтау, Іле, Қапшағай, Балқаш пен басқа да өзен-суларды құрғатып алмау мәселелеріне көбірек көңіл бөлген жөн.
Регата жұртшылық назарын Іле-Балқаш мәселесіне аударады
Последние статьи автора