«Атажұрт еріктілерінің» «Youtube» желісінде кезекті видеосы жарияланды. Онда «тыйым салынған мемлекетке бардың» деген айыппен 1 жыл, 7 ай Қытай саяси үйрену орталығында отырып келген қазақ әйелінің көрген қорлығы туралы баяндалады.
«Атажұрт еріктілерінің» басшысы Серікжан Біләшұлының айтуынша, қытайлар Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан секілді 26 мұсылман елдерін террористік қауіпті мемлекет деп атаған. Солардың біріне барып-келгендер немесе байланысқандар аталған түрмелерге тоғытылатын көрінеді. Солардың қатарына енген Гүлзира Әуелханқызы күйеуі мен баласы Қазақстан азаматтығын алған соң Қытай елінде қалып қойған Құндыз және Жадыра атты қыздарын алып қайтуға сол жаққа барған екен. Содан екі жылдан соң бір-ақ елге оралыпты.
«Бүгін сіздерге өте бір сұмдық оқиғаны жеткізбекшіміз. Осыдан біраз бұрын Гүлзира Әуелханқызы туралы ақпарат бүкіл қазақтілді аудиторияны, тіпті әлемдік ақпарат көздерін дүр сілкіндірген болатын. Сол Гүлзира бірнеше күннен бері денсаулығына байланысты Алматы қаласында медициналық сараптамадан өтуде. Ал бұл жай ғана медициналық тексеріс емес. Қытайдың қазақтарға, қырғыздарға, ұйғырларға, тәжіктерге, өзбектерге жасап жатқан сұмдық қиянатының, сол қылмыстың тірі куәгері ретінде Гүлзираның өзі келіп отыр», – деп бастады сөзді Серікжан мырза. Ары қарайғы әңгімені Гүлзира ханымның өзі жалғастырды.
«Мен саяси үйрену лагеріне 2017 жылдың жетінші айында кірдім. Біз Құлжа ауданындағы №4 орта мектепке отырдық. Бұл оқушылар тарап кеткен уақытта босаған мектеп екен. Сен қауіпті мемлекетке барып келдің, Қазақстанда теледидар көрдің, ақпарат естідің, капиталистік-буржуазиялық идеямен, Ислам дінімен миың уланған деген айып тағып, түрмеге қамады. Оны өздері саяси үйрену мектебі деп атағанымен ол кәдімгі түрме.
Үйрену мектебі А, В, С, Д деп бірнеше санатқа бөлінеді. Біздікі «еркін сынып» деп аталды. Бұл – ең жеңіл санаты. Соның өзінде көрген қорлығымыз аз емес.
Залда форма киген, қолдарына ағаш тоқпақ ұстаған қыздар тұрады. Олар сыныпқа кірмейді. Ал сыныпта бізді бақылап отыратын екі сақшы бар.
Әр адамға дәретханаға отыруға екі минут уақыттан беріледі. Шектелген уақыттан асып кетсе, тоқпақтап үлгереді. Денеге таяқтың ізі түспес үшін тек басымыздан ғана ұрады. Арасында 2-3 рет «тоқ таяқпен» де тыз еткізеді. Әр сыныпта 50 адамнан отырамыз. Дәретханаға кіруге жарты сағат қана уақыт бөлінеді. Елу адам әрқайсысы екі минуттан кірген кезде кейде үлгереміз, кейде үлгермейміз. Содан дәретіміз бойымызға тарап, қол-аяғымыз ісіп кетеді. Кейде үлгермей, таңертең сағат 7-ден кешкі сағат 10-ға дейін дәретсіз отыратын кездеріміз де болады. Жатақханаға кіргеннен кейін, ұлы сөзде ұяттық жоқ, шелекке дәрет сындырамыз. Бір жатақханада 18 ұйғырмен жаттым, таңертең шелекті кезекпен төгеміз.
Міне, соның дерті әлі бар. Басым ауырады, екі бүйрегім ашиды, бет-аузым ісіп кетеді. Сол жерде үш айдай басым ауырып жүрді. «Қарамаймыз, анау айтқандай ауру емес, ештеңе қылмайды» деп ол жердің дәрігерлері қарамайтын. Тіпті «өтірік ауру» деп шыққан күндері де болды. Басым ауырғанда мұрнымнан қан ағады, содан кейін ғана ауырғаны басыла бастайды.
Онда кіргеннен кейін «тұмаудың алдын алады» деп білектен ине еккен болатын. Шындығында оның қандай дәрі екенін ешкім де білмейді. Үш күннен соң басымыз айналып, жүрегіміз айниды.
Бір сынып бір сыныпты көрмейді, жан-жақтың бәрі темір тор. Түнделетіп бірін әкеледі, бірін әкетеді. Олардың қайдан келіп жатқанын ешкім білмейді. Жоғарыдан тексерушілер келетін кезде: «Күліп отырыңдар, ән айтыңдар!» – деп зорлыққа салады, әйтеуір, өтірік болса да ыржиып отыруға тырысамыз. Тексеріп келгендер: «Көңіл-күйлерің, жағдайларың жақсы екен. Жақсы оқыңдар», – деп кетеді. Кейде тексерушілер келеді деп ағарған шашымызды бояп қояды. Олар келгенде қытайша білетіндерді алдыға тұрғызып, оларға: «Партияға, үкіметке рахмет! Үйренуіміз жақсы, бәрі керемет», – деп айтқызады. Сақшы қыздардың жеген тамақтарын көрсетіп: «Мұндағылар осыны жеп жатыр», – дейді.
Шындығында бізге беретін тамақтары өте нашар. Содан да болар, асқазанымыз ауыратын болды. Жылауға да болмайды. Жыласақ, қара орындыққа кісендеп 24 сағат отырғызып қояды. Ол кезде дәретімізді астымызға жіберген күндеріміз де болды. Амал жоқ, қолымызда кісен тұрса, енді қайтеміз?» – дейді ол.
Осы жерде Серікжан мырза сөзге араласты.
«Енді осындай түрмені қытайлар саяси тәлім-тәрбие, кәсіби біліктілікті жетілдіру орталығы деп бүкіл дүние жүзі халқын алдап отыр. Өткенде Қазақстанның, Пәкістанның, Малайзия, Индонезияның бір топ дипломаттарын шақырып, әртістік ойын, шоу көрсетті. Оның ішінде кей әйелдер билеп, теннис ойнап, мәз болып жатыр. «Қаласақ, қолымызға телефон береді. Үйімізбен сөйлесе аламыз» дегенді айтып отыр», – деді ол кісі.
«Туыстарымызбен телефонмен тілдескен кезде арғы жақтағы адам не деді, мен не дедім, барлығын жазып отырады. Бейнеқоңырау арқылы сөйлесетін болсақ, қолымыздағы кісенді алып тастайды.
Қолымызға кітап-дәптер беріп, үш мың әріп үйреніңдер деп мәжбүрлейді. Қытайша оқытады. Қытай тілін, тарихын үйретеді.
2018 жылы Елбасы Бейжіңге барды. Сол кезде қасымдағы ұйғыр қыз: «Гүлзира, Елбасың қазақ екен. Енді сен еліңе кетесің», – деп айтып отырды. Сол кезде мен: «Иә, мені тікұшақпен келіп, алып кетеді», – деп әзіл-шыны аралас айтып қалған болатынмын. Сол сөзім камераға түсіп қалған екен. Шақырып алып: «Сен ұлтшылдық жасадың. Елбасым бар деп мақтандың. Сені ол кішкентайыңнан асырап алған ба еді? Идеяң әлі өзгермепті», – деп төрт сағат тұрғызып қойды. Яғни Қазақстан туралы әңгіме де айтуға болмайды.
Бұдан шыққандардың барлығы ауру болып шығады. Ол жақта дәреттен және тамақтан қиналдық. Соның әсерінен басым әлі ауырады, көз жанарым әлсіз, кейде көремін, кейде көрмей қаламын. Енді дәрігерлер «ұйқы безің қабынған, бүйрегің суықтаған» деп отыр», – деп ашынды Гүлзира.
...Міне, Қытай түрмесінде отырып келген әйелдің көрген қорлығы осындай.
М. БИБОЛ.