Қатысушылардың бірі әскери қызметші.
Наурыз айында таулы шекара арқылы Қырғызстанға із суытқан Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты Бішкекте тергеу басталды, деп хабарлайды malim.kz.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Қазақстан мен Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өткені нақтыланып отыр. Белгілі болған ақпарат бойынша, Шекара қызметінің әскери қызметшісі Серік Күдебаевтың Қырғызстан аумағына өтуіне көмектескен.
«Серік Қүдебаев қырғыз жеріне өткен соң Түркияға «Манас» әуежайы арқылы ұшып кетті. Әскери прокуратура заңсыз көші-қон дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл іс бойынша төрт адам ұсталып, Бішкектің тергеу изоляторына қамалды. Алдын ала ақпарат бойынша, қатысушылардың бірі әскери қызметші, қалған ұсталғандар құқық қорғау органдарында қызмет етпейді», - деп жазды қырғызстандық БАҚ-тар.
Серік Қүдебаев қаңтар оқиғасы кезінде қызмет өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталған еді. Тергеу мәліметтері бойынша, өткен жылдың қаңтар айындағы полиция бастығы жеке құрамды таратып жіберіп, полиция департаментінің ғимаратын тастап, шабуылдаушыларға қару-жарақ пен оқ-дәрілерді иемденуге еркін қол жеткізуге мүмкіндік берген. Кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа тартылды. Алайда үйқамақта отырған С.Күдебаевтың наурыз айында Түркияға қашып кеткені анықталды.
Қазақстан мен Қырғызстан тарапы екі бөлек Алматы облысының бұрынғы полиция бастығы Серік Қүдебаевтың мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуі туралы қылмыстық іс қозғаған. Араға бір ай салып, Күдебаев Стамбулда ұсталып, елге жеткізілді. Сонымен бірге, сот оған үкім шығарып, 10 жылға сотталды.