Қымыз іштің – МАИ-ға түстің...
Рас, қымыздың қыздыратын қасиеті бар. Бірақ мамандар оны алкогольдік ішімдікке жатпайды дейді. Автокөлік жүргізушілері мен жол сақшыларының арасында қымызға қатысты «қырғын» әрдайым болып тұрады. Ал алкотестер қымыз не коньяк ішкеніңді дәл басып анықтап бере алмайды. Ол тек қандағы ішімдіктің мөлшері мен көрсеткішін ғана көрсетеді. Бір қызығы, қымыз ішкендерді тексеруден өткізгенде орта есеппен 3,5 пайыздық мөлшерді көрсетеді екен. Сондықтан да ұлттық сусынды абайлап ішуге тура келеді. Бірақ қымыздың да түр-түрі бар. Саумал қымызды емдік үшін ішсе, түнемел қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті, асау қымыз атты түрлері қыздыратыны анық. Арақ емес қой деп сіміріп салып, соның кесірінен құрыққа ілігіп жатады. Әрине, жалпыға ортақ заңға бәрі де бағынуы тиіс. Бірақ қоғамның пікірі екіге жарылып тұр бүгінде.
Бірі қымыз ішкендердің айыппұл төлеп, мастардың қатарына жатқызылуына қарсылық білдірсе, енді бірі қымыз ішсе де рульге отыруға рұқсат берілуі тиіс деп есептейді. Мәселен, Ресейде квас, қымыз ішуге рұқсат берілген. Ол арнайы «Жол жүру ережелері» туралы Заңда бекітілген. Сондықтан да қымыз ішіп қойдым деп қорықпай-ақ жолға шығуына болады. Ал бізде ауылға барып, аңқасы кеуіп қымыз ішкендер тұзаққа тұтылып жатады. Ресейдің мемлекеттік думасы жол жүру ережелеріне бірқатар өзгертулер енгізген болатын былтыр. Онда жүргізушінің 1 литр қанында 0,35 грамм алкоголь болса, ол заңбұзушылыққа жатпайды деп есептеледі. Бірақ мөлшерден асып кетіп, сылқия тойып алып, рульге отырғандарды заң басынан сипамайды. 30 мың рубль айыппұл төлетіп, 1,5 не екі жылға жүргізуші куәлігінен айырады.
Технология дамымай тұрғанда «алқаш» жүргізушілерді анықтау үшін маишниктерге Мохов-Шинкаренко деп аталатын индикатор трубкалар мен тест-таяқшалар көмектесетін. Трубканы үрлегенде, егер ішкен болса, онда тез арада түсін өзгертеді. Бірақ оның көмегі шамалы-тын. Кейде айран ішіп не сағыз шайнаса да түсін өзгертіп, талайларды тентек қылатын. Соның өзінде әлгі құрал жетіспейтін. Оған дейін жолполдықтар тек мұрнына ғана сенетін. Оларға иісшіл болуға талап қойылатын. Сондықтан да әлем бойынша нақты нәтиже көрсететін құралды ұзақ күтті. Жол полицейлері стақанға үрлетіп, жол үстіне бір сызық сызып қойып, соның үстімен жүргізіп әуре болып жататын. Соған қарап мас не мас емес екендігін анықтайтын.
Мұның бәрі де нақты да дәл нәтиже көрсетпейтін-ді. Жоғары технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда алкометр мен алкотестер көмекке келді. Жүргізушілердің суқаны сүймейтін құрылғы бүгінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеліп, лицензия берілген. Алкометрдің артықшылықтары көп, мәселен, бірнеше адамды бірден тексеруден өткізе алады. Әрі нақты нәтиже көрсетеді. Басқа құрылғыларға қарағанда қымбат тұрады. Ал алкотестер болса қолжетімді. Өлшейтін датчигі бар. Ішкіш жүргізушілердің жауы десе де болады. Өнертапқыштар енді алкотестерге «детектор лжи»-ді қоспақшы. Алкометр қандағы алкогольды нақтылап береді. Ғасыр ғажайыбы дегізерліктей бұл құрылғыны өткен ғасырдың 30-жылдары америкалық Ролл Харгер ойлап тапқан. Алғашқы алкотестер керемет еді деп айтуға келмес.
Кейде қателесіп те жататын. Бірақ алғашқы алкотестерлердің атасы деуге болады. 80-жылдары электронды алкотестерлер шықты. Бірақ ол тек медициналық мекемелерде, МАИ бөлімшелерінде ғана қойылды. Қолға түскен жүргізушілерді сонда апару керек болатын. Кіші дәреті бойынша тексеретін кездер де болған. Бұл екі жаққа да өте ыңғайсыз болатын. 2000 жылдары әбден жетілдірілген өте қымбат бағалы алкотестер ендірілді. Жоғары есептегішті электрохимиялық сенсорлармен жарақтандырылған. Содан бері жолполдықтардың жұмысы жеңілдеді десе де болады. Бұл өз кезегінде жол апаттарының алдын алуға көп септігін тигізіп жатқаны сөзсіз. Әйтпегенде 100 грамды жұтып алып жүйткитін жүргізушілердің қатары көбейері анық еді... Жол ережелері туралы Вена конвенциясына Ресей 1968 жылы қосылған болатын. Сондағы эндогенді алкоголь нормасына сай қандағы алкоголь көлемі 0,5 және 0,25 миллиграмм литрде шығарылған ауаға сай болуы тиіс. Бірақ 2009 жылы экс-президент Д.Медведев ресейлік жүргізушілерді алкогольды аз мөлшерде де тұтынуға дайын емес деп есептейтінін айтқан-ды. Бұрынғы алкотестерлер ішімдіктің бар екенін көрсеткенімен, қанша мөлшерде ішкенін нақты көрсетіп бере алмайтын. Сол сияқты қымыз не коньяк ішкенін де айырып бере алмайды. Бүгінгі жетілдірілген құрылғылар мөлшерін дәлдеп көрсетіп береді. Біздің еліміз де Жол ережелері туралы Вена конвенциясына 1968 жылы қосылды. Соған сай жетілдірілген заңдарымыз да жетерлік. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 3,4-бөлімімен жеңіл, орташа, ауыр мастық күйде болу, наркотикалық, токсикологиялық мас күйінде болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартады. Жолполдықтардың өзі квас пен қымыз ішкен жағдайда да алкометр алькогольдық мөлшерді көрсетіп беретінін айтады. Наркологтер мұндай жағдайда жеңіл мастық күйде деп диагноз қояды. Бірақ қандай жағдай болғанда да алкогольсыз сыраны да ішпеуге кеңес береді. Сол сияқты қымыздан да рульге отырар кезде бас тартқан дұрыс болатынын айтады. Егер қымыз ішіп, құрыққа түссе, наркологтердің шешімімен келіспеген жағдайда қайтадан тексеруден өтуге құқығы бар. Мұндай жағдайда «Азаматтарды алкогольды немесе наркологиялық мастық күйде болған жағдайда медициналық тексеруден өткізудің инструкциясы» туралы Заңнан хабары болуы керек. Азаматтардың ішімдік ішкені немесе нашақорлық жағдайын анықтауды медициналық куәландыратын тәртіп туралы ережеге сай куәландыру нәтижесі алынған сәттен бастап екі сағат ішінде күшке ие. Мұны да естен шығармаған жөн. Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жол полициясы басқармасының сайтына №1753 нөмірмен Илья есімді азамат: «Қымыз ішкен едім, МАИ ұстап алып экспертизаға апарды, ондағылар «жеңіл мастық күйде» деп жазып берді. Протокол толтырылды. Жүргізуші куәлігімді алып қойды, автокөлігімді айып тұрағына жөнелтті. Енді жүргізушілік куәлігімнен айыра ма?» – деп сұрақ қойыпты. Ал жолполдықтар «сізді ҚР жол ережелеріне сай екі жылға жүргізуші куәлігінен айырады» деп жауап берген. Иә, қымыздың қыздыратын қасиеті барын білмейтін біреулер үшін – алтын сырға. Екі арадағы дауға нүкте қою үшін қымыз ішуге рұқсат беру керек пе әлде өнертапқыштарымыз қандағы алкоголь мөлшерін ғана көрсетіп қоймай, қандай ішімдік ішкенін, мәселен, коньяк немесе қымыз ішкенін айырып беретін құрылғы жасап шығарар ма екен?!..
Ғалымжан ІЗБАСАРОВ, көлік жүргізуші:
– Жол жүру ережелері жылдан-жылға қатаңдатылып жатыр. Қауіпсіздік белдігіне қатысты, рульде отырып ұялы телефонмен сөйлесуге қатысты ережелер кейінгі жылдары ғана енгізілді. Негізінде, бұл дұрыс та. Сол сияқты қымыз ішіп көлік басқаруды өз басым құптамаймын. Алкогольдың қатарына жатқызбағанымен, бәрібір өте уытты, ашытылған қымыздың кейде арақтан кем түспейтіндері бар. Аптап ыстықта мұздай қымызды сіміріп салсаңыз, денені босаңсытып, ұйықтататын қасиеті де бар екенін көпшілік біледі. Сондықтан қандай да бір жол-көлік оқиғасының орын алмауы үшін қымыздан бас тартқан дұрыс.
Нұрғали ӘБЗЕЛБЕКТЕГІ, Жамбыл облыстық ІІД Жол полициясының инспекторы:
– Кейбір жүргізушілер сыра мен қымызды араластырып ішеді де, «тек қымыз ішіп едім» деп ақталып, құтылып кеткісі келеді. Қалай болғанда да заң бәріне ортақ. Құрылғы құрамында алкогольдық ішімдіктің мөлшерін нақтылап көрсетіп берген соң, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс.