Қылмыстық жазаны айыппұлмен алмастыру дұрыс па?
Қазақстанда адам өліміне себеп болмаған барлық жеңіл және орташа дәрежедегі қылмыс үшін бас бостандығынан айыру жазасы айыппұлмен алмастырылмақ. Бұл туралы Мәжілісте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында жаңа Қылмыстық кодекс жобасын талқылау барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель мәлімдеді.
Меркель мырзаның айтуына қарағанда, бұрынғымен салыстырғанда Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында жеңіл және орташа дәрежедегі қылмыс жасағандарды жазалауға қатысты бірқатар өзгерістер енгізілгелі отыр. Нақты айтқанда, адам өліміне себеп болмаған барлық жеңіл және орташа дәрежеде қылмыс жасағандардың жазасы айыппұлмен алмастырылуы мүмкін. Сондай-ақ, қылмыскерлерді түзету жұмыстарына жұмылдырудың тәртібі мен мазмұнына да өзгерістер енетін болады. Қылмыскер айыппұлды төлей алмаса, ол түзету жұмыстарына жегіледі. Егер қылмыс жасаған азамат айыппұл төлеуден, түзету жұмысынан бас тартса, онда іс қайта қаралып, айыпты бас бостандығынан айырылады.
Қылмыстық кодекске мұндай өзгерістердің енгізілуінің себебі, Қазақстан әр мың адамға шаққандағы түрмеде отырғандар саны бойынша әлемде алдыңғы қатарлы елдер сапында. Сондай-ақ оларды ұстап-бағуға қомақты қаржы жұмсалады. Қазіргі таңда еліміздің түрмелерінде 49 мыңнан аса адам жазасын өтеп жатыр. Егер қылмыстық жазаның кейбірін айыппұлмен алмастырмасқ, онда бұл көрсеткіш одан әрі арта бермек. Өйткені елімізде жеңіл және орташа дәрежедегі қылмыс саны артып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. «Былтыр Республика көлемінде жасалған ұрлық қылмыстарының саны 18 пайызға артып, 210,1 мыңға жетсе, алаяқтық қылмыстар саны 60 пайызға дейін өсіп, 34,9 мыңды құраған. Ал, бұзақылық бойынша 30 мыңға тарта қылмыс тіркелген. Яғни, бұл қылмыс түрі 73 пайызға өскен. Жалпы қылмыстық статистиканың өсуі негізінен орташа және ауырлығы орташа қылмыстардың есебінен туындап отыр. Соның ішінде, ұрлық жасау қылмысының көрсеткіші артыуда. Қылмыс саны артуының тағы бір себебі – қылмысты тіркеу саясатының өзгеруінде» – дейді министр мырза.
Заңға өзгеріс енгізуді ұсынғанда, покруоратура мамандары еліміздегі осы жағдайды ескерген болса керек. Өйткені, жеңіл және орташа дәрежедегі қылмыс жасағандарды түрмеге жабатын болсақ, Қазақстан қылмыскерлер саны бойынша көш бастауы мүмкін. Сондай-ақ түрмедегі қылмыскерлерді ұстау мемлекет қоржынынан қомақты қаржы шығындауды талап етеді.
Алайда, кей мамандар «бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен алмастыру судьялар мен сот орындаушыларының жұмысын одан сайын көбейтеді» – дейді.
Гаухар ТІЛЕГЕНОВА, Алматы қалалық Сот актілерін орындау департаменті әкімшілік айыппұл өндіру бөлімінің сот орындаушы міндетін атқарушысы:
– Жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстар үшін бас ботандығынан айыру жазасын айыппұлмен алмастыру сот орындаушылардың жұмысын одан сайын ауырлатары сөзсіз. Өзгесін былай қойғанда, бір ғана жол ережесін бұзғандардан айыппұл өндіру бойынша күніне 600-700 іс қабылдаймын. Ал, алимент бойынша қаншама іс қатталып жатыр. Айыппұл өндіру оңай емес. Борышкерлер төлегісі келмей, нешетүрлі айла-әрекетке барады. Айыппұл төлеуді жалтарғандарды құрықтау үшін сот орындаушылар полиция қызметкерімен бірлесіп, рейдтерге де шығап жүр. Енді бұған айыппұл төлеушілердің тағы бір легі қосылса, қалай болары да белгісіз. Сондықтан заңға мұндай өзгеріс енгізбес бұрын осы жайлар ескерілуі тиіс.
Расымен де, біздің елде борышкерлерден ақша өндіру көп қиындық тудыратын мәселе. «Жағдайым болмай тұр, жұмыстан босап қалдым» деген сияқты ондаған сылтау айтып айыппұл төлеуден жалтарады. Бұған 100 мыңға жуық борышкерлердің бауыр еті – баласына алимент төлемей жүргені мысал бола алады. Оларды қоғамдық жұмысқа жегу де оңай емес.
Нұрлан АПАХАЕВ, заңгер:
– Меніңше, біз мұндай қадамға дайын емеспіз. Ол үшін қоғамда құқықтық мәдениет қалыптасуы тиіс. Әрине, бұл Үкіметке біраз қаржы үнемдеуге көмектеседі. Сонан соң, түрмеде отырғандардың санын азайтады. Бұл мемлекеттің имиджі үшін қажет шығар. Бірақ мәселенің моралдық жағы да бар. Егер қылмыскер мемлекетке тиесілі ақша төлеп, еркіндікте жүрсе, мұның жәбірленуші үшін моралдық және психологиялық әсері болары сөзсіз. Бұл олардың наразылығын туғызады. Сонан соң, жеңіл және орташа дәрежедегі қалмыстарды қалталылардың балалары жиі жасайтыны белгілі. Егер айыппұлмен құтылатынына сенімді болса, олар одан сайын дандайсып кетпеуіне ешкім кепіл бола алмайды. Бұл әлеуметтік қайшылыққа түрткі болуы мүмкін. Меніңше қылмыс жасаған адам түрмеде отыруы тиіс. Себебі, түрмеге қамалмаған адам қылмыс жасағанын сезінбейді, бостандықтың қадірін ұқпайды.
Ал кей мамандар «бұл мәселе жемқорлыққа жол ашуы мүмкін» деген күдігін жасырмайды. Олардың пайымдауынша, тән жарақатын жеткізу бойынша қылмыстың жеңіл, орташа не ауыр екенін сот-медициналық сараптау орталығы анықтайды. Қылмысты жеңіл не орта деп жазып беру үшін орталық қызметкері пара сұрауы мүмкін. Ал қылмыс жасаған адам жәбірленушіге жеткізілген жарақат жеңіл не орташа деп жаздырып алып, айыппұл төлеп, жазадан құтылу үшін ақша ұсынары айдан анық. Өйткені біздің халық бар мәселені пара беру, пара алу арқылы шешуге бейім тұрады.
Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
– Егер адам бір-екі рет ұрлық жасап ұсталмаса, онда ол қолға түспейтініне, жазаға тартылмайтынына сенімі күшейіп, одан әрі үлкен көлемде ұрлық жасайды. Егер ұрлық жасаған қылмыскерді бас бостандығынан айырмай, айыппұл төлетіп, жазадан босатар болсақ, ол сол кәсібін одан әрі жалғастырары сөзсіз. Өйткені, қылмыскер он рет ұрлық жасап, бір рет ұсталуы мүмкін. Ұрлағанның бір бөлігін айыппұлға сарп етеді де құтылып, жүре береді. Сондықтан бұл мәселені заңгерлер жан-жақты талқылап, сонан соң ғана шешім шығарғаны дұрыс.
Иә, түрмедегі қылмыскерлер санын арттырып, оларды бағып-қағуға Үкімет қоржынынан қаржы шығарудың мемлекетке абырой әпермесі анық. Алайда, қылмыскерлер санын бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен айырбастау арқылы емес, қылмыстың алдын алу шараларын күшейту арқылы амалға асырса, дұрыс болар еді-ау.