Соңғы кездері қаңғыбас иттердің адамды қабу оқиғалары көбейіп кетті. Ветеринарлар берген дәйекке қарағанда, 2011 жылы 75 мың қазақстандықты ит қапқан. Ал өткен 2012 жылы одан да көп. Бір өкініштісі, олардың арасында қайтыс болғандар да бар.
Бір Алматы қаласының өзінде 5 мыңнан астам адам қаңғыбас иттерден зардап шеккен. Мамандардың айтуынша, бұралқы иттер қалалы жерге көбінесе қала маңындағы шағын ауылдардан келетін көрінеді. Себебі қала ішіндегі көпқабатты үйлердің жанындағы қоқыс тастайтын орындар үнемі тамақ қалдықтарына толы, шашылып жатады. Уақтылы тазартылмайтын қоқыс контейнерлерінің маңында өріп жүретін иттер адамдарға шабуыл жасайды. Сондай-ақ балалар ойнайтын алаңқайлардағы әткеншек бағаналарына тамақ қалдықтарын орап, іліп кететіндер көп. Тұрғындардың бұл әрекетін үйсіз жүрген бомждарға жасаған қамқорлығы дегенімізбен, бүлдіршіндер үшін аса қауіпті. Тамақ бар жерде тап беретін аш иттер ойын баласын қауып алып жатқан оқиғаларға жиі ұшырасып жатамыз. Демек, бұралқы иттердің қаптап кетуіне тұрғындардың өздері де себепші болғаны. Бұл аздай «ит атқыштар» конкурстан жеңіп алған тендерлерінің қаржысын жыл соңына дейін жеткізе алмай әлек болып жүр.
Тендерлік теңге бір жылға неге жетпейді?
Алматы қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қызметкері Ақбота Бердібекованың мәлімдеуінше, өткен жылы қаладағы 26 мың иттің көзі жойылыпты. Бірақ қалада әлі де 30 мыңнан астам иесіз ит бар көрінеді.Үкімет ит ату жұмыстарына аз ақша бөліп отырған жоқ. Мысалы, бір Алматы қаласының өзінде биыл 109 миллион теңге қарастырылыпты. Ал бір итті атып, өртеу жұмысына 4 мың теңге кетеді екен. Бірақ қомақты ақша бөлінгенімен, нәтиже көңіл көншітерлік емес. Қазіргі күні Алматы қаласы бойынша ешбір «ит атқыш» кәсіпорын жұмыс істеп жатқан жоқ. Себебі тендер енді ғана жарияланып, құжаттар қабылдану үстінде.
Қорытындылары тек ақпан айының соңына қарай белгілі болмақ. Әкімдік қызметкерлерінің мәлімдеуінше, тендерді ұтып алған кәсіпорын келісімшартта көрсетілген белгілі бір мөлшердегі иттің санын ұстап, қалғанын келесі жолғы тендерге қалдырады екен. Бір қызығы, көшеде күнделікті ит аулап жүргендерді көрдім дейтін адамды табу қиын. Соған қарап қызметтері құпия ма деп қаласың. Олардың жыл бойы жасап жатқан жүйелі жұмысын да байқамаймыз, бірақ жыл соңы болмай жатып ақшалары таусылып, жұмыстары тоқтайды.
Ит атушылардың айтуынша, бұралқы иттердің көбеюіне қаржы да, ит ататын мекемелер де кінәлі емес. Оған ең басты кінәлі – адамдардың өздері. Өйткені біздің халық қажет бомаған күні итін көшеге қаңғыртып жібереді. Қолда ұстап отырған итін де дер кезінде ветеринарлық дәрігерге көрсетіп отырмайды. Өйткені бір жағдай болған күнде ит иесіне салынатын айыппұл мөлшері өте төмен. Нақты айтқанда, бір айлық көрсеткіш мөлшерінде екен. Сондықтан да мамандар «айыппұл мөлшерін көбейту арқылы ит иелерінің жауапкершілігін арттыру қажет» дейді.
Болат Байділдаев, Алматы қаласы Түрксіб аудандық әкімдігінің көріктендіру бөлімі бастығы:
– Бұралқы иттер көбінесе қала сыртындағы шағын аудандардан келеді. Бір ит бір жылда орта есеппен 12 күшік табады десек, олардың қалайша жылдам көбейетінін түсіну қиын емес. Ал иттерін қаңғытып жіберген адамдарға, иттері құтырманы таратып жүрсе де, адам қапса да 1 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сондықтан жеке және заңды тұлғаларға қатысты талаптар мен жауапкершілікті арттырып, айыппұл мөлшерін ұлғайту қажет деп есептеймін. Әйтпесе құтырмаға шалдыққан адамның ажалдан құтылмайтынын бәріміз білеміз.
Расында да, адам баласы құтырмаға шалдықса, аман қалмайды екен. Осындай оқиғаның бірі жыл басында Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Өткен жылы көршісінің иті қауып алған жасөспірім, қаңтар айында құтырма ауруынан көз жұмды. Өйткені ит қауып алған бала дер кезінде дәрігерге қаралмаған. Ал ит иесі оқиға орын алғаннан кейін арада бірнеше күн өткенде иттің өліп қалғанын жасырған. Ең сорақысы, ветеринар өлген итке «дін аман» деп анықтама берген.
Дәрігерлердің айтуынша, құтырма дертінің белгілері пайда болған адам ауруынан айықпайды. Құтырма вирусы мен ит тістеген жерде ауру белгілерінің пайда болуы 12 күннен бір жылға дейін созылады. Сондықтан ит қапқан жағдайда жедел дәрігерге қаралу керек.
Құтырманың алдын алу
Ит не басқа да жануарлар тістеп алған жағдайда, жедел түрде травпунктке барып, антирабикалық көмек алу қажет. Антирабикалық көмек жарақат орнын сабынды сумен мұқият тазалаудан және антирабикалық вакцинаны немесе антирабикалық иммуноглобулин мен антирабикалық вакцинаны қатар салудан тұрады. Емдік курс жалпы 6 екпеден (0-күн, 3-күн, 7-күн, 14-күн, 30-күн, 90-күн, бұл егер тістеп алған жануар белгісіз болса немесе өліп қалса) тұрады. Тістеп алған жануарды ветеринарға тексерту қажет. Жануарды асырауға алған адам оның денсаулығы мен күтіміне жауап беруі тиіс.
Құтырудың құны 1730 теңге
Последние статьи автора