«Құрыш старшина» Темірғали ИСАБАЕВ

«Құрыш старшина» Темірғали ИСАБАЕВ

Майдан даласындағы кескілескен шайқастарда ерлік пен асқан жанқиярлық көрсеткен кеңес солдаттары мен сержанттарын марапаттау үшін Ұлы Отан соғысы жылдары Үкімет арнайы үш дәрежелі «Даңқ» орденін шығарды. Бұл орденнің үшеуіне ие болу зор қаһармандық саналды. Соғыс жылдарында мұндай аса жоғары абыройды 2582 жауынгер иеленді, олардың 137-сі – қазақстандықтар. Сонымен қатар бұл орденге төрт мәрте ие болған сайыпқыран солдаттар мен сержанттар да кездеседі. Бірақ ондайлар тым аз. Бүкіл Кеңес Одағы бойынша бар болғаны төрт-ақ адам. Олардың біреуі –Темірғали Исабаев.

Темекең 1920 жылы сол кездегі Талдықорған облысындағы Шаған тауының баурайында дүниеге келген, сол жердегі «Сарыой» колхозында еңбекке ерте араласқан. 1940 жылдың күзінде азаматтық борышын өтеу үшін жұмысшы шаруа Қызыл Армия қатарына шақырылған.

Еңбекпен етене өскен Темірғали әскери темірдей тәртіпке бірден үйреніп кетті. Жауынгерлік тапсырмаларды асқан ептілікпен, шебер атқарумен командирлерінің көзіне түсті. Сондықтан да болар, алғыр жігіт көп уақыт өтпей-ақ сержант атанды.

Туған ауылға қайтар кез де таяп қалған-ды. Кең казарманың терезесінен тысқа ынтыға қараған Темірғалидың көз алдына туған өлкесі, жер жаннаты Жетісу мен Алатау елестеді. Ауылға деген сағыныш сезімі сәт сайын өрши түскендей. Кенет тылсым тыныштықты беймезгіл уақытта берілген әскери дабыл бұзды...

Ой құшағында отырған Темірғали қас-қағым сәтте киініп, баспалдақпен төмен қарай жүгіре жөнелді. Неге екені белгісіз, оның жүрегі алып ұшып, лүпілдей соқты. Көңілі әлдебір сұмдықты сезгендей. Өйткені көптен бері мұндай дабыл берілмеуші еді. «Япырай, не болып қалды екен?»

Темірғали дереу өз ротасының сапына келіп қосылды. Полк командирі алға шықты.

– Кеңес Одағының жауынгерлері, – деді ол, – біз бүгін сіздердің бір тобыңызды туған жерлеріңізге қайтаруға тиісті едік. Бірақ олай болмай шықты. Бүгін таңертең неміс фашистері кенеттен әрі опасыздықпен біздің шекарамызды бұзып, соғыс отын тұтатты. Осы сәтте ұлан-байтақ еліміздің бірқатар қалалары мен деревнялары өртеніп, қирап жатыр. Айуандықпен баса-көктеп кірген фашистер бала-шаға, қарттар мен әйелдерді де аямай қыруда. Біздің еліміз үшін ауыр кезең, сыналар шақ туды. Осы қысыл-таяңда сіздерге үлкен сенім артамыз. Ата-анамыз үшін, сүйікті Отанымыз үшін қасық қанымыз қалғанша ұрыс жүргізейік! Әділет біздің жақта, біздің жеңетініміз сөзсіз.

Сөйтіп, Темірғали Исабаев әскери міндетін өтеп болмай жатып, соғысқа кіріп кетті. Алғашқы ұрысты Белоруссияның Кебеш қаласында бастады. Темірғалидың ротасы дұшпанның дүркін-дүркін шабуылына батыл тойтарыс берумен болды. Немістер жаяу әскермен ғана емес, әуеден де қайта-қайта бомба тастап, біздің әскерлердің үрейін ұшырмақ ниет білдірді. Қорғаныстағы Исабаевтың ротасы жатқан дала қара түтінге оранды...

Алғашқы айқас
... Бұл 1941 жылдың қазан айы еді. Майдан бағытын, алда тұрған міндетті толық білгеннен кейін Темірғали өз бөлімшесімен алғы шепке аттанды. Рота командирі капитан Карташев басқарған бір топ жауынгер қарсы жақтың шебін барлауға тапсырма алды. Күннің бұлыңғыр, жауын-шашындығын пайдаланып, жаудың шағын тобына байқаусызда окоп ішінде бас салды. Бірнеше фашист солдаты қолға түсті. Бірақ оларды сезіп қалған жау әскері көмекке келді. Тұс-тұстан мина жарылып, оқ қарша борады. Сол сәтте Карташев атыса шегінуге бұйрық берді.

Міне, жау қолы ентелеп те қалды. Енді қолма-қол шайқас басталды. Жау күші басым. Темірғали үш фашиспен қатар айқасып жүр. Біреуін түйреп үлгергенше, арттан екінші біреуі келіп жармасты. Көзді ашып-жұмғанша оны да жайратты. Бірақ осы кезде қапысын тапқан бір жендеттің найзасы оның бүйіріне келіп қадалды. Темірғали оны бар пәрменімен теуіп жіберіп, автоматымен атып салды. Іштен тоқтаусыз аққан жылымшы қан қойны-қонышына толып кетті. Оның ауыр жараланғанын көрген командир шинелін жыртып жіберді де, жарасын таңып: «Дереу кейін қайт», – деп бұйырды.

Артта орман жақын еді. Темірғали қалың қау арасымен орманға қарай ауыр басып, баяу жылжыды. Кенет ол оң жақ бүйірден фашистердің дабырлаған дауысын естіді. Қарап еді, 20 шақты неміс солдаты соғысып жатқан біздің жауынгерлердің арт жағынан бас салғалы келеді екен. Темірғали бойына ақырғы күшін жиып, сол қолымен жаралы бүйірін басып тұрып, өзіне жақын келіп қалған тобына гранатын жіберіп қалды. Граната нысанаға дәл түсті. Көп ұзамай Карташев тобы аз шығынмен жау шабуылын тойтарып, майдан шебін кеңейтті.

Бұл бөлімше командирі сержант Темірғали Исабаевтың соғысқа кірген жетінші күні жасаған алғашқы ерлігі еді. Сол ерліктің куәсіндей болып, оның омырауында «Ерлігі үшін» медалі жарқырады.

Қырымды азат ету
Біздің армияға Қырымды азат ету жауынгерлік міндеті жүктелді. Ол үшін Керчь қаласының маңына десант түсіру керек болды. Десанттың құрамына Темірғали Исабаевтың дивизиясы да кірді. Жауынгерлер күні-түні бірдей қызу дайындыққа кірісіп кетті. Десанттың әртүрлі әдіс-тәсілдерін: катерден пулеметпен қалай суға секіру керек, жартасқа қалай өрмелеп шығу керек, қай жағдайда гранатты қалай лақтырғаны дұрыс, бетпе-бет келіп қалған жауды мылтықтың дүмімен ұрып, қалайша құлатуға болады, пышақты қалайша дәл лақтыру керек екеніне дейін үйретті. Жау оғының дыбысына қарап-ақ қай жақтан, қанша жерден атып жатқанын дәл білуге дағдыландырды. Осының бәрін іс жүзінде көрсету үшін оларды кемеге мінгізіп, талай рет ашық теңізге алып шықты.

Жауынгерлік тапсырманы орындауға аттанатын күн де жетті. Бұларға 35 шақырымдық Керчь бұғазын кесіп өту керек, бірақ ол оңайға соқпады. Сақадай сай отырған қорғаныс күшті фашистер кеңес жауынгерлеріне бет қарататын емес... Бірақ тұсалған жауды, біздің жауынгерлердің әдіс-айлаларын асыру арқасында біртіндеп шегінуге мәжбүр етті. Қиян-кескі ұрыс сала отырып, жауынгерлер Керчь қаласының шетіне де кірді. Бекінген жау барлық қаруынан қарсы оқты қарша боратты. Әсіресе, пулеметтері шыдатар емес. Бір мергені біздің жауынгерлерді нысанаға алып, дәл атып, біраз шығынға ұшыратты. Сол сәтте командир: «Старшина Исабаев, жау мергенінің көзін құрт», – деп бұйырды. Темірғали бұйрықты орындауға кірісті. Қараңғы болса да, оның қай тұстан, қанша жерде тұрып атып жатқанын іздей бастады. Ол пәле жақындағы бір үйдің тасасынан атып тұр екен. Темірғали мысықша аңдып жатты да, басы қылт еткен сәтте басып қалды. Фашист сеспей қатты. Осылайша, жау пулеметінің үні өшті.

Содан соң біздің жауынгерлер алға ұмтылды. Гитлершілермен қолма-қол ұрыс басталып кетті. Темірғали бүйірден оқ боратып жатқан үйдің ішінен жер бауырлап барып граната тастады. Сегіз фашист табанда жан тапсырды.

Керчь үшін шайқас түні бойы толастамады. Таң ата қала басқыншылардан тазарды. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Темірғали Исабаев ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

191

 

Севастопольды қорғау
Перекоп арқылы Қырымға баса-көктеп кірген генерал Манштейннің екінші армиясы мен Румынияның таулы атқыштар корпусы Севастопольды бірден басып алуды ойлады. Бірақ маңдайдан ұрғандай тосқауылға, кеңес жауынгерлерінің күшті тегеурініне тап болып, бірнеше күн түгіл, бірнеше ай бойы қаланың маңайына да жолай алмай, титықтаған жау оны үсті-үстіне бомбалап бақты. Бірақ есірік дұшпан мұнысынан ештеңе шығара алмады. Гитлершілердің талай рет техникасын төгіп, аласұра жасаған шабуылдары тойтарысқа ұшырады. Дұшпан қаланы бермейтін қамалға айналдырғанын, 70 мыңдай әскер, екі мыңнан астам зеңбірек пен минометі бар екенін, қаланы қоршап, үш қатар етіп аса қуатты бекініс жасағаны да барлау арқылы белгілі болған-ды. Бұйрықтың аты – бұйрық. Бұлжытпай орындау міндет, жауынгерлік тапсырма үшін жан пида. Жауынгерлер жаппай алға көтерілді. «Әп, бәлем, сендерді ме?» – деп Темірғали да тап берді. Қолындағы мылтығымен қарсы келген алты фашисті де жер жастандырды.

Сөйтіп, кеңес жауынгерлері Сапун қыратына да жетті. Жаудың берілмес қорғанысы осында болып шықты. Жау артиллериядан оқ боратып, шабуылдарын үдете түсті. Олар бірте-бірте титықтап, тауаны қайтты, олардың сансыз көп солдаттары мен офицерлері кеңес жерінде өлім құшты. Фашистер тегеурінді қарсылыққа килігіп, барған сайын тауы шағыла берді. Сол бір қиян-кескі шайқаста сержант Темірғали Исабаев танк ататын қаруымен жаудың төрт зеңбірегінің және әуе шабуылына қарсы қолданатын үш қондырғысының күлін көкке ұшырды. Сөйтіп, 1944 жылы 9 мамыр күні Севастополь қаласы жаудан толық азат етілді. Осы адам айтқысыз ұрыстар кезінде Севастопольді қорғаушылардың әрқайсысына 1250 килограмнан ажал оғы атылған екен. Міне, осыдан-ақ еліміздің бір ғана қаласын қорғаудың өзі қаһарман кеңес жауынгерлері үшін қаншалықты қымбатқа түскенін көруге болады.

Севастопольді азат етуге қатысқан жауынгерлердің жаппай қаһармандығына мына бір дерек дәлел бола алады. Қала үшін жүргізілген жойқын ұрыста ерлігімен көзге түскен 4-ші Украина майданы мен Қара теңіз флотының 118-құрамасына «Севастопольдік» деген құрметті атақ берілді. 126 командир мен жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Мыңдаған адам үкімет наградаларын алды. Старшина Темірғали Исабаев осы ұрыстарда көрсеткен ерен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Шауляй қаласын азат ету
Қырым неміс-фашист басқыншыларынан түгел тазартылғаннан кейін 32-ші атқыштар дивизиясын Балтық жағалауын азат етуге кіріскен майданның қарамағына жіберді. Сөйтіп, Темірғали Қара теңізбен қоштасып, Балтық теңізі жағалауынан бір-ақ шықты. Балтық жағалауын Шығыс Пруссиямен байланыстырып тұрған Шауляй қаласын алу да үлкен күшке түсті. Қаланы азат етіп, жауды өкшелей қуып келе жатқан сәтте кенет орман тасасынан шыға келген гитлершілер тұтқиылдан дүрсе қоя берді. Алдарында танктері бар олар кеңес жауынгерлерін таптап өтпек. Мұндайды әсте күтпеген батальон командирі, майор Нағым Көшекбаев сасып қалды, кейін шегінбек ойы да болды. Сол сәтте старшина

Т.Исабаев қасындағы солдаттан танкіге қарсы қолданатын ПТР-ды жұлып алды да, жақындап қалған жау танкісін дәл көздеп атып жіберді. Ол төбеден ұрғандай тұрып қалды. Жалма-жан екінші оқпен тағы да бір танкіні қиратты. Қалқан етіп келе жатқан екі бірдей танкісінен айырылған фашистер асып-сасып, келген ізімен орман ішіне қайта шегінуге мәжбүр болды. Сол кезде атқыштар ротасының қасына командирлер мінген екі жеңіл машина келіп тоқтай қалды. Біреуі 15-ші гвардиялық атқыштар полкінің командирі екен. Ол:
– Мына екі танкті қиратқан сенсің бе, старшина? – деді Исабаевқа.
– Дәл солай, жолдас полковник, – деді Темірғали.
Жауабына өте риза боп кеткен командир сумкасынан ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алды да, өз қолымен старшина Т.Исабаевтың омырауына тақты. Сөйтіп, Темірғали «Даңқ» орденінің үшеуін де алды. Бұл награда Кеңес Одағының Батыры деген атақпен пара-пар еді.

Шығыс Пруссиядағы шайқастар
Балтық жағалауын жаудан азат еткеннен кейін біздің әскерлердің Шығыс Пруссияны алу үшін ауыр шайқастар жүргізуіне тура келді. Бұл шабуыл 1945 жылдың ақпан айының ортасынан басталды. Кеңес жауынгерлеріне, әсіресе, Кенигсберг қаласын алу өте-мөте күшке түсті.

Жоғары қарқынмен алға жылжыған полковник Федор Васильевич Вишняков бастаған 14-ші гвардиялық атқыштар полкі екі елді пунктті жаудан азат еткеннен кейін Кляйндорф селосының түбінде тас жолдың екі жағына бекініс құрды. Көп ұзамай полк командирі Исабаевты шақырып алып, тағы бір жауынгерлік тапсырма берді. Мақсат түсінікті – жау қолындағы селоға барып, қарсы жақтың күшін, бекінісін барлау, «тіл» әкелу. Түс кезі болатын. Үскірік суық жел. Басқа еш дыбыс сезілмейді. Бір қол пулеметі, автоматтармен қаруланған 15 барлаушы әр бұтаны тасалап, әр адымын сақтықпен басып келеді. Ара-арасында еңбектеп те алады.

Міне, жау күзетшісі. Ол барлаушыларды сезіп қалып, сасқаннан қол гранатын аяғының астына тастап жібереді. Ойда-жоқта үстерінен лап қойған барлаушыларды көріп, фашистер қаша жөнелді. Аз уақыт қолма-қол айқастан кейін олар жау окопын басып алып, оларды оқ астына алды. Көп ұзамай арттағы роталар да көмекке келді. Төрт сағатқа созылған қызу шайқастан кейін Исабаевтар полкі фашистерді Эльбаға дейін тоқтаусыз қуды.

14-ші гвардиялық атқыштар полкіне Лейбензес елді пунктінің тұсында өзеннен өтіп, оң жағалаудан плацдарм алуға бұйрық берілді. Старшина Исабаевтың тобына өзеннен бірінші болып өтуге тура келді.
Таң қараңғысын пайдаланып, Темірғали бастаған тоғыз жауынгер станокты пулеметті қайыққа орнатып алып оң жағалауға жүзе жөнелді. Бұларды жау байқап қалып, пулеметтен, минометтен оқты қарша боратты. Әбден болмаған соң фашистер жағаға танкіге қарсы қолданылатын зеңбіректі орнатып, тура көздеп ата бастады. Ержүрек батырлар бұдан да тайсалмай, ілгері жүзе берді. Отанға деген ыстық сезім лебі, жауға деген өшпенділік ақыры оларды оң жағалауға алып шықты. Хас батырлар бірден жау траншеясына лап қойып, сұрапыл шайқаспен оны басып алды.

Гитлершілер бұл шағын топтың түпкі мақсаты батальон мен полктің өзеннен өтуіне жол ашу екенін жақсы білді. Сондықтан гитлершілер кеңес жауынгерлерінің аз ғана тобына бір ротадай жаяу әскерлерін қарсы аттандырды. Дұшпанның әлдеқайда басым күшіне қарсы кескілескен ұрыс басталып-ақ кетті. Бұл шайқасты біздің жігіттердің жеңіспен аяқтауына себепкер болған жай – олардың теңдесі жоқ ерлігі. Фашистер шағын топтың мейлінше табандылығы мен өжеттігіне төтеп бере алмай, асып-сасып қаша бастады. Осы кезеңді сәтті пайдаланған Темірғали Исабаев мана жағалауда олжалаған, жау зеңбірегінің аузын енді кері бұрып, қарсы шабуылға шыққан жауды қақ маңдайдан туралап атып, лезде қатарын сиретіп-ақ тастады. Топтың әр жауынгері 25-тей фашисті жер жастандырды.

Қазақтың хас батыры Темірғали Исабаев және оның жауынгерлерінің тамаша ерлік қимылы көмекке келіп үлгерген басқа солдаттарға үлгі болып, олардың қайратын шыңдай түсті. Ақыры жау стратегиялық маңызы зор плацдармнан айырылып, кейін шегінді. Сөйтіп, жетісулық Темірғали Исабаев бастаған шағын топ батырларының асқан ерлігі мен арыстандай айбарлылығы нәтижесінде кейін Кенигсбергті азат етуде маңызды рөл атқарған плацдармды алуға мүмкіндік туды. Исабаевтың шағын тобындағы жауынгерлердің бәріне де «Қызыл Ту» ордені табыс етілді.

... Темірғали Исабаевтың ротасына жау қатты бекінген аса маңызды бір шепті басып алу керек болды. Бұл жоғарғы командованиенің тікелей бұйрығы еді. Бірінші болып бұлардың алдындағы бірінші рота шабуылға көтерілді. Бірақ бекініп алған жау барлық қаруларынан оқты жаңбырша жаудырып, оларды тырп еткізбеді. Енді старшина Исабаевтың ротасына атакаға шығуға бұйрық берілді. «Әй, нар тәуекел!» деп, борап тұрған оққа қарамастан, Темірғали бірінші болып тұрып, бар пәрменімен уралап алға қарай жүгіре берді. Сол жүгірген бойы автоматынан оқты аямай боратып, оңды-солды себелей отырып алдындағы рота солдаттарынан да озып кетті. Бір атқаны бізге қарсы оқ жаудырып жатқан жау солдаттарына дәл тисе керек, пулеметтің үні өшті. Сол екпінімен барып жаудың окобына секіріп түссе, оның ішінде алты бірдей неміс офицері отырған болып шықты. «Хенде хох!», яғни «Қолдарыңды көтеріңдер!» деп немісше ақырып, қаруына қол соза берген біреуін табанда жалп еткізді. Қалған бесеуін тұтқынға алды. Оларды тиісті орынға тапсырып бола бергенде, «Сені дивизия командирі іздеп жатыр, тез жет» деген хабар келді. Ол дереу штабқа барды. Оң қолын шекесіне қойып: – Жолдас, генерал, старшина Исабаев сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр! – деп саңқ етті. Генерал оған мейірлене қарап: «Жаңа ротаны бастап, алға қарай жалғыз жүгірген сен екенсің ғой! Ой, молодец, ты настоящий герой! – деп Темірғалиды құшақтап бетінен сүйді.

– Қалай ғана оқ боратып жатқан пулеметке жалғыз шаптың?

– Мен шабуылға шығу туралы бұйрықты орындадым!

– Сенің мына ерлігің «Даңқ» орденіне лайық, – деді де, штаб бастығына документтерді дайындауын тапсырды. І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттау үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің арнайы Жарлығы шығады екен. Бұл төрт орденді старшина Т.Исабаевқа қасиетті Кремль сарайында бүкілодақтық старшина Михаил Иванович Калинин тапсырды.

Старшина Темірғали Исабаев Польшаны азат етуге қатысып, сондағы ерлігі де ерекше ескерілді: «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері болды. Т.Исабаевты өзінің солдаттары ғана емес, бүкіл полк жауынгерлері «Құрыш старшина», яғни оқ өтпейтін командир деп атап кеткен болатын-ды. Осындай орыс армиясы жауынгерлік өлеңнің «Смелого пуля боится, храброго штык не берет» деген екі жолы еріксіз еске түседі. Мұның қазақша мағынасы «жаужүрек жанға оқ та өтпейді, батырға найза дарымайды» болса керек.

Жеңіс шеруі
Бұдан 64 жыл бұрын, 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеуде, Қызыл алаңда тарихи Жеңіс парады өтті. Бүкіл адамзат біздің жеңімпаз, азат етуші әскерлеріміздің салтанатты мерекесін тамашалады.
Жеңіс парадына барлық майдандардан жауынгерлер шақырылды. Құрама полктарда солдаттар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар, Кеңес Одағының Батырлары, «Даңқ» орденінің иегерлері бар еді.

Бірінші батальон тек қана Кеңес Одағының Батырларынан құралған, онда Қазақстаннан генерал Сағадат Нұрмағамбетов, ұшқыш Талғат Бигелдинов, сержант Дмитрий Ефремов т.б. болды.

Екінші батальон «Даңқ» орденімен марапатталған солдаттардан құралып, оның құрамында қарағандылық Мұташ Сүлейменов пен талдықорғандық Темірғали Исабаев болды.

Т.Исабаев 1946 жылы туған жерге, өскен елге аман-есен оралып, ұзақ жылдар бойы колхоз құрылысында, тағы басқа да салаларда жемісті еңбек етті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі отбасы, немерелерінің атасы болды.

Нағыз батыр еш уақытта кеудесін соқпайды деседі. Осы қағида Темірғали атамызға қарата айтылғандай. Кісілік пен кішілік секілді биік адамгершілік қасиеттер сиреп бара жатқандай көрінетін бүгінгідей заманда Темірғали Исабаевтай біртуар азаматтың рухы жылдар өткен сайын бұдан да биіктей бермек. Оның есімі бізге сонысымен де қымбат. Сонысымен де қастерлі.

Батыр деп Жарлықпен Батыр болғандарды ғана айтпау керек, елі үшін жауған оқтың астында жауға қарсы қорықпай бас көтергендердің бәрі Батыр. Жауынгерлік «Даңқ» орденімен төрт мәрте, «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған оқ өтпейтін старшина Темірғали Исабаев «Халық Қаһарманы» атағына әбден лайық демекпіз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста