Құрсағын жалға беретіндер көбейді...
Көбею үшін де көмек керек. «20 миллионға жету керек» деп үндеу тастаған Үкімет халықты тез тарап кететін тарақан деп ойлай ма, ол үшін де қамқорлық қажет екендігін мүлдем естен шығарып ала береді. Бүгінде таптаурын болған тақырыпқа айналған бұл мәселе туралы сөз қозғасақ біраз шындықтың шідері шешілетіні анық. Бала санын арттыру мен бала денсаулығын жақсарту бір ғана әйелдерге қатысты әңгіме болмаса керек.
Денсаулығы жақсы, толыққанды сәбидің дүниеге келуіне еркектердің де, яғни екі жақтың да ерекше қатысы бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы отбасылардың 15 пайызы балалы болуға қабілетсіз. 30 пайызы репродуктивтік технология бойынша емделулері қажет. Әрбір бесінші отбасы бедеуліктің құрығынан құтыла алмауда. Мұндай тығырықтан шығудың төте жолы табылып, жолға қойылды да. Соңғы әлетте тілдік қорымызда «суррогат ана», яғни таза қазақшалағанда «құрсақ шеше» деген термин пайда болғалы қашан. Мұның түсініктемесі – бір шикіөкпеге зар болғандарға көмек қолын созатын, яғни ерлі-зайыптылардың келісімімен бала туып беретін әйелдер. Бұл жолдың пайдасы шаңырақтың шайқалмауына септігін тигізіп, қу бас атанудан құтқарса, екінші жағынан, «құрсақ шешенің» қызметі тегін тұрмайды. Еңбегіне шытырлатып тұрып біраз теңгені санап алады. Ұлттық табиғатымызға тән емес, аты ерсі болса да бұл үрдіс соңғы кезде өмірімізге дендей еніп барады. Бұл турасында екіұдай пікір білдірушілер де жоқ емес. Даттаушылар: «дұрыс емес, ата-бабамызда болмаған сұмдық», - деп ат-тондарын ала қашса, жақтаушылар: «несі бар, ажырасушылардың санын азайтып, аз қазақтың қарасын көбейтеді», - деп қарсы дау айтады.
Жаратқаннан жәрдем сұрап, бермесін тартып алуға құмбылдар дәрігерлердің жаңа жобасына «жәрәкімалласын» айтып қуанысып жүр. Өйтетін де жөні бар. «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оны жүзеге асыру кепілдері туралы» заңның қабылданғаны талай бейперзент отбасыларына үміт отын үрлегендей болды. Осы құжаттың 17-бабында құрсақ ана болудың жөн-жобасы жан-жақты баяндалған. Енді қарсы дау айтып даттаушылар қанша жерден қараласа да, суррогат аналарға «жасыл жанып тұр». Елімізде жасанды жолмен балалы болуға көмек көрсететін орталықтар 1995 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал, арнайы заң түйенің етін жеп қойғандай араға он жыл салып жарыққа шықты. Осы орталықтар арнайы заң талаптарымен жұмыс істейді. Әзірге олардың саны үшеу. Бұл клиникаларда донорлық шәуһет қоры сақталады. Орталыққа шәуһет сатушылардың еңбегі 3500 теңгеге бағаланса, ал донорлық клеткалардың бағасы 300-500 долардан да асып түседі. Қаржы нарығындағы ахуалға байланысты қызмет ақысы да жыл өткен сайын көтеріліп келеді. Бір шикіөкпеге зар болып, мойнына бұршақ салып тілегендердің тілегінің қабыл болуы қалтасының қалыңдығына байланысты. Алдын ала 10-15 мың АҚШ долларын төлеп, келісімшартқа отырып, дәрі-дәрмек үшін тағы да 1000 доллар, ал медициналық қызметке 900 доллар қосымша төлеуі тиіс. Бұл тек байлардың ғана бесігін тербететін баға. Ал қалтасы таяз қара бұқараға жеңілдік қарастырылмаған. Қолдан ұрықтандыратын «ЭКО» орталықтардың қызметіне жүгінетіндердің 90 пайызы өзіміздің қаракөздер екен. Малын алса да, жанын алса да қиналмайтын қазақ қу бас атанудан қатты қорқады. Баласыз үйде бақыт жоғын ескерсек, құрсақ ананың қызметіне жүгінушілердің алдағы уақытта арта түсері анық. Дәрігер, бала алушы және құрсақ қызметін ұсынушы арасындағы келісімшарт заңдық негізде қарастырылады...
«Қазақ қайтсе көбейеді?» деп әртүрлі пікір айтып жүрген еліміздегі №1 демограф һәм санақшы көкеміз Мақаш Тәтімовтың бастамасына осы жолды қалаған қандастарымыз аз да болса үн қатып, үлес қоссақ дейді. Құрсағын қарызға берушілердің қатарын толықтырып тұрғандардың көбісі - өрімдей қазақ қыздары. Жанын арының садағасы санаған саналы ұрпақтың соңғы ұшқындары деп айтуға ауыз барыңқырамайды. Олардың арасындағы осы «бизнес» түрі арқылы материалдық жағдайын жақсартып алуды көздейтіндері көп.
Демографиялық ахуалдың алдын алу жолындағы бұл әдісті «суға кеткен тал қармайдының кері» деп бағалайтындар да жоқ емес. Тек үйелменді болуға үйір еместер қара көбейтіп тұрғанда, белсіздік пен бедеулік белең алған кезеңде бұны батыл қадам деп бағалаушылар басымырақ. Қалай болғанда да, ұрпақсыздықтан сақтасын. Бесігіміз бос қалмасын дейік...