Құмар ойынның құлдары

Құмар ойынның құлдары

Күн өткен сайын қойыртпақтала түскен қоғамның шыңғырып тұрған дертінің бірі – ойынқұмарлық. Сонау ерте Еуропадан бастау алған оспадар ойындар енді қазақтың қанын қасықтап емес, шелектеп соруда. Бізде адамдардың жас деңгейі, әлеуметтік һәм материалдық жағдайына орай ойын орталықтарының түр-түрі бар. Балалар мен жасөспірімдер интернет-клубтарда компьютерлік ойындармен әлек болса, жастар жағы букмекерден, тотализатор мен ойын автоматынан ойыны осылады. Ал орта жастағы қалтасы қалыңдау жадыбастар үшін ойынханалардан артық «көңіл көтеріп, уақыт өткізетін» жер табу қиын.


Негізінен, Алматының «ақшасы тасығандары» Қапшағайды жағаласа, Астананың атқамінер ауқаттылары Щучинскіні сағалайтын көрінеді. Аптаның сенбі-жексенбісінде «рақатқа бөленгісі» келген өзге қаланың сауыққұмарлары «қазақтың Лас-Вегасына» қарай ағылатыны айдай ақиқат. Құмар ойындарға тыйым салынған оңтүстік шаһары­мызда жасырын ойын автоматтары әшкере болып жатқаны бір бөлек, самсаған қапшағайлық ойынхана жарнамалары жиі ұшырасады. Өзі кетсе де, көзі кетпеген жар­намадағы бақыр бастының «бармағын сорғы­зар» ұтыс сомасы желіккендерді еліктірмей қой­масы тағы белгілі. Іргеде тиіп тұрған Қап­шағайға жету бұйым болып па, тәйірі? Біз де Іле өзенімен жапсарлас шағын қалаға қызық қуғаннан емес, ойыншылардың мінез-құлық ерекшелігін аңдамақ ниетпен жол тарттық.
Қарауыл болудың қарасы да көрінбеді
Алматыдан Қапшағайға қатынайтын күре­жолдың өне бойы түрлі казиноның жарнамалық тақтайшалары желік көңілдерді желпіндіре түседі. Тіпті жолаушылардың қай-қайсысын да қызық­тырар ұтыстардың көлемі (200-600 мың доллар) де таңбаланған. Ойын-сауық мекені – Қап­ша­ғайға да табан тіредік. Міне, көз қарық­тырар жарқ-жұрқ еткен шамдары жарқырап, көркем сәулетті казинолар жол бойы тізіліп тұр. Әуелі сәулеті ерекше зәулім ойынханаға бас сұқтым. Әу баста әзірлеп шыққан түйіндемемді алып, қарауылдық жұмыс іздеген сыңай танытқан едім, ауыздағы кескен томардай дәу қара күзет­шілер келесі есіктегі кеңсені нұсқады.
Онда кіре­берісте жайғасқан, адуын мінезі жүзіне шық­қан, қабағы қату, маңда­йынан созы­лып түскен тыртығы иегімен жалғасқан ең­се­ліні іштей бас күзетшіге баладым. Ра­ция арқылы анаған бір, мына­ған бір бұй­рық беріп жатты. «Шаруасы түгесілді-ау» дегенде жұмысқа тұру ние­тімнің бар екенін білдірдім. Казиноға жұмыс­қа тұрғысы келетіндер өз суретін қалдырып, арнайы сұрақ-жауап парақша­сын толтыратынын жеткізді. Әб­ден жан-жақты тергеп-тексеріп болғаннан кейін ғана қажет деп тапқан жағдайда өздері хабарласып шақыратын­дарын айт­ты. Дил­лерлікке көбіне қыздар тартылады, ал кү­зет­шілікке жауырыны қақ­пақтай, жұ­ды­ры­ғы тоқпақтай спорт­шылар болмаса, бұлар жел тұрса тізесі дірілдей жөнелетін біздей жілігінің майы жоқтарды қайтсін?
Сүзгіден қалтасы қалыңдар ғана өтеді
Ат шаптырым жерді алып, жалпайып жатқан ең үлкен ойынханалардың біріне бас сұқтық. Есік пен тесіктен ызыңдаған шыбынды да өткізбейтін тоң мойын қа­рауылдар «ойнауға келдім» деген адамға ғана айқара есік ашып, жылы шырай таны­татынын байқап, қайран қалдым. Бұл құд­ды «Мың бір түндегі» «Сим-сим, ашыл!» дейтін құдыретті сөздей әсер етті. Ұзын бой­­лы, ашық омырауы «ойқастаған», қыс­қа белдемшелі «бота тірсек, сандал керім» қыз­­дардың біреуі аты-жөнімді тіркеу кітап­шасына жазып, келесі бірі суретке түсіріп жатса, енді бірі ойын ережесін түсіндіруге көшті. «Біздегі басты шарт – ақшаңызды 500 доллар көлемінде жетонға ауыстырмай ойын залына кіруге рұқсат жоқ» дейді қыз. «Әлін білмеген –  әлек» деген – осы. Сөйт­сем, мұндағы ойынха­на­лар қалтасындағы қа­ра­жат 500 доллардан кем түсетін адам­ды санатқа қоспайды екен. Тіпті есіктен де сығалатпайды. Тек келесі ойын­ханада ғана 200 доллар ақшамен кіруге болатынын естіп көңіл жайланғандай бол­ды. Алып-ұшып сонда барып қалтамды түбіне дейін сарқа қағып санағанда ақшам бес жүз теңгедей жетпей­тін болып шықты. Тәртіп солай, заң – қа­тал...
Мұнда да қазақ тілінің халі мүшкіл
«Ел еркін кіретін казино бар ма?» деп жол жиегіндегі үймелеген таксистерден ақыл-кеңес сұрадым. Олар ортаңқол бір кази­ноның бір бөлігі қалтаңның томпақ­тығын елеп-екшемей-ақ кіргізетіндігін айтып, жөн сілтеді. Әдетте әуежайларда кездесетін тексеру құрылғысымен әрбір затты жеке-жеке қарап, сосын адамның өзін арнайы аппараттың сүзгісінен бір өт­кізіп алатын сауысқандай сақ «сақшылар­дың» «сүргісінен» сүрінбей кеткеніме бір масаттанып та қалдым. Айнадай жарқы­ра­ған бір бөлмеден келесі бөлмеге ауысып, ақыры қайнаған ойынның қазанына гүмп ете түстім-ау. Төбесі – биік, ұзындығы мен ені де әудем ойын залының ортасында төрт-бес карта үстелі мен бір рулетка үстелі орын теуіпті. Сол қапталда бірнеше ойын автоматтары самсап тұр. Жеті ойыншы екі үстелге бөліне жайғасыпты. Үш ер адам бір бөлек, екі қыз бен екі еркек ойыншы бір жерде бас түйістіріпті. Ортада жүрген бақылаушыға өзімнің ойнай білмейтінімді сездіріп ем, тек қана орыс тіліндегі ойын түр­лері мен ережелері жазылған парақша­ны ұсынды. Қазақстанның «Ойын бизнесі» жөніндегі заңында ойын ережелері мемле­кеттік және орыс тілдерінде қатар қолданы­луы тиістігі тайға таңба басқандай жазыл­ған. Жұмысшылар мен ойыншылардың да қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарайтындығы қарын аштырады. Орысшаны былай қо­йып, ағылшынша аталған ойынханаларды айта­мын деп байырғы қазақтың аузы қи­сайып, «тілі сынатындай» екен. Сондай-ақ теңгені ақша құрлы көрмейтін казино бас­шылары мен ойыншылар доллардың ғана дәргейіне бас ұрады. Тіпті мұны ойыншы­лардан көбі­рек қаржыны опырып алудың бір айласы десе де жарасатын тәрізді.
Мені құртқан сұлу қыз...
Оң қапталдағы үстелде үш ер адам кар­таның «шаңын шығарып» отырса, сол қап­талдағы карта үстелінде ері мен қыз-келін­шектері аралас жайғасқан төртеу ойынның көрігін қыздыруда. Көркі көз сүріндіретін сұлудың түбінен мен де ойып тұрып орын алып, ойынды тамашалауға кірісіп кеттім. Сүзілген қос жанары жүректі бүлк еткізбей қоймайды тіпті. Құлын мүсінді, ажарлы арудың арбауына әп-сәтте қалай түскенімді байқамай да қалдым, шамасы. «Жігітім, ақшаң көп пе? Не ойнай білмейсің бе? Үйретейін бе?» дейді сылқым назда­нып. Іздегенге – сұраған. Ойыннан дымды ұқпайтын бізге ұстаздың қажеті рас-ақ. «Иә» демеске лажың қайда? Екеуміз оңаша кетіп, ойын автоматына бардық. Ойын тізгінін қолға алған Алма автомат тетіктерін тарсылдатып отыр. Жарқ-жұрқ еткен жәшік әуелгі салған 2 мың теңгемді жұғын құрлы көрмей жұтып қойды. Бұдан кейін 5 мың, сосын тағы 2 мың әбжыландай автоматтың аранына түсті. Ақша – менікі, ойнаушы – Алма. Ақмаңдай қыз қиылып-сүзіліп бір қарағанда қалтадағы ақша түгіл, қолқа­мыз­ды суырып бере салудан тайынбай­ты­нымыз неліктен екен өзі?
Келесісіне жетпей желкеміз үзілді
Салымыз суға кетіп, карта үстеліне қайта келдік. Енді жүз долларды фишкаға айналдырған соң, картаның қызығына да берілдік-ау, ес-түссіз. Дилердің лып-лып еткен епті сүйрік саусақтары картаны белі­нен бір, төбесінен бір араластырып-сапы­рылыстырып болғаннан кейін арасын дәл­ме-дәл біркелкі өлшеммен кемпірқосақтай дөңгелетіп жайғап жібергені, артынша қа­мыр­ға ұқсатып қос қолдап айналдыра иле­гені ойыншыны еліктіріп, ойынға деген ынтаны күшейтерін іш сезгендей болды. Әзірше менің бар жұмысым – картаны таратылар алдында ортасынан бөлу. Ептеп ойынның қыр-сырын да ұғынғандаймын. Тап сол сәттегі бар арманымыз – ақшамыз­ды 200 долларға жеткізіп, бағанағы сәулетті  ка­зи­ноға кіру. «Онда ыстық тамақ та, су­сын да, тәтті-пәтті де тегін» деп қызық­ты­рады қыз. Ойын басталғаннан көп ұзамай-ақ 50 доллардай ұттық. Қуанышы­мыз қойынға сыймаған біз, «шіркін енді 50 доллар ұтсақ қой, мұндағы ойынды тастап анау казиноға қарай құстай ұшатын» деп бір-бірімізге қарап жымың-жымың етеміз. Қуанышымыз ұзаққа созылмады. Уақыт озған сайын ойсырай ұтылу бастал­ды. «Әлгіндегі 150 долларды қанағат тұтып, ойынды тоқтата салу қажет еді» деп өкінішпен күрсінеді Алма. Жанымызды шүберекке түйген біз­дің бар есіл-дертіміз – картада. Тіпті арам ойын ойнап жатқаны­мызды да ұмытып, Құдайдан «қолдың жақ­сы жүріп кетуін» тілейміз іштей. Ойын автоматының да, картаның да жүйесі бір­дей тәрізді. Басында алдаусыратып кішкене жеңіс сыйлайды да, кейін түгіңді қалдыр­май аяусыз, рақымсыз ұтады. Әжептәуір басталған ойынның ақы­ры құрдымға кетті білем. Сылқ-сылқ күлген дилер қыздардың бір-біріне «байғұс-ай, қызға алданып, бүкіл ақшасынан қағылды-ау» деп әлде мүсіркеген, әлде табалаған сөздері арқама аяздай батты.
Ақшаның көптігі мақтаныш па?
Қалтамыздың түбін сарқып, өйтіп-бүй­тіп құраған ақшамызды рулеткадан бақ сынап көруге салдық. Рулетканы айнала қоршаған бір топ ойыншылар белгілі бір уақыт ішінде әртүрлі сандар жазылған шар­шыларға бәс тігіп үлгеріп қалуға тыры­сып бағуда. Айналмадағы шар қай санға түссе, сол санға бәс тіккен ойыншы бір жел­пініп қалады. Бірақ артынша түгі қал­май, жинаған фишкалары әлдекімнің уысында кетіп бара жатқанын көріп, іші ду-ду ашитыны сұп-сұр болған жүзінен білініп тұрады. У-шу болып даурыққан сауыққұ­мар­лар бәс тігу сәтінде барын салып қар­манып қалады да, шар дөңгелек айналма­ны шыр айнала бастаған сәтте демін ішіне тартып, тастай қата қалады. Бәс тігудің бас­тал­ғанын, біткенін, қай шаршыға шардың дөп түскенін хабарлаушы, ұтыс үлестерін бөліп беруші дилер қыздың ғана дауысы жарқын-жарқын шығады. Бұл кезде біз отырып кеткен карта үстеліне орта жастағы ерлі-зайыптылар қонжиды. Жағдайлары­ның жақсы екені жүріс-тұрыстарынан, өз-өздерін ұстауларынан-ақ аңдалады. Қиық қас, бадана көз, балпиған қаздай бәйбі­шесінің ойынға құлықсыздығы білінсе, бір мезгілде картаға да, рулеткаға да кезек ұмтылып, екі ортада жүгіріп жүріп ойнай­тын жолдасының нағыз ойынқұмар екені бірден байқалады. Рулеткаға үлкен сома­да­ғы жалғыз жетонды екпіндетіп тастап жіберіп, «пәленбай тіктім» дегендей масат­та­нып, мақтанып, ел назарын өзіне аудар­ғысы келетіні де байқалады. Не керек, бізге рулетка ойыны да опа бермеді. Небәрі бір жарым сағат ішінде ақшамыздың «жа­на­засын шығарып тастаған соң» біртүрлі жабырқап та қалдық.
Бақылау – күшті, талап – қатал
Бірнеше сағат бойы оң қапталдағы тап­жылмай отырған үш ер адамның қасына барып, ойындарын қызықтауға көштім. Негізінен, олар екі рет ұтылып, бір рет ұта­ды. Әмияндарынан мыс-мыс ақшаны суырып алып, фишкаға ауыстырып жатыр. Ұзын бойлы, көзілдірікті, ат жақты Самат­тың екі беті барған сайын қызара түсуде. Қара терге түскен маңдайын орамалымен сүртіп, темекіні әкесінің құны кеткендей сораптайды. Алдында үйіліп жатқан тегін темекіні аясын ба? «Жүрегім шаншып кетті» деп қайта-қайта сол жақ кеудесін ұстап қоя­ды. Қу жанын бәйгеге тігіп, ойынға бері­летіндей қара басына не күн туғаны белгісіз. Ақбас досы оны ойынханадан алып шыға алмай әбігерленуде. Жүз дол­ларын фишкаға ауыстырып, жаңа ойын бастаған сәтте оған болысудан басқа ша­ра­сы да қалмайды. Арғы түкпірдегі түрік аза­маты көздері қанталап, сөздерін шатып-бұтып, айналасын сыпыра боқтап, ашу шақырды. Ыза-кекке толы казино тарапына бағытталған айыптауларға ел-жұрт құлақ түре бастады. Дилер қызды қанша бала­ғаттап жатса да, ол бір ауыз да қарсы жауап қайтармады. Кенеттен тап болған жауыры­ны қақпақтай, жұдырығы тоқпақ­тай күзет­шілер оны әй-шәйге қаратпай, дырылдатып сүйреп әкетті. Қайда әкетті, сосын не істеді – бізге беймағлұм.
Орта тұстағы үстелде отырғандардың мықты ойыншылар екені көрініп тұр. Міз бақпайды. Сабырлы қалыптарынан бір тай­майды. Екі күрт, бір орыс азаматы. Ре­сейдің Рязань қаласынан келіпті. Олардың осымен екінші рет Қапшағайда ойнауы екен. Әңгімелерінің сыңайына қарағанда, алғашқы сапарларында әжептәуір олжалы болып қайтқанға ұқсайды. Қанша ұтқан­дарын айтудан бас тартты. «Осында қона­қ­үй жалдап тұрып жатқанымызға екі апта­ның жүзі болды. Ит-жығысқа түсіп бірде ұта­мыз, бірде ұтыламыз» дейді шетелдік азаматтардың ішіндегі ең жасы. Осы тұста пит-босс (бақылаушы) «Арман, сіз ойна­ма­саңыз, карта үстеліне отырмаңыз. Жоға­ры жақтағылар ескерту айтып жатыр» деді. Жан-жағыма жіті мән беріп, бәрін барлап отырғанымнан бұлар сезіктенсе керек. Бұрыш-бұрыш, қуыс-қуыстардың түгелінде жасырын камералар орнатылыпты. Қай түкпіріне барсаң да, камерадан қашып құтылу мүмкін емес. Тіпті қыбыр-сыбыр ды­быстарға дейін жазылып жатыр-ау деген ішкі күдігім шындыққа жанасымды тәрізді. Әйтпесе, пит-босс менің есімімді қайдан білді? Біз картамен ойын ойнасақ, үстімізден әлдебіреулер өзімізді ойыншық етіп ойнап отыр-ау деген үрей тұла бо­йым­ды түршіктірді.
Түнгі Қапшағай ұйықтамайды
Бір жағынан таза ауа жұтып, екінші жағынан шағын шаһармен танысу мақса­тында сыртқа шықтым. Дала қап-қараңғы. Казино үшін күн-түн деген ұғым жоқ. Тәулік бойы ақша айналдырады. Сондықтан, ойын ошақтары мүлде сағат қоймайды, терезе деген атымен болмайды, жалт-жұлт еткен жылтырағымен көзді арбайды. Сон­дай түрлі-түсті сәуле шашқан ғимараттар­дың арасымен қалтамның қағылғанына қапаланып, казиноларға қарғыс жаудырып басым ауған жаққа «лағып» келемін. Жарық атаулыдан мақұрым қалған қара түнек көшемен шамасы 200-300 метрдей жүріп отырып, келесісіне барып, бір-ақ тоқтадым. Түн жарымның өзінде ойыншы­лар толассыз ағылып жатыр. Ауласында айқұш-ұйқыш лентамен оралған қымбат көліктер сап түзеп тұр. Ұтысқа – машина. Кімді болса да құмарта түсер – темір тұл­пар­лар! Алай­да Қазақстан Республикасы­ның «Ойын бизнесі» туралы заңында «Ақшадан басқа өзге мүлік түрінде төлем­дер көзделетін құ­мар ойындар ұйымдас­тыруға тыйым са­лынады» делінген. Сонда бұларға қазақ елі­нің заңын белден басуға кім рұқсат берген?
Ойынқұмар ақыл айтты
«Үйреніскен жау – атыспаққа жақсы». Қаланы жаяу шарлап, ақыры бұрынғы ойын ошағына айналып қайта келдім. Алма ұшты-күйлі жоқ. Оның құрбысы Бота әлі осында екен. Ойынханада жиі табы­сатын ескі досы Марат екеуі шеттегі орын­дықтарда оңаша әңгіме құрып отыр. Бота менің айналып қайта оралғанымды көріп: «Сен бұдан былай ойнаушы болма. Бұл – жаман ойын. Бір кірсең, шыға алмайсың. Қазір өз ақшаңды жұмсасаң, ертең ұрлап-жырлап, біреуді ұрып-соғып ақша алып келіп құясың мұнда. Есің барда еліңді тап, бала. Әлі кеш болмай тұрғанда өзіңді те­же­месең, қаңғып қаласың...» деп ақылын айтты. Марат та, Бота да бүгіндікке 300 доллардай ақшасынан айырылыпты. Марат даяшыларға «Ей, жігіттер, сыраға не қосқансыңдар? Бірден басыма шауып кетті ғой» десе, олар жауап орнына ыржың-ыржың етіп күледі. Осы тұста біз Мәкеңе көкейдегі бірнеше сауалды қойып үлгерген едік.
– Марат аға, ойынханада тамақ, шай, ішімдік, темекі – бәріне ми жұмы­сын әлсірететін химикаттар қосылады деген қауесет бар ғой...
– Бұл әбден рас болуы мүмкін. Өйткені казинодан ішкен ішімдігім бірден басымды ауыртады. Ал көшеде қанша шөлмек ішсем де түк болмайды. Қоспалар тамақтан, шай­дан гөрі арақ, сыра тәрізді қышқылы басымырақ ішімдіктерге қосылады-ау деп топшылаймын.
– Мұнда жиі келесіз бе? Ойын ойнап жүргеніңізге қанша болды?
– Мен казинодан шықпай ойнайтын ойынқұмарлардың қатарына жатпаймын. Айына бір-ақ рет келемін. Онда да 200-300 доллармен келіп, әлгі ақшаны бітіремін де қайтамын. Казиноны ермек етіп баста­ғалы он жылдың жүзі болып қалды. Түсінде ақша ұтып жатқанын көріп, ұйқысынан ояна салып, жартылай жалаңаш терезеден секіріп шығып, әйелінен жасырын ойынха­наға келетін бір досым бар. Оның казиноға «еңбек сіңіргеніне» –15 жыл!
– Казинодан шықпай ойын ойнай­тындар көп пе? Олар ойынға ақшаны қайдан табады?
– Ондайлар баршылық. Біреулердің ауадан ақша жасайтын табысы бар, енді біреулер алдап-арбау арқылы «көк қағаз» түсіреді. Мұнда «чайкалардың» елді алдау әдіс-тәсілдері өте жеткілікті. Жаңадан кел­ген ойыншыларды ұтып беремін деп ақша­сын алып ойнайды. Егер ұтса, ұтысты өзі алады, ұтылса, ақшаның сұрауы да жоқ. Әлгінде ғана бір ата сақалы аузына түскен ер кісі «Маған 50 долларлық фишка бере тұршы, мен саған сосын ақшалай қайтара саламын» деп сендірді. Кейін банкоматын барып қарасақ, 700-ақ теңгесі бар екен. Оған мен не істей аламын? Карточкаңды маған бер десем, оған да көнбеді. Ақыры алдап кетті.
– Бота да құмар ойынға қатты берілген тәрізді ғой...
– Ол – өте пысық қыз. Әкімшілікте жұмыс істейді. Жеке бизнесі де бар. Жасы­ратыны жоқ, тапқанының көбін казиноға жұмсай­ды. Баласы да, байы да – казино болып қала беретін түрі бар.
– Экстрасенстерге дұға жасатып, бір келген ойыншыларды қайта айналып келе беретіндей етіп дуалап тастайды деген әңгіме рас па?
– Экстрасенстер бір үстелден екінші үстелге мысықты секіртіп, өздерінің рәсім­дерін өткізетіні туралы естуім бар. Сосын жасырын камераның ар жағынан экстра­сенстер адамдарды бақылап отырады. Кімге дұға әсер етпейді, соның келесі жолы кірмеуін қадағалайды. Ұтылатын адам мен ұтылмайтын адамды түрлеріне, іс-әрекет, мінез-құлқына қарап бірден ажыратады. Бұл тағы да өздеріне қауіпті адамдардан алдын ала сақтану шараларын жасауға мүмкіндік береді. Әлгінде саған ойыншы­лардың қасында отыруға тыйым салды, ал бізге қанша болса да қарауға рұқсат. Экстрасенстер сенен күдіктенеді.
– Әкімқаралар мен шенеуніктер, жалпы, мемлекеттік қызметкерлер казиноға көп келе ме?
– Казиноға біз сияқты шағын кәсіпкер­лердің салатын 200-300 доллары не азық болады? Бір казинода жалпы саны 200-ге жуық дилер, аспазшылар, даяшылар жұмыс істейді. Дилерлер 500-600 дол­лар­дай алса, аспазшы мен даяшылар 400 доллардай жалақы алады. Есептеп көрсек, тек дилерлер мен аспазшы-даяшыларды ұстап тұру үшін айына 15 миллион теңгедей ақша қажет екен. Ал қарауылдардың жала­қысы өз алдына бір бөлек. Үлкен лауа­зымды тұлғаларға арналған кабиналар болады. Онда ойын автоматы, карта үстелі және рулетка орналасқан. Қай ойынды қаласа, сонымен ойнайды. Оны казино адамдарынан басқа ешкім көрмейді. Ойын­хананың артында немесе астында жасы­рын автотұрақтар орын тепкен. Көлік­терін де құпия ұстайды. Үлкен сомада ақша ойнайтындарды үйінен алып кететін ойын­ха­налар да жоқ емес. Өте көп ұтылған адам­ды үйіне жеткізіп тастайды немесе қонақүймен тегін қамтамасыз етеді. Ұрып-соғып болған соң, бастан сипаған сияқты дүние ғой.
30 мың теңгеге жетер-жетпес ақшаны бір жарым сағатқа жетпестен-ақ «желге ұшырдық». Мұндай ақшаны көзге де іл­мей­тін «шишкалар» әр келген сайын кемін­де 50 мың долларға «қиналмай-ақ» ша­шы­лады екен-мыс. Біз пақыр қайтар так­си­ге қаржы таппай, Марат ағадан жол-пұлға қарыз алып, «Алматы қайдасың» деп тартып отырдық. Өзімше күбірлеп, бар­мағаным – Қапшағай, көрмегенім – казино болсын деп келемін.
«Казино құпиясын жария етпеуді талап етеді»
Ойынқұмарлар жылдар бойы казинода жүрсе де, оның ішкі құпия­ларынан хабарсыз болады. Ондағы аспазшы, даяшы, күзетші, дилерлер ғана ойынхана турасында ащы ақиқатты тіс жармай, іште сақтайды. Бір кездері дилер болған Айман есімді қызбен аз-кем әңгімелесіп, айтылмай жүрген шындықтың бет-пердесін сыпыруға тырыстық.
– Казинолар немесе ойын клубтары адамдарды қалай, қандай жолмен ұс­тап тұруға әрекет жасайды? Ішімдікте­ріне арнайы химиялық қоспа қосады дейді жұрт. Бұл қоспалардан миы за­қым­данған адам казиноға айналып келе беретін көрінеді. Шарлатандарды алдырып, тамақ пен киімдерге дуа жа­са­тады деген әңгіме шындыққа жана­сымды ма?
– Ойыншыларын жоғалтып алмау үшін казино анда-санда ұтуға мүмкіндік береді. Таң атып, кеш батқанын білдірмеу үшін терезе болмайды. Тағамдарға химикат қосы­латынынан хабарсызбын. Дегенмен шарлатандардың қара тауық сойып, оның қанымен карта үстелдерін жуғанын өз көзіммен көрдім. Тағамдар, ішімдіктер, сусындар, карталар – бәріне сыған әйелдер бірдеңе оқып, әлдебір рәсімдер жасайды. Жұмысшыларының костюмі ішіне оқылған жіпті инемен тігіп береді. Дуаның күші ме, шатыры кеткен казиношыларға ем қонға­нын көрген емеспін. Жастар тегін тамақты ішіп-жеймін деп барып-ақ, өздерінің ойын­ға қалай байланғандарын білмей қала­ды.
– Ойынханалардың бір күндік табысын шамалап айтуға бола ма?
– Жалғыз ғана ойын үстелі бір күн ішін­де өзінің бір айлық шығындарын ақтайды. Негізінен, сенбі, жексенбі күндері табысты күреп табады.
– Қандай саланың, қай жас шама­сын­дағы адамдар сауықханаға тұрақ­ты бас сұғады?
– Бел­гілі көкелер өздерінің бет-жүз­дерін жасыру үшін жеке кабина жалдайды, көліктерін көзден таса автотұраққа қояды. Дөкейлердің туған-туыстары мен балалары да вип-залда ойнайды.
– Казино дилерлеріне негізінен қан­дай тапсырмалар беріледі?
– Ең басты мақсатымыз – клиенттерді ұту. Сосын мүмкіндігінше сыпайы, сабырлы болуға міндеттіміз. Картаны бүлдірмес үшін тырнақ өсіруге тыйым салады. Бәрінен де маңыздысы – казино құпияларын жа­рия етіп, ақпарат таратпауымызды талап етеді. Басында екі ай тегін жұмыс істетеді. Сосын жұмыс тәжірбиесі көп ең мықтыла­рына фокус жасауды үйретеді. Ішімдік ішіп отырған адамның аңғарымпаздығы на­шар­лайды ғой. Сол үшін ішімдік тегін. Тіпті сау адамның өзі дилердің картаны қалай ауыстырғанын байқамай қалады. Екінші рет ұтылған дилердің орнын одан жақ­сырақ ойнайтыны алмастырып отырады.
– Үлкен сомада, тіпті бір компания­ның ақшасын ұттырып, өз-өзіне қол салатындар бар дейді ғой.
–  Өзім ондайды кездестірмедім. Алай­да өмірден баз кешіп қайтатын ойыншылар баршылық. Жалғыз үйін, көлігін, бар мүл­кін ойынға салып жіберіп, жер сипап қал­ған­дардың көбінің өмірді басынан бастауға күш-қайраты жетпеуі әбден мүмкін. Авто­кө­лік пен үйді кепілдендіріп, ақша беретін өздерінің ломбардтары күні-түні жұмыс істейді. Сол үшін арнайы үйдің құнын баға­лаушылары болады. Өзге қаладағы үйлер­ді көріп қайту мақсатында бағалаушылар таксистермен қамтылған. Олар үйдің баға­сын кемітіп ақша беруге тырысады. Белгі­ленген аз ғана мерзім ішінде өз үйін қайта­рып алуға қаржы таппаған ойыншы әп-­сәт­те тақырда қалады.
Ғалия ҚҰДИЯРОВА, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Ата-ананың, туған-туысының ықпалымен маған жылына оннан астам адам ақыл-кеңес алуға келеді. Олардың басым көпшілігі – жасөспі­рім­дер. Ойынқұмарлық дерті дұрыс отбасы қалыптаспаған жерде 60 па­йыздық көрсеткішке жетеді. Көбі­не­се ата-ана тәрбиесінің нашар­лығынан балалардың ой-танымы, мінез-құлқы бұзылады. Ойынқұмарлардың дені үлгі-өнегесі бұрыс отбасылардан шығады.

Түйін:
Ұлттық ділімізден айнымай тұрған шағымызда қазақтың бай-бағ­лан­дары «Алашорда» мемлекетін қаржыландырып, ұлы істерге қамқор­лық көрсетті. Бүгінгінің бақуаттылары тапқан-таянғанын кази­ноға тоғытады. Елім деп еңіреуі тиіс ерлер Ібіліс-шайтанның шырмауына шырмалып, керісінше, парақорлықпен туған жұртын қан қақсатып жатыр. Осындайда мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойын ойнауы­на тыйым салатын заң болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста