Қашанда құқығы тапталған азамат полицияға жүгінеді. Алайда, өкінішке қарай, әркез олардан пана таба бермейді. Кейбір полиция қызметкерлері кәсіби біліктілігінің төмендігінен бе, не болмаса басқа да себептермен, әйтеуір, арызды тіркеуге асықпай, жедел іс-қимыл жасаудың орнына уақыт оздырып, жүріп алады. Мұндай жағдайда жәбірленуші прокуратураға жүгінуге мәжбүр. Осындай оқиғаның бірі Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында орын алған.
Қорғансыздың күнін кешкен жәбірленушінің айтуынша, бұл оқиға өткен жылдың тамыз айында Сарыағаш ауданының Қызылжар ауылында орын алған. Зұлым 14 жастағы қаршадай қызға қиянат жасап, арын аяққа таптап, өмірін өксіткен. Жәбірленуші тарап жергілікті Ішкі істер бөліміне арыз түсірген. Бірақ не себеп екені белгісіз, тергеуші жедел іс-қимыл жасаудың орнына уақытты созып, жүріп алған. Ары тапталған қызы үшін қан жұтып, ақиқат іздеп, шырылдаған ананың зарына құлақ аспаған.
Б.ДОҒАЛАҚОВА, арызданушы.
– Мен бала-шағаммен Сарыағаш ауданы Қызылжар ауылы Сақыбек-ата көшесінде орналасқан И.Сарыпбековтің үйін жалға алып тұрып жатқанмын. 2012 жылғы тамыз айының 18-жұлдызы күні кешкілікте сағат 18:30 шамасында үйге келгенімде, 14 жасқа толмаған қызым алдымнан жылап шығып: «Үйдің иесі И.Сарыпбеков мені зорлады, ойына келген іс-әрекеттер жасады», – деп айтты. Ашуға булығып, ол кісіні іздедім. Бірақ ол кісіні таба алмадым. Содан ертесіне көз жасымды көл қылып, құқығымды қорғайды деп полиция қызметкерлеріне барып, арыздандым. Арыз бойынша істі Сарыағаш аудандық ІІБ-нің тергеушісі Б.Рахымбеков жүргізетін болды. Тергеушіге түсініктеме жазып бердік. Сосын қызымды сараптамадан өткізіп, қылмыскерді табуын өтіндім. Бірақ ол қызымды сот сараптамасынан өткізуге жолдама бермей, жүріп алды. Барсам, үнемі «орнында жоқ» деген жауап алдым. Ұялы телефонына қоңырау шалғанымда жауап бермей, қашқалақтап жүрді. Сөйтіп, не істерімді, кімге шағымданарымды білмей жүргенімде арада сегіз ай өтіп кеткенін де байқамай қалыппын. Ал қылмыскер И.Сарыпбеков ешқандай жауапкершілікке тартылмай, емін-еркін бостандықта жүрді. Бір күні аудандық ІІБ-нің басшыларына барып арыздандым. Қылмыскерді тауып, жазаға тартуын сұрадым. Бірақ бұл жолы да ешкімнен ешқандай оңды жауап болмады. Тауым шағылып, амалым таусылып, жылап-еңіреп жүргенімде біреулер прокуратураға арыздануға кеңес берді.Осыдан кейін Сарыағаш аудандық прокуратурасына келіп, болған мән-жайды айтып, арыздандым. Сарыағаш ауданының прокуроры Хали Маматаев менің арызымды қабылдап, қылмыскерді табу және оны ұстап, қамауға алу жайлы нұсқау берді. Аудан прокуратурасының қызметкерлері дереу тексеру амалдарын жүргізді. Үйіме келіп, менің қатысуымда қызымнан, менен және тағы басқа да азаматтардан түсініктеме алып, айыпталушының үстінен ҚР ҚК-нің 121-бабы, 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Көп ұзамай қашып жүрген қылмыскер ұсталып, қамауға алынды. Сарыағаш ауданы прокуратурасының қызметкерлеріне менің алғысым шексіз. Солардың арқасында әділдік үстемдік құрды.
Сарыағаш ауданы прокуратурасы қызметкерлерінің азаматтардың конституциялық құқығын қорғауы бұл бір жағдай ғана емес. Өткен жылы Сарыағаш ауданы Қапланбек ауыл әкімшілігіне қарасты елді мекен тұрғыны жұмыстан заңсыз шығарылғаны туралы прокуратураға арыздануға мәжбүр болған. «Мен заңсыз жұмыстан босатылғаным жайлы аудандық білім бөліміне де, аудан әкімдігіне де, тіпті «Нұр Отанға» да бардым. Бірақ нәтиже болмады. Содан соң аудан прокуратурасына арыздандым. Прокурордың тікелей араласуымен ғана ақиқат орнап, қайта жұмысқа тұрдым», – дейді прокуратура қызметкерлеріне алғысын жеткізген №52 мектептің мұғалімі, көп балалы ана Ләззат Бабақұлова.
Әрине, әділдіктің үстемдік құрғаны дұрыс-ақ. Алайда жауапты орындардың өз міндетіне салғырттық танытып жататыны өкінішті. Бәлкім, бұл оларға қатысты жазаның жеңілдігінен де болар. Өйткені көп жағдайда азаматтардың заңдық құқығын ескермегендер ескертумен құтылып кетіп жатады. Мысалы, қаршадай қызды зорлау фактісіне қатысты істе қызметіне салғырт қараған тергеуші Б.Рахымбеков тәртіптік жазаға тартылған.
Сейітхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ, ОҚО прокуратурасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің маманы
Қорғансызға қорған болған...
Последние статьи автора