Театр киімілгіштен басталатын болса, мәдениет пен тазалық әжетханадан басталады дейді білетіндер. Расында, қоғамға қызмет етіп келген осы орындар кезінде нарықтың алпауыт көмейіне жұтылып кетті. «Тегін ет тек тышқан аулағышта ғана болады» деген ұран барлық жерге табанын нық тіреді. Әжетіңізді өтеу үшін енді тек тиын төлеп кіруіңіз керек. Майда-шүйде болып көрінгенімен, нағыз табысты бизнес көзі дейді сарапшылар.
Теңгенің күші тиында екені рас. Орташа есеппен 20 теңге талап етілетін орында күніне мыңдаған табыс түсіп жатады. Әжетхана қожайындары шырт түкіріп, май шайқап отыр осы себептен. Ал дәретхана бизнесінің дәурені дәуірлеп тұр десек те болады. Егер дәл осы кәсіп саласынан бағымды сынап көрем деушілер болса, осы нысан аз ақша тұрмайды. Кемі 10 мың АҚШ доллары көлемінде. Ірі қалаларда одан да қымбат. Бірақ шығарған шығынды бірнеше айда-ақ өтеп алуға болады екен. Аты ұяттылау болғанымен де табысы мол кәсіп. Нарық заманы дендей ене бастаған алғашқы жылдары ақылы әжетхана деген таң көрінгені рас. Бірақ көп өтпей-ақ еті үйреніп кетті халықтың. Шынында, бүгінде біреу нанын шаштараздан тауып отырса, бірі етік тігіп, ал енді бірі осы әжетханадан күреп табыс тауып отыр.
Осындайда қоғамдық әжетханалар қалмағанына көзіңіз жетеді. Яғни тегін дәретхана. Расында, адам аяғы басылмайтын базарларда, саябақтарда қос-қос дәретхана болғанымен, көше бойлай не болмаса жерасты өткелдерінде жоқ. Аса қажетті нысанды өткел қожайындары қажет деп тапса қалдырады, қажетсінбегендер жауып тастаған. Мега-орталықтарда, ірі сауда орындарында, әрине, тегін «ханалар» бар. Аурухана, емхана, түрлі кеңселерде келіп-кетушілердан ақша алмайды. Алайда ойда-жоқта көшедегі жеке бір кеңсеге кіре қояйын десеңіз, күзетшілері ит қосып қуары анық. Орталық көшелерге неге қоғамдық әжетхана салмайды деген ой туындайды. Саябақтағы, базардағының бәрі жекенің қолына өтіп кеткелі қашан. Қызметіне ақшаны шытыралатып тұрып санап алатын осы орындарда сапасы қызметіне сай ма? Бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Алайда иісі мүңкіген, тазалықтан жұрдай орындардың жоқ емес екендігін де жасыра алмаймыз. Иелеріне ескерту жасасаң, ашулы иттей арс ете қалады. Олардың міндеті тек теңге табу ма деп қаласың.
Оңтүстіктен Алматыға қарай автобуспен жолға шықсаңыз, жол жағалай орналасқан тамақтандыру орындарындағы әжетхана деген аты бар шіркіндердің тазалық атаулыдан жұрдай екеніне көз жеткізесіз. Көрсететін қызметі алатын ақысына сай болса бір сәрі. Ал базардағы орындар туралы тіптен ауыз ашудың да қажеті жоқ сияқты. Тәбетті қашырып, жүректі айнытатын мұндай орындарды атынан садаға кетсін демеске амал жоқ..
Дәретхананы таза ұстаудың тиісті нормаларын ендіру де қажет сияқты. Дәретхана мәселесі ешуақытта да қоғамның назарынан тыс қалмақ емес. Оған дәлел, былтыр Алматы әкімінің ел алдындағы есеп беру жиынында депутаттар дәретхана мәселесін көтеріп, елді дүр еткізді. Сөйтсек, орталық алаңдар мен халық көп қоныстанған Алмалы ауданында бірде-бір әжетхана жоқ екен. Басқа өңірдегі әріптестері де алматылық депутаттар сияқты сергек қараса ғой. №1 мәселеге бейтараптық танытпай, халық көп жүретін жерлерге қоғамдық дәретханалар ашу қажет-ақ...
Унитаз тарихы
Алғашқы унитаз біздің эрамызға дейінгі І ғасырда Қытайда пайдаланылған дейді. Ал зерттеу нәтижелерінің негізінде Отырар қаласында дәл осының X-XII ғасырда қолданылғаны белгілі болған. Құнды қазынаны археологтер әу баста ыдыс деп ойлаған көрінеді. Бір қызығы, өркениеттің бәрі сол жақтан басталады деп есептелінетін Еуропада унитаз қолданысқа тек ХVII-ғасырда ғана енген.Әжетханалар сайысы
Былтыр Қызылжарда әжетханалар сайысы болды. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған мұндай дода талайларға таң көрінгені рас. Супермаркеттер мен дәмхана, дүкендерден, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер де әжетхана атағы үшін сынға түсті. Жеңімпаздарға әжетхана жабдығын шығаратын ең үздік фирманың өнімі сыйға тартылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл еріккеннің ермегі емес, қоғамның назарын тазалық мәселесіне аудару болыпты.
Әжетханалар күні
Бұл атаулы күн 2002 жылы 19 қараша деп белгіленген. Осы жылы ең таза әжетханалар елі саналатын Сингапурде әжетхана мәселелеріне арналған әлемдік деңгейдегі конференция өткен болатын. Әлемнің 17 елінен 200-ден астам адам қатысып, әжетхананы дамыту мәселелерін талқылады. Әлемде дүниежүзілік әжетханалар ұйымы бар. Олар әжетхана төңірегіндегі мәселелермен айналысады.
Ерубай Құралбаев, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы:
– Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан орындар бүгінде жекенің қолына жалға берілген. Оларды күтіп ұстауы үшін. Абай саябағында, Орталық саябақта, Қошқар ата өзенінің бойындағы қос-қос әжетханалар тозып кетпеуі үшін жалға берілген.