Қазақты қалай саналы қазаққа айналдырамыз? «Сұрауы бар» алаңына қонаққа келген абайтанушы, ғалым, қазақтің биі Омар Жәлел Абай философиясымен қазақтың неге қаны бұзылып кеткенін айтып берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Нalyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.
Ол билік халықты сапалы ету үшін оны бағуы керек деп есептейді. Бірақ ол үшін бұзылған қанды тазарту қажет. Қазіргі билік оған дайын ба?
Абай бірінші қара сөзінде айтады: «Ел бағу? Жоқ ел баға алмаймын. Елге бағым жоқ», - дейді. Неге? Абай үмітін үзіп отыр. Өйткені Сұлтанмахмұт Торайғыров айтады ғой: «Абай кезі қазақтың бұзылғаны. Қара қаққа айналып қызыл қаны», - дейді. Жалпы халықтың қаны бұзылғанда халық бұзыла бастайды. Ал халықтың қанын бұзатын кім? Ол бас бостандығынан айырылып, басқа бір халықтың теліміне түскен кезде халықтың қаны бұзылады. Яғни, отаршылықты айтып отыр. Адам өзі 3 нәрседен тұрады: қан, жан, ақыл. Осы үшеуінің негізі қан. Сол бұзылған әлі қан тазармай отыр, - дейді ғалым, қазақтың биі Омар Жәлел.
Қазақтың қаны бұзылғанын сонау жыраулар заманындағы Бұқардың өзі жырлап кеткені хақ. «Жүзі сары, көзі көк, бастығының аты Поп» дейтін елден келгенін.
Қазақтың қаны қалай бұзылды дегенде Бұқар жырау айтады: «Күнбатысты бір дұшпан, Ақырда шығар сол тұстан» дейді. Орысты айтып отыр. «Күн шығысқа қарайды, шашын алмай тарайды. Жүзі сары, көзі көк, бастығының аты Поп. Бауыздамай ішер қаныңды, өтірмей алар малыңды, әскер қылар ұлынды». Қазақтың сау қаны бұзылу үшін идеология керек. Яғни, отаршылық идеологиясы. Қазақ деген сауатсыз, мал болған дейді. Әлі күнге дейін соның жаңғырықтары естіліп жатыр, - деп кейіді ғалым.
Күнбатыстан шыққан сол дұшпан қазақтың қанын, ең бірінші ақылын, тілін ауыстыру идеологиясы арқылы тиімді пайдаланған. Қазір соның нәтижесін сорымыз қайнап көріп отырмыз. Әрине, қанды тазалауға болады. Бірақ ол үшін оның бұзылғанын алдымен қазақ билігі мойындауы керек.
Бірінші ақылын, сосын тілін ауыстыру керек деген. Орысша оқытуы керек. Сол кезде адамның ақылы ауысып кетеді. Ақылы ауысқан соң жаны ауысады. Ағылшындар айтады: «Бір тіл меңгерсең, бір жанға ие боласың» деп. Жаны ауысқан кезде, қан бұзылады. Адамның болмысы, субстанциясы қанда жатыр. Қанды бұзған отаршылдық жүйе. Оны қалай тазартамыз десек, алдымен диагноз қойылуы керек. Қазіргі мемлекет диагноз қоя алмай отыр. Орысша сөйлесеңіз, орысша ойлайсыз, орысқа жаныңыз ашып тұрады, - дейді ол.