Жыл өткен сайын адамзаттың орташа өмір сүру жасының ұзарып келе жатқаны байқалады. Әсіресе дамыған ел тұрғындары бұл жағынан алда. Жалпы адамзаттың орташа өмір сүру жасы 1990-2013 жылдар аралығында 65,3 жылдан шамамен 71,5 жылға ұзарған. Ер адамдардың өмір сүру деңгейі 5,8 жылға ұзарса, ал әйелдер 6,6 жылға бұрынғыдан көп өмір сүретін болған. Қазақстандықтардың да «татар дәм-тұзы» жыл өткен сайын ұзарып келе жатқаны байқалады. Мәселен өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 70,45 жасқа жеткен. Бұл 2012 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,84 жылға көбейген көрсеткіш. Алайда салыстырмалы түрде алып қарағанда бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді.
Кімнің ұзақ өмір сүргісі келмейді? Ендеше неге жұрттардың жеткен жасына біз жете алмай жүрміз? Негізінен өмір сүру ұзақтығына елдегі белең алған түрлі ауру-сырқаулар, балалар өлімі мен қан айналу жүйесі аурулары айтарлықтай әсер етеді екен. Жыл сайын халқымыздың жасының ұзарып жатқаны сүйіншілей жария етілсе де жалпы алғанда халқымыздың өмір сүру жасының орташа ұзақтығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағы орта көрсеткіштен біршама төмен. Яғни орташа өмір сүру жасымыз «орташаға» жетпей тұрғаны байқалады.
Мәселен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштеріне сәйкес, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерде - 80,2 жасты, әйелдерде 85 жасты құрайды. Болашақта бұл меже 90 жастан аспақ. Жалпы халқының орташа өмір сүру жасын ұзарту әрбір елдің алға қойған негізгі мақсаты. Осы көрсеткіш арқылы халықтың денсаулығына деген мемлекеттік қамқорлық, сол елдің денсаулық сақтау саласының әлеуеті, халықтың әл-ауқаты сараланады. Қарттықты өмірдің соңы санамайтын талай ел орташа өмір сүру жасы жағынан басқа елдерді басып озуда. Мәселен Жапония сияқты елдерде халықтың орташа өмір сүру жасы 90-ға жуықтады. Ал бұрынғы кеңестік республикалардағы халықтың орташа өмір сүру жасы өзге дамыған елдерден айтарлықтай төмен.
Мамандар өмір сүру ұзақтығының төмен болуының негізгі себептеріне ерте өлім жітімге, мүгедектікке әкеліп соқтыратын аурулардың пайда болуымен түсіндіреді. Осы орайда жыл өткен сайын түрлі аурулардың «жасарып» бара жатқаны еліміздегі мамандарды алаңдатып отыр. Өйткені қай ауру түрі болмасын адамдар өмірін қысқартуға елеулі әсерін тигізеді.
Елбасы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын ұзарта түсу жайлы ғалымдар мен Үкімет алдына тапсырма қойды. ҚР Статистика агенттінінің 2009 жылы жүргізген соңғы санақ нәтижесінде, Қазақстанда жасы жүзден асқан – 26 адам ғана тіркелген. Осылайша еліміз халқы ұзақ жасайтын жүз елдің қатарына әлі кіре алмай отыр. БҰҰ Даму бағдарламасының 2012 жарияланған 199 елді қамтитын адамның орташа жас ұзақтығы рейтингісінде Қазақстан 138-орын алған. Мақтанарлық нәрсе емес, әрине. Әйтседе бірқатар дамыған елдерде азаматтардың өмірін ұзарту шарттарын қалыптастыруға бағытталған ұлттық стратегиялар қабылданған. Мәселен, АҚШ-та 2010 жылы денешынықтырумен айналысатындар санын 80 пайызға арттыру, темекі тартатындарды 12 пайызға кемітіп, артық салмақтағыларды 40 пайыздан асырмау сияқты мақсаттар қойылған екен. Оған қоса, үнемі жеміс-жидек және көкөністі тұрақты пайдаланатындар санын өсіру бойынша да міндеттер белгіленген көрінеді. Ал біздің елімізде орташа өмір сүру жасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген жастан әлдеқайда төмен болып тұрса да бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Мемлекеттің басты байлығы адам екенін ескерсек, халқымыздың жасын ұзарту мақсатындағы іс-шаралар бізге де керек екені байқалады...