Қазақстанда 800-ге жуық жыныс мүшесі туа бітті дамымай қалған әйел бар. Бұл туралы NUR.KZ порталына А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының профессоры, өңеш хирургы Шәкір Жораев мәлімдеді.
«Еліміздегі сирек кездесетін аурудың бірі бұл қыздардың туа бітті жыныс мүшесінің яғни, қынаптың болмауы. Медициналық атауы – агенезия. Бесіктегі баладан кәрі кемпірдің арасында осындай ауытқушылықпен туылған 800-ге жуық отандасымыз бар деп нық айта алам. Мүмкін одан да көп шығар.
Көбісі бұл ауруды жасырады. Себебін, өздеріңіз жақсы білесіздер. «ҰЯТ». Қыздардың қымсынып, қысылуы. Салдарынан өмір бойына күйеуге де тие алмай өтеді.
Ал арасында көзі ашық ата-аналар балаларын кішірек кезінде шет елге апарып, ота жасатқызып жатады. Қалтасы көтермегендер өмір бойына жалғыз басты ғұмыр кешіп қала береді».
Шәкір Шүкірұлы қыз балалардың қиын жолдан шығу үшін шетел асып емделгенімен, болашақта олар ана бола алмайтынын айтады. Алайда, күйеуге шығып, отбасылық өмір сүруіне еш кедергі жоқ.
Шетелдік дәрігерлер науқастардың қынабын денесіндегі құрсақ қуысынан тігіп беріп келген. Алайда, ол жасанды екені білініп, жайсыздықтарын көбі сезініпті.
Шәкір Шүкірұлы — қынапты тік ішектен тігіп, туа бітті ауытқушылықты табиғи жолға айналдырған тұңғыш профессор.
«20 жыл бойы акушер-гинекологтарға айттым. Қынапты тік ішектен тігуге болады деп. Ешкім тыңдамады. Жақында емдеу орталығына қынаптың дамымау диагнозымен 16 жастағы қыз келді. Соны шетел асырмай, тік ішегінен кішкене кесіп алып, жыныс мүшесіне жалғадық.
Бойжеткен тез сауығып, оқуын жалғастыруда. Бұл жайтты жақын бір-екі туысынан басқа ешкім білмейді»
Алтын қолды абзал жан ерекше ота түрін жастарға үйретіп, өзі оны дамытуға бет бұруда. Ал, осындай науқасқа шалдыққандарға қорықпай жергілікті дәрігерлерге жүгіну керек деп кеңес береді.